Мамандық таңдау - өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау
Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Қазақ "Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі - жар таңдағанда, екіншісі - мамандық таңдағанда" деп бекер айтпаса керек. Өз жаныңызға жақын мамандықты іздеп табу да барынша күрделі жұмыс.
Қазіргі кезде жас жігіттердің басым бөлігін әскери қызмет қызықтыратыны белгілі. Олардың қатарында «өрт сөндіруші – құтқарушы» мамандығына қызығушылық танытып жатқандар аз емес. Бұл мамандық ең игілікті деп бекер айтылмаған, себебі өрт сөндіру, адамдарды құтқару нағыз ерлік. Қиын әрі аса қауіпті жұмыс болғанымен, көптеген ер-азаматтар осы мамандықты таңдауда.
Осы орайда «Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Жосалы кентіндегі №5 Өрт сөндіру бөлімінде осы саланы таңдаған 11 сынып оқушыларына экскурсия өткізді. Экскурсияны Өрт сөндіруші, азаматтық қорғау кіші сержанты Абжаниев Рүстем өткізіп, өрт сөндіру қызметін таңдаған мамандығы бойынша толық мәлімет және өрт сөндіру құралдары және оны пайдалану тәртібімен таныстырды. Өз сөзінде - нағыз өрт сөндіруші шаршауды әрі «қолымнан келмейді» деген сөзді білмейді. Тәуліктің кез келген уақытында, тіпті, аптап ыстық пен қақаған аязда, ол отқа да, суға да түседі. Өрт сөндірушілерде «жауынгерлік есеп» деген ұғым бар. Бұл ұғым - өртке қарсы күресетін өрт сөндірушілер командасының өз есептеріне қашан да жүз пайыз әзірлікте болу керектігін айшықтайды. Осылайша, жүктелген жауапкершілікті арқалаған жандар үшін құтқару, көмектесу деген мақсат күн сайын бірінші орында тұрады. Сонымен бірге, қарапайым тұрғындар үшін қалыптасқан экстрималды жағдай - бұлар үшін күнделікті қалыпты жағдай десе де болады. Өйткені, өрт қауіпсіздігінің заманауи маманы күн сайын түрлі оқыс оқиғалардың алдын алып, адам өмірінің арашасы қызметін атқарады. Сол себепті, олар жақсы дене шынықтыру дайындығын меңгерген, жоғары моральдық сипаттамасы мен психологиялық тұрғыдан мықты көрсеткіштерге жеткен, ой-өрісі жан-жақты, кәсіби білімі терең, деңгейі жоғары маман иесі болуы тиіс. Оқуды тәмамдаған соң, түлектерге мемлекеттік үлгідегі диплом беріліп, арнайы «Өртке қарсы қызмет» лейтенанты атағы беріледі. Түлектер әрі қарай ҚР ТЖМ органындарында және бөлімшелерінде қызметін жалғастыру үшін жолдама алады – деді.
Еліміздің тыныштығын қорғау – әр азаматтың міндеті екен түсінген жастар өз ойларымен бөлісіп, жақсы көңіл күйде тарқасты.
Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығы» КММ