» » Апа, мен сені қатты сағындым

Апа, мен сені қатты сағындым

«Әлемнің жарығын
сыйладың сен маған,
Даланың әр гүлін жинадың
сен маған»
Осы әнді естіген кезде көңілім алабұртып, көзіме жас толып тыңдай алмаймын.
2014 жылдың 27 ақпаны мен үшін ауыр күн. Себебі бұл күні асыл анамнан мәңгіге айрылдым.
Мен әжемнің ерке қызы едім. Оған арқа сүйеп апама талай-талай ұрыс естірттім. Кішкентайлармен ауруханада жатқанда оның жағдайын сұрау үшін емес, тек тәттілерін жеуге баратынмын.
Үй жұмысына көмектесу, қолғабыс етуді мүлде ойлаған емеспін. Бәрін мен билеп-төстеуім керек, барлық әдемі маған тиесілі болуы керек. Ол біздің үйдің бұлжымас, орындалуға тиіс заңы. Өйткені мен әжемнің қызымын.
Кешке ұйықтар сәтте әжем «ертең мен кеткен соң сені олар ренжітпесе болар еді» дегенде ешқайда кетпеші деп жылайтынмын. Сөйткен әжем де 1973 жылы мәңгілік мекеніне кете барды.
Мен сол ерке қалпымда бақытты өмір сүріп жаттым. Жоғары оқу орнына түстім, еңбек еттім. Бәрі, бәрі жақсы. Тек апам өмірден өтті. Ішімді бір нәрсе күйдіріп кеткендей. Бірде денсаулығым сыр беріп, ауруханаға түстім. Мені апаммен қоштасу үшін Жеткерген ағам үйге 2 сағатқа дәрігерлерден сұрап әкелді. Сосын қайтадан ауруханаға оралдым.
Жан сақтау бөліміне Күлзи жеңгем мені кіргізіп еді, бірақ апам есін білмейді екен. Менің келгенімді сезді ме, әлде «апа тәуір боласың ертең-ақ» деген дауысымды есітті ме, қолымды қатты қысты. Сол кезде көзінен аққан жас бетіне қарай кетіп бара жатыр екен. Сол менің анашымды соңғы көруім екен ғой. Тілдесе де алмадым.
Ішімдегіні шығарып «Анашым» деп жылайын десем, әжем естіп қоятындай айта алмадым. Мен апамды анамдай емес, жеңгемдей көретінмін. Жек көрмеймін. «Бірақ сені жақсы көремін» деп ешқашан айтып көрмедім. Иә, айтқан жоқпын. Әжем ұрысады деп айтуды да ойламаймын. Бұл күнде менде Нұрислам, Мейіржан, Айназ сынды немерелерімнің әжесімін.
Апам маған көп ақыл айтатын. Ұстаздық жолындағы жеткен жетістіктеріме апамның да үлесі бар. Өйткені анам ұстаз болған, математика сабағынан дәріс берген. Ауылымыздағы ең үлкен құрылыс мекемесі «ПМК-30» мекемесінде кітапханашы болып өмірінің соңғы күніне дейін аянбай еңбек етті. Сонымен бірге барлық қоғамдық жұмысқа мен сияқты кәсіподақ ұйымына басшылық жасады. Ондағы әрбір мерекелік іс-шара апамсыз өтпейтін.
Ауданда құрылған «Әжелер» ансамблінің де белді мүшесі еді. Облысқа, Елордаға дейін барған өнерпаз әжелердің ішінде жүргеніне мақтанатын едім. Егер мен ақын болсам немесе жазушы болсам «менің анам осындай еді деп өлең шығарып, асыл бейнесін қағаз бетіне түсіріп немесе жұртшылық сүйіп оқитындай шығарма жазар едім. Әттең оның бәрі қолымнан келмейді. Тек «неге ғана сені Анашым» деп айта алмадым деген өкініштің өзегімді өртегеніне шыдай алмай еріксіз қолыма қалам алып отырмын, кешірім сұрап отырмын. Соның өзінде «Анашым, жан анам» деуге әлі де әжемнен сескенетін сияқтымын. Нағашыларыма барған кезде шағандықтар «айнымаған апасы» дегенде ішімнен айта түссе екен дейтін сияқтымын. Әрбір туысқанымды көрген сайын көз жасым көл болады. Өйткені апа мен сені қатты, қатты сағындым!
Көзіңнің тірісінде айта алмасам да мен сені жақсы көремін. Сол кезде де жақсы көретінмін. Осы сөздерді жазған кезде менің көзімнен жас парлап, өзіме-өзім ие бола алмай отырмын.
Анашым, жатқан жерің жайлы болсын! Балаларыңның, немерелеріңнің, шөберелеріңнің әрбір жетістігі, әрбір қуанышына ортақтасып, желеп-жебеп жүргейсің!
Бәрімізді өмірге әкеліп, жүрегімізге ізгілік нұрын сеуіп, адамгершілік, сыйластық, бауырмалдық сезімдерін ұялатқаның үшін саған, анашым басымды иемін!
«Жапырағымды жас емендей күнге тоссам,
Қанатыңмен қарлығаш боп су себесің жан ана.
Құба белде құлын болып құлдырасам,
Көк майса боп құлпырасың жан ана!» деп ақындар жырлағандай, «сенің айтқан әрбір сөзің – ақ тілегің әркез жадымда...
«Есейіп кетсемде мен саған сәбимін.
Кішкентай сәбиіңмін, аяулы анам».

Рая ЖӨНЕЙТОВА,
Ақжар ауылы
28 наурыз 2021 ж. 1 809 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 046

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031