» » Мамандық таңдауда қателесуге болмайды

Мамандық таңдауда қателесуге болмайды

Биылғы оқу жылы да соңына жетті. Мектеп оқушылары жыл бойы білім нәрімен сусындаған оқулықтарын тапсырып, кезекті демалысқа аттанды. Ал жас түлектер алда күтіп тұрған үлкен сынаққа қызу дайындалып жатыр. Іштей білім ордасына деген қимастық сезімдері байқалады. Расымен, 11 жыл бойы білім алып, ақыл түйген екінші үйді оңай қиып кету мүмкін емес. Дәл осы жерде талай дос тауып, өмір сабақтарын түйді. Енді оларды сынақ пен таңдау күтіп тұр. Барлығының көкейінде "Қай саланы таңдап, үлкен өмірде қандай мамандық иесі боламын?" деген сұрақ бар. Шынында қай мамандықты таңдаған дұрыс?


Өмірде жар мен мамандық таңдаудан қателесуге болмайды деген. Алдағы күнде бақыт пен байлыққа кенелтетін де осы екеуі. Дегенмен, қазір мамандық таңдау да оңай шаруа емес. Сол себептен жас түлектерге бүгінгі күнде ең танымал әрі сұранысы көп салаларды ұсынуды жөн көрдік.

Қазір ақпарат қарыштап дамыған кез. Сол үшін бүгінгі күнде IT маманның әлеуеті жоғары. Әлемдік сарапшылардың пайымдауынша әлі жарты ғасыр уақытқа жуық осы маман иелері үлкен сұранысқа ие болады. Компьютер жадынамасы, смартфонның қосымшалары әлем елдерінде үлкен сұраныста. Ал бұл істе алдына жан салмайтындар дәл осы саланы игерген жандар.


Менеджмент мамандығын көбі түсіне білмейді. Десе де осы салада қызмет етушілерге сұраныс көп. Топ-менеджер – ұйымда, кәсіпорында жұмыс істейтіндерді басқарып, алға қойған мақсатқа жетуді ұйымдастырушы. Елімізде компаниялар мен холдингтер саны өте көп. Сол мекемелердің жұмысы алға басып, дамуына бірден-бір себепкер топ-менеджерлер. Жоспарды сан-қырлы зерттеп, түрлі даму стратегиясын құру, жаңа кадр қабылдап олардың жұмысын жіті бақылау менеджердің қолынан келетін іс.

Қай уақытты алып қарасақ та адамдардың түрлі ауруға шалдығып, өзін жайсыз сезінуі кездеседі. Оларды емдеп, аурудың алдын алатын ақ халатты абзал жандар. Сол дәрігерлерге деген сұраныс ешқашан төменгі сатыға түскен емес. Өз ісінің білікті маманы, түрлі қиындықтан шығар жолды табатын абзал жан жұмыс көзін оңай табады.


Бүгінде ұшақтардың аэропортқа қонуы автобустың аялдамаға тоқтау санымен теңесіп қалды. Күн сайын жердің бір нүктесінен екінші бір жеріне мыңдаған ұшақ ұшып-қонады. Кезекті сапарына аттанған жүздеген адамның амандығы ұшқыштың біліктілігі мен білімділігіне тікелей байланысты. Сол үшін бұл мамандарды мыңның ішінен іріктеп алады. Сынақтан сүрінбей өткендерге жақсы жұмыс орны мен жоғары жалақы да дайын.

Рас, әлемді бүгінгі күнгі экология қатты алаңдатады. Ауаның ластануы, орман өрті мен қуаңшылық өндіріс пен адам денсаулығына кері әсер етеді. Осы қиындыққа қатты алаңдайтындар эколог болып, жамандықты болдырмауға барынша тырысады. Көп елде бұл маман иелерін қуана-қуана жұмысқа алып, жер ананың жағдайын жақсартуды қолға алды.

Химиктердың жұмысы қарыштап дамып, күнде жаңа бір элементті зерттеп жатыр. Олардың көмегімен түрлі қасиетке ие жаңа заттар ойлап табылуда. Сондай-ақ басқа жанар-жағармай түрін шығару үшін де тынбай еңбектенуде. Олар көп сұраққа жауап тауып, бірнеше жаңалық ашылары сөзсіз.

Беделді әрі жоғары айлық төлеумен қатар аудармашыларды әлем елдерінде саяхаттау мен жаңа таныстар күтіп тұр. Өзге тілді меңгерген жанға жұмыс ұсынып, көп мүмкіндік сыйлайтын еңбек көзі елімізде жетерлік. Сондықтан өзге тілді жетік меңгерген тілмаш жұмыс табуға қиналмасы сөзсіз.

Тіс дәрігері ежелден белең алған мамандық болса да өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ең алғашқы дантист біздің заманымызға дейінгі ХХVII ғасырда өмір сүрген ежелгі египеттік Хесир. Ал ол ашқан еңбек жолын жалғастырып, халыққа қызмет ету үшін терең білім алу және профессионалды даму қажет-ақ.

Заңгерлік саланы таңдаған адамды түрлі еңбек орнындағы жұмыс күтеді. Міндеті адвокатқа мүлде ұқсамайтын прокурор, құжатпен жұмыс істейтін нотариус, қылмыстық істі зерттейтін тергеуші – мұның бәрі осы саланың мамандықтары. Заңгерлік дипломның иесі болсаңыз өзіңізге ең жайлы жұмыс орнын таңдау мүмкіндігі бар.

Халықты жедел түрде жаңалықпен қамтып отырған журналистерге де сұраныс аз емес. Интернет желісінің дамуы мен әлеуметтік желілер пайда болғалы бұл сала өзгерді. Қазір адамдарды тек жаңалықтан хабардар ету аз. Енді олар оқырмандарымен кері байланыста болуға, оң және теріс пікір естуге дайын болуы керек.

P.S.
Біз сізге тек сұранысқа ие мамандықтардың тізімін ұсындық. Алайда, жаныңызға жақын, қолыңыздан келетіндей саланы таңдаған дұрыс. Өз ісінің білікті маманы болып, жұмысын сүйетін жан қай кезде де үлкен сұранысқа ие болары сөзсіз. Адамның құлауы мен жылауы да, байлығы мен жайлығы да тікелей өзіне байланысты екенін естен шығармаңыз. Сұранысы жоғары әрі ең қиын мамандық – адам болып қалу өмірде.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ
27 мамыр 2020 ж. 1 339 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930