» » » Әжесі бар үйдің әлемі бөлек

Әжесі бар үйдің әлемі бөлек

qarmaqshy-tany.kz Әр сурет өзінше әлем. Жақында әріптесімнің түсірген суреттерін қарап отырып, бесік тербеп отырған әжейдің бейнесіне көзім түсті. Сондай жылы, ерекше сурет. Өмірдің талай өткелінен өтіп, ақ жаулықты әжей атанған кезінде немере мен шөберенің шуылын тыңдап, кішкентайын әлдилеп отырғанның өзі бір бақыт емес пе? Көзіме оттай басылған бесік тербеткен берекелі әжейдің бейнесі, әже туралы қалам тербеуіме түрткі болды.

Ойланып қарасақ, расымен де әжесі бар үйдің әлемі бөлек. Ата-әженің тәрбиесін көрген менің де әлемім тым бөлек. Олардың ыстық алақанынан дәм татып, жауһар сөздерін санама сіңіріп өскен менде арман жоқ. Қандай жағдайда да сабырлық сақтап, еңсемнің еңсермейтіні, ойымның аласармайтыны – әжемнің үнемі айтатын өнегелі өсиетінің санама сіңуі, бойыма даруы. Бала кезімде ақ сақалды аталарымыз бен ақ шашты әжелеріміздің «Жасымда қаншалықты бейнет берсең, қартайғанымда соның зейнетін көрсете көр» деп жаратқанға жалбарынып отырғандарына талай куә болдық. Бұған қоса олар адам баласының әдемі қартая білуінің өзі баға жетпес бақыт екенін әр сөздеріне тұздық ететін. Ақылға салсақ, қарттар сөзінің жаны бар. Адамның жаратылғаны секілді әркімнің әртүрлі қартаятыны заңдылық. Бірі – қартайған шағында үрім-бұтағының ғана емес күллі жұрттың ықыласына бөленіп, ардақтысына айналса, енді бірі – бала- шағаның берекесін қашырып жүріп, берекесіз «шал-кемпір» атанатыны шындық. Қалай дегенде де Алланың берген ғұмырын әркім өз ақыл-парасатымен мәнді етпек.
Қазақ отбасындағы ата мен әженің орны ерекше әрі қадірлі. Әже – отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, ағайын-туғанның, абысын-ажынның бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ қоғамында әулетті тура жолдан тайдырмай, жеткіншіктерді жастайынан адамилықтан алыстатпай тәрбиелеу үрдісінде ақ жаулықты «әжелер мектебінің» алар орны қашанда бөлек болған. Себебі әжелер өнегесі – ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, ғасырдан-ғасырға жалғасатын тәрбиенің таусылмас қайнар көзі. Бұл – ұлттық болмысымызға тән қасиет әрі құндылық. Қарымды қаламгер Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Ал бұл сөздің өз мәнінде жүзеге асуының түп негізін әжелер өнегесінен аламыз. Кез келген адамды, ең алдымен өз елінің салт-дәстүріне деген жанашырлыққа, ұлттың ұлы мұратына деген адалдыққа, Отанға деген шынайы тазалыққа үйретер – әже екені айдан анық. Бесік басындағы әжелер әлдиінен басталған тәрбие – сол ұрпақ болашағының бұлыңғырсыз болуына да алтын арқау. Бесіктен тамыр тартқан тәрбие келе-келе әже мен немере арасындағы көзге көрінбейтін нәзік байланысқа, екеуі жазбай түсінетін ортақ психологияның қалыптасуына алып келген. Обал, сауап, ынсап, парыз, аманат, борыш, қанағат секілді ұғымдар маңызының айқындалып, бала санасына тереңнен сіңуіне де әже ықпалы айрықша. Яғни, әрбір отбасындағы әже тұлғасы – ұлы өнеге бұлағы.
Қазақ қоғамының сүт бетіндегі қаймағындай болған азаматтарының, тарих парағына есімі өшпестей етіп қашалған тұлғалардың қалыптасуында да әжелердің сіңірген еңбегі зор болған ғой. Мәселен, Абайдың Зере әжесі, Шоқанның Айғаным әжесі, Мұхтардың Дінәсіл әжесі олардың азаматтық болмысының өз тұстастарының ара- сынан дараланып шығуына, ішкі күш-қуаты мен асқақ рухының ерте жетілуіне, көкірек көзінің ашық болуына әсер етті емес пе? Тек қазақтың ғана емес, басқа да халықтардың тарихта аты қалған тұлғалары бойындағы бар құндылықтың ана-әжелерінің ақ сүтінен дарығандығы және оны солардың өзі мойындап кеткені – шындық. Бұл мысалдардың барлығы – ақ жаулықты жандардың ұлағатын айна-қатесіз көрсетеді. Демек, ұрпағын жаза басудан сақтандырып, қайта өнегесімен өрісін кеңейткен әжелер болған. Бола да береді.
Десек те, дүние жаһандану кеңістігіне қарай ойысып, жан-дүниеміз батыс, шығыстан жеткен «сыртқы күштермен» жаңаланып бара жатқан мына заманда біз осыбір рухани құндылықтан ажырап, яғни әжелер салған ізгі жолдан жаңылмасақ екен. Әжелеріміз әрбір үйдің берекесі, шаңырақтың құты, әулеттің ақылшысы, немеренің өнегесі болып аман отырса екен. Бұл ең әуелі, бүгінгі жас бала, ертеңгі ел тұтқасын ұстар азамат бойындағы ең ізгі құндылықтарды дөп басып тауып, оны нұрландыра түсудің әдемі бір үлгісі.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА

28 желтоқсан 2022 ж. 1 393 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 023

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031