» » ТЕНТЕКТІ ҚАЙТСЕК ТЕЗГЕ САЛАМЫЗ?

ТЕНТЕКТІ ҚАЙТСЕК ТЕЗГЕ САЛАМЫЗ?

Жаз басталса демалыс елестейді көптің көзіне. Өйткені жаз жастардың ауылға оралып, туған жерімен қауышатын уақыты. Бірақ... «Бірақ» бұзады сөз арасын. Әні біреуі орынтақты (скамейка) былай да былай ауыстырып, ыңғайына жаратыпты.  Әлгінде ғана жаңартылған саябақтың шамын тағы сындырыпты. Ананы бүлдіріпті, егесін «күйдіріпті». Бұл әрекетті «вандализм» десек, орындау­шысы – жастар. Ал оларға қашан тоқтау қоя аламыз?
Вандализм кеше ғана пайда болған жоқ. Тарихы сонау ертеде жатыр. Рим империясында пайда болған. Түп мағынасы «қиратушы», «сындырушы» дегенді білдіреді. Рим империя болып тұрған шағы екен. Мәдениеті осал тайпалар Римнің архитектуралық құрылысын қи­ратса керек. Содан осы термин соларға телінген.
Одан бері ғасыр өтті, дәуір көшті. Алайда бас бұзарлардың әлі де бар екені қынжылтатыны рас. Алыстан арбаламай, жақыннан дорбалап көрейікші.  Аудандағы ардагерлер аллеясы нағыз гүл­зарға айналған. Мұнтаздай таза. Гүлмен көмкерілген аллея демалыс орнының біріне айналып келеді. Десе де жақында ғана жаңартылған шамын әлгінде біреу келіп сындырып кетіпті. Оны қарапайым жұмысшы жинайды, реттейді. Ал сенделген біреуі кеп ойыншықпен ойнағандай күлін көкке ұшырады.Демек ван­дал­дардың дәуірі әлі өткен жоқ деген сөз.
«Лихие 90-е» дегенді естіп пе едіңіз? Бұл жылдары көшеге құрылыс жасау мүмкін емес болған. Олай емес пе? Жарық салса сындырады, орындық қой­са қиратадының кері.  Бірақ араға біршама уақыт салып бұл мәселенің беті бері қарағандай болды. Халықтың жағдайы жасалды, тұрмысы түзелді. Демек сана да көтерілді деген сөз. Бірақ... Мәселенің қайсысы болмасын осы бірақтан туындайды. Қандай да бір жарық түссе көлеңкеңіз қатар жүретіні анық қой? Сол секілді мәдениет дамыған сайын оның көлеңкесі де үлкейе түседі.
Бірде біздіңше «СПТУ-дың» артқы жағымен яки Меңей батыр көшесімен өтуге тура келді. Көне ғимарат болса да, әзірге жарап тұр. «Қоқыс тастауға болмайды, айыппұл 5000 теңге» деген ескерту ілінген екен. Соның астына «өтірік» деп қара бояумен шимақтапты. Алыстан-ақ  көзге «ұрады». Кей тұр­ғынды өз қоқысын жинап жү­руге үй­рете алмай жатқанда мына «әзіл» қарнымызды аштырды. Сү­лей­менов көшесіндегі сондай белгінің де жарты сөзін бояумен өшіріпті. Ескерту тақтайшада не ақысы қалды екен?
Негізінде вандализммен қатар граффити ұғымы бірге жүреді. Граффити – нысандарда түрлі-түсті бояу­мен салынған сурет. Ал біз­дегі граффити емес, жабайылық. Әрине қаладағыдай үлкен-үлкен ғимараттар жоқ. Бірақ жазуға болады екен деп көрінген жерді шимайлау – нағыз көше қасіреті емес пе?

Назира ТӨЛЕГЕНОВА,
кент тұрғыны:
– Бұл – адамның ішкі мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Ауданда осындай жағдайлар болып жа­тыр. Демалыс орындарымыздағы тарихи ескерткіштер мен орындықтарды, жарық шамдарды сындырып-қирату «сәнге» айналған секілді. Басты мәселеміз де осы. Халыққа пайда тигізудің орнына тым жақсы дүниелерді қиратамыз келіп. Оның барлығы жас­тардан шығады. Әрине көпке топырақ шашпаймын. Дегенмен анығы осы. Кейінгіні тәрбиелеу үшін алдымен өзіңді жөнге салған дұрыс. Бұл әлімсақтан қалған қазақы қағида.

Ұлболсын БАЗАРБАЙҚЫЗЫ,
зейнеткер:
– Осыдан біраз жыл бұрын газет бетінен сұмдық оқиғаны оқығаным бар. Кеңес Одағы ыдырап тұрған кез. «Жоқтық не істетпейді». Десе де қазақ қандай заманды басынан өткізбесін бұл қылмысты ақтау мүмкін емес. Себебі бейбіт күнде бейіт жағалап, аруақты мазалау адамгершілікке де, имандылыққа да жатпайды. Дүниеден өткен адамның мәйітін ашып, аузындағы алтын тісін қағып алғандар өз жазасын алған да болар. Бұл да соның кері секілді. Қай ата-ана балам жаман болсын дейді? Сондықтан өскен, етек-жеңін жиған соң бала деген өзін-өзі тәрбиелей алуы керек. Өмірге бейімделуі қажет. Сананы сілкімей, бұл әрекет тоқтамасы анық.

Әділ ЫБРАХИМ,
жастар ресурстық орталығының директоры:
– Жастар жылы деп біраз серпіліп қалдық. Түрлі шара ұйым­дастырып, сол жастың уақытын тиімді өткізуін қадағалап жүрміз. Қараусыз қалған саябақ қайта қолға алынды. Түрлі ойын алаңқайы балаларға қызмет етіп отыр. Әр жұма мен сенбіде осы «Демалыс» саябағында көңілді кеш ұйымдастырылып тұрады. Бұл – барынша жастардың ойын аулау. Егер демалыс орны болмаса, баратын жер қалмаса іші пысқан жас не істейді? Әрине осындай бұзақылыққа барады.Тентегін тезге сала білген қазақтың ұрпағымыз. Қоғам игілігін бүлдіргенше, оған қолдан келгенше қамқорлық танытуымыз керек.
P.s
Иә, вандализм – мәдениетке жасалған ауыр қастандық. Сондықтан оған қарсы күресті де қатаңдату керек-ақ. Ұсталғанның суреті мен аты-жөнін жазып, қажет болса әрбір көшеге, әрбір аулаға іліп қою керек.  Сонда ғана түзелер. Ал сіз қалай ойлайсыз?

Айнұр ӘЛИ
10 шілде 2019 ж. 1 055 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 159

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930