» » Өркениет өрісіндегі Елорда

Өркениет өрісіндегі Елорда

ПОЙЫЗ ЖҮЙТКІП КЕЛЕДІ. БҰРҚЫРАҒАН ТЕМІР ҚҰТЫДАҒЫ ЕТ. ЫСТЫҚ БУЫ ТЕҢСЕЛЕ ШЫҚҚАН ШАЙ. БІР-БІРІН ТАНЫМАСА ДА АРҚА-ЖАРҚА ҚАУҚЫЛДАСҚАН ЖОЛАУШЫЛАР. АЛ ТЕРЕЗЕДЕН ЖАЗЫҚ ДАЛАНЫҢ КЕҢДІГІ КӨРІНЕДІ.

– Ата, қайда барамыз?
– Астанаға балам.
– Астана? Ол үлкен қала ма?
– Әрине, еліміздің бас қаласы, мақтанышы. Ұзақ жыл өтпесе де жарқырап, жайнап келеді. Сені осында жазғы демалысыңа қыдыртуға алып келемін. Еліңнің, жеріңнің тарихын білуің керек. Сәл шыда. Жетіп те қалдық, – деді атам алыстан көрінген жарық шамдарға тебірене.
Бала жүрек асық. Дүрсілін естісеңіз ғой. Ол кезде ауылдан қалаға шығу үлкен бақыт еді. Сондай бақыттың бірі менің балалық шағыма бұйырыпты. Сұрақты көп қою, әр нәрсеге қызығу кішкентайларға тән емес пе? Пойыздан түсе сала әсем қаланың кереметіне аң-таңмын. Анау не, мынау не? Әйтеуір бітпейтін сұрақ.
– Астана – қазақ елінің бас қаласы, әлемге танылған жас қала. Біз жаңа ғасырға, жаңа мыңжылдыққа өркениетті ұлт ретінде, тарих сахнасына егеменді ел ретінде ендік, – деп әңгімесін бастаған атам саябақтағы орындықтың біріне жайғасып, әңгімесін қайта жалғады.
– Өткен ғасырда археологтар Ақмола жерінен көне қаланың орнын тапқан. Бозақ қазіргі астанадан небәрі 15 шақырым жерде орналасқан. Қалашық Х-ХІІІ ғасырларда гүлденді. Сол кездегі әйгілі Жібек жолы бойындағы сауда орталықтарының біріне айналды. Әрі Бозақ қыпшақ билеушілерінің ордасы болған. Міне, Елбасының астана орнын арқа төсіне таңдауы кездейсоқ емес, – деді ол басын шайқай.
Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдағанын, ресми көшіру 1997 жылы 10 желтоқсанда жүзеге асқанын, Елбасының 1998 жылғы 6 мамырдағы жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілгенін алғаш атамнан естідім. Тарихты, елінің өткенін, даталарды жақсы көруші еді. Оны немерелерінің құлағына құйып өсіруді парызым деп санады. Осылай алғаш Елордаға барып зәулім-зәулім ғимарат бүккен сырларын ашқандай едім. Дәстүрлі жазғы демалыстағы саяхатымыз соңғы 7 жылда үзілді. Сол кездегі атамның «Елорда күн санап жайнауда. Оның әрбір жетістігін қағазыңа түртіп отыр» дегені әлі есімде. Бірнеше жылдан соң Астана емес, даму белесіндегі қазіргі Нұр-Сұлтанға аттандым. Атам екеуміз жүріп өткен жолмен саябақтың орынтағына жайғастым. Үлкендер айтқан әңгіме ойыңнан мүлдем кетпейді екен. Кассета іспетті сайрап тұр. Расымен қала одан әрі әсемдене түскен. Бір-біріне соқтығысқан адамдар, жүйткіген көліктер, үлкен ғимараттар. Қайнап жатқан тіршілік. 22 жыл ішінде алып шаһарға айналған. Елорданың символы болған «Бәйтерек» кешені қаланың тұмары іспеттес. «Бейбітшілік және келісім» сарайы, «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы, теңізден алыс орналасқан океанариум «Думан» орталығы, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театры, Орталық Азиядағы ірі мешіт – «Әзірет Сұлтан» мешіті, Әулие Успен Богородица кафедралдық соборы, Әулие Мария Архиепархиясы рим-католиктік кафедралдық соборы, «Бейт Рахель Хабад Любавич» синагогасы, «Қазақстан» орталық концерт залы, «Қазақ Елі» монументі, Қазіргі заманғы өнер музейі мен Президенттік мәдени орталық ғимараттары көздің жауын алады. Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең биік ғимарат – «Әбу-Даби Плаза» кешені де менмұңдалап тұр. «Алау» мұз айдыны, жаңа спорттық нысандар арасында 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионы, 2011 жылы әлемде үздік деп танылған, 10 мың орынға арналған «Сарыарқа» бірегей велотрегі тағы бар.
Жаңа заманның жаңа технологиясы әлеммен қатар қарыштап дамуда. Мұны «ЭКСПО-2017» әлемдік көрмесінен аңғаруға болады. Қаланың қойған нысанасы да бар. Ол – әлемдегі ең «ақылды» қалаға айналу. Бұл – келешектің кемел қадамы демей немене?!
6 шілде – Елорданың туған күні. Бүгінде астанамыз дүние жүзіндегі әсем де жас қала ретінде танылуда. Нұр-Сұлтан – елдігіміздің нышаны. Егемен елдің қауызын енді ғана ашқан, жұпарлы жауқазыны. Бас қала арманқиял мен сан қилы тағдырларды бір арнаға тоғыстырған әсем қала. Бала күнімнің естелігі, атам айтқан тарихымыздың бір бөлігі. Иә, өркениет өрісіндегі біздің Елорда осындай!


Айнұр ӘЛИ

04 шілде 2020 ж. 791 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 304

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 401

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930