Әже тәлімі

«Қарты бар ел – қазыналы ел» демекші, өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестері, тәлім-тәрбиесімен бүгінгі ұрпаққа үлгі болатын жандар ауданымызда жетерлік. Осындай жанның бірімен Қармақшы ауылындағы іс-сапар барысында таныстық. Ауыл құрмет тұтатын өнегелі жанның бірі – Әлимаш Жанқасқа.
Есіктен кірген сәттен керемет көріністің куәсі болдық. Сексеннің бел ортасына келген әжеміз бесік тербетіп, немересін әлдилеп отыр. Амандық-саулықтан соң, келген қонаққа төрін ұсынған әдемі әжемізбен әңгімені бастап кеттік.
Негізінен әже – отбасының алтын қазығы. Ал әжелер өнегесі – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы құндылық, тәрбиенің қайнар көзі. Әже тәлімін алып, есімі елге аңыз болған тұлғалардың бар екенін де тарихтан жақсы білеміз. Қазақта ата-әженің тәрбиесін көрген бала басқаша болады. Өйткені ауыл үлкендерінің жанында жүріп, олардың өнегелі әңгімесін тыңдап өскен баланың сана-сезімі өзгелерден ерекше қалыптасады. Дүниеге келген сәбиге құшағын ашып, бесік жырымен әлдилеп, ес білгенде ертегі жырмен сусындататын да осы – әже. Біз айтып отырған әжеге тән асыл қасиеттерді бойына жиған Әлимаш  әжей де осындай үлгілі жандардың қатарынан.
Салт-дәстүрді сақтап, өзінен кейінгіге жалғастыра білген әжеден үйренер дүние де мол.
– Мен 1937 жылы Қызылтам елді мекенінде тудым. 10-сыныпты бітірдім. Ол кездерде «Қыздарға оқу керек емес» деген түсінік болды ма, әкем оқытпады. 18 жасымда тұрмысқа шықтым. Отағасы күріш, жүгері екті. Ол уақытта жүгері құнды болатын. Жолдасым трактор айдаса, мен де оны тізгіндеп үйрендім. Күріштікке барғанда аспазшы болдым. Қай кезде де қасында қолымнан келгенін істеп, көмектесіп жүремін. Кейіннен қой бақтық. Жақында перзенттерім 85 жасқа толғаныма келіп, бір қуантып кетті. Аллаға шүкір деймін, осындай нығмет бергеніне. Балаларым мен келіндерім көңіліме қарайлап, сый көрсетеді. Үлкейген кісіге мұндай ықыластан артық не керек, – дейді әжеміз.
Кезінде кеңшар, ұжшар уақытында шаруаға жастайынан араласқандықтан, еңбек ол кездің адамдарын ерте есейткен. Марқұм жолдасы екеуі ата кәсіп – мал шаруашылығымен айналысқан. Олардың отбасын ауылдастары белгілі шопан болған деседі. Әжеміз қай кезде де жолдасының жанынан табылып, екеуі де күндіз-түні мал соңында жүрген. Әлимаш әже 9 құрсақ көтерген алтын алқалы ана. Қазіргі таңда 8-інің көзі тірі. Алды алпысты алқымдаса, кенжесі қырықтың қырқасына шыққан. Әрқайсысы еліміздің әр қаласында табысты еңбек етіп, ел экономикасының өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып келеді. Немере-шөбересінің санын сұрағанымызда «Баланың санын айтпаушы едім, Аллаға шүкір, бар. Біреуі міне жатыр ғой» деді бесіктегі әлдиге сүйсіне қарап. Салтты сақтаған қазақы болмысты әжемізге тағы да сүйсіндік.
– Апамның мінезі ашық, кісі жатырқамайды. Көпке өзінің жайлы мінезі, кеңпейіл көңілімен үлгі болып келеді. Менің де 5 перзентім бар. Осы баланың барлығын апам өзі өсіріп берді. Немерелері әліге дейін әжесінің бауырында жатады. Балаға да ерекше мейіріммен қарайды. Оларға аманат, тағдырдың үлкен сыйы ретінде қарауды үйретіп, оны біздің бойымызға да дарытуда, – дейді қара шаңырақтағы келіні Ләззат.
Еңбекпен есейген әжей тыл ардагері ретінде Ұлы Отан соғысына 70 жыл, 75 жыл мерекелік медальдарымен, бала санына орай күміс, алтын алқамен марапатталған.
– Біз әжемізбен мақтанамыз, әрі қатты жақсы көреміз. Ауыл болып ол кісіні сыйлайды. Дүниеге келген күннен бері әжеміздің бауырындамыз. Ол кісінің өмірден көрген-түйгені мол. Өзінің өміріндегі ерекше оқиғаларды бізге айтып отырады. Әжемізбен әңгімелессек, кітап оқығандай боламыз. Мектеп табалдырығын аттамастан бұрын түрлі ертегі, тақпақ, баталарды үйретіп қоятын. Соның әсерінен болар сөздік қорымыз мол. Әжеміз ауырмай, ортамызда жүз жасап жүре берсін, – дейді немересі.
Иә, өнегелі отбасынан үлгілі ұрпақ өседі. Ал Әлимаш әжей немере-шөбересінің қызығын қызықтап отырған мәуелі бәйтерек. Үлкенін сыйлай білетін, бір-біріне құрметпен қарайтын отбасы нағыз берекенің бастауы. Берекелі тірліктің тірегі болып отырған әжейге біз де ұзақ ғұмыр тілейміз. Шаңырақтың шырақшысы, әулеттің ақылшысы болатын осындай дана әжелеріміз көп болсын.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
04 мамыр 2022 ж. 1 176 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 031

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031