Оқушыларға кеңес берді
Адам өмірге келгеннен кейін екі нәрседен жаңылыспау керек: біріншісі – мамандық таңдау, екіншісі – жар таңдау. Оның ішінде мамандық таңдау, яғни кейінгі өмірде өкінбейтіндей, өз қабілеті мен бейімділігіне сай кәсіп түрін таңдау. Бұл – өте жауапты және маңызды іс. Мамандық таңдау үшін адам ең алдымен өзін, бейімділігін тануы қажет.
Осы тақырып шеңберінде А.Жанпейісов атындағы №105 мектеп-лицейде мектеп директорының бейінді бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары Д.Байғараевтың ұйымдастыруымен 9-сынып оқушылары арасында «Мамандық таңдау – маңызды іс» атты дөңгелек үстел өтті. Пікір алаңына түрлі сала мамандары қатысып, ата-аналар және оқушылармен ой бөлісті.
Шара барысында аграрлы-техникалық колледждің оқу ісінің меңгерушісі Әбдікәрім Жұбанышев алпыс жылдық тарихы бар аталмыш білім ордасында тоғыз мамандық бойынша мамандар даярлайтынын және оларға мемлекеттен грант бөлініп жатқанын айтса, аудандық өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Бостан Құндақбаев кәсіп ашамын деген жастарға мол мүмкіндік бар екенін, ол үшін арнайы жоба дайындау керегін сөз етті. Пікір алмасудан кейін оқушылар мамандық таңдау туралы видеороликтер көріп, кеш қонақтарына сұрақтарын қою арқылы тұшымды жауап алды.
Мамандық таңдаудағы салғырттық пен немқұрайлық кешірілмейтін іс. Мамандық таңдау – болашағыңды айқындаудың өлшемі. Демек, одан қателесуге болмайды.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ,
«Қармақшы таңы».
Пікір 1