Әжемнің ақ батасы - өмірімнің бақ жұлдызы
Ата дәстүрін ардақтаған, салтын ұстанған қазақ үшін тәрбиенің қайнар көзі біздің әжелеріміз емес пе? Сәбиді бесікке салып бесік жырын айтқаннан бастап, әженің мейірімін, махаббатын сезіне бастайсың. Қарап отырсам, қасиетті қарашаңырақтың туырлығын, берекесін ұстап отырған ата-әжелер секілді. Асыл әжелерімізден тәлім мен тәрбиені алған қыз, келін, ана осы дүниенің төрт бұрышын кемеңгерлігімен, даналығымен нәрлендіріп отырған мен әжемді «әжелердің символы» дер едім. Менің әжем Зинарап 95 жыл ғұмыр кешіп, артына өшпес із, тағылымды естеліктер қалдырды. Ол маған өмірдің мәні, адамдық қасиет, зеректік пен тәртіпті, даналықты, шыдамдылықты өзінің ісі, сөзі арқылы үйретті. Әжем ешқашан ақыл айтып, ақылгөйсуге тырысқан емес, бірақ әрбір әрекеті маған шынайы өмірлік сабақ болды.
Әжеміз қиын-қыстау кезеңдерді көріп, талай ауыртпалықты басынан өткерген. Ол жастайынан еңбектің дәмін татып, отбасы мен туған-туысқа сүйеу бола білді. Оның даналығы, ақылы, жүрегінің кеңдігі бүкіл әулетіміз үшін сарқылмас қазына іспетті еді. Менің әжем он баланы жарық дүниеге әкеліп, «Батыр ана» орденімен, 2009 жылы «Алтын алқа» алқасымен мадақталды. Әжем өз перзенттерін бағып қағуда бар күш-жігерін жұмсаған. Ол «Әр баламның орны ерекше, барлығын бірдей жақсы көремін» дейтін. Балалары да әжені қатты жақсы көріп, қай кезде болсын қуантуға асығып тұратын.
Қазақ халқында «Бала – қымбат, немере ыстық» деген мақал бар емес пе? Әжем немерелерін өз балаларынан да көбірек жақсы көріп, барлық көңілін, мейірімін төкті. Тіпті үлкен әпкелерімнің аналарын қызғанып, «негізінен сенің туған балаң мен емеспін бе?» деп әжеме айтқан кездері де болған. Әжем сол кезде екі жаққа да жақтаспай, жай ғана жымиып қоятын.
Әр астың соңында әжемнің батасынсыз ешкім дастарқаннан тұрмайтын және әр батасында «менің жасымды, бақытымды берсін» деген тілегін қалдырмайтын. Осы сөздердің астарын бәлкім ол уақытта жасым кіші болған соң түсінбеген болармын, бірақ қазір түсінгендеймін. Өйткені мына жалған өмірдегі соңғы күндеріне дейін әжем 35 немере, 53 шөбересінің қызығын көріп, 4 шөпшектің қолынан май жалап бақытқа кенелді. Әжемнің жасаған жасы мен бақытын нәсіп етсе, бұл өмірді армансыз сүрген болар едік. Атап өткенімдей, әжем барлық немересін бірдей жақсы көреді. Десе де ішіндегі маған деген ерекше көзқарасын, махаб батын байқайтынмын. Менің де әжеме деген махаб батым дәл солай ерекше. Ол қыдырып немесе балаларының, немерелерінің үйіне қонуға кеткенде сағынатынмын. Ал бүгінгі таңда ол сағыныш қазіргі сағыныштың жанында дым емес екенін түсіндім. Мен сабаққа шығарда ең алдымен әжемнің, әкемнің, анамның, ағаларымның, яғни отбасымның сәттілік деген сөздерінсіз үйден шықпайтынмын. Сол сәтте әжем әр күн сайын қолын жайып тұрып «Аллам зейініңді ашсын, қатарыңның алды бол, күнделігің беске толсын» деп тілейтіні бар еді. Міне сол тілегі орындалғандай мектебімде алдыңғы қатарда жүріп, мектеп президенті және «Үздік аттестат» иегері болып, жетістікке жетіп күнделігімді беске толтырдым. Қазіргі таңда мектеп табалдырығына кеше ғана қадам басқан, әжемнің ерке қызы мектептегі 11 жылдық оқыған білімін шыңдау үшін емтихан тапсыруда. Әр емтихан тапсырған сайын әжемнің қанатты сөздері демеу бола білді. Батасын беріп, мерейіңді үстем етіп, әрдайым тілекші болып, жылу сыйлап, жүзіңе күлкі сыйлайтын жанның бүгінде жаныңда жоқтығы қиын-ақ. Әйтсе де әжемнің жылы жүрегі мен ыстық алақаны әрбір баласының, немерелерінің есінде мәңгі сақталады. Оның берген батасы мен өсиеті біз үшін сарқылмас қазына болып қала бермек. Алдағы жарқын болашағымда әжемнің айтқан мән-мағыналы сөздерінің арқасында тура жолда жүреріме сенемін.
Әжемнің өмір жолы мен үйреткен тәлім-тәрбиесін, бірге өткен ұмытылмас әрбір сәт пен қызықтарды әлі де ақ парақ пен көк сиямды алып жазар болсам, ақ парағым жетпей, көк сиям таусылары анық. Бірақ та қағаз бетіне сыймаса да, онымен өткен сәттерім жүрегімнің тереңіне мәңгілік сақталып тұра береді.
Расила НҰРЛЫБЕКҚЫЗЫ,
Дүр Оңғар ауылы