Саябақ қашан саялайтын орын болады?
Рас, вандализм болды, жастар қиратты дейік. Олар бәрін көтереді. Қайбір көтермей жүр. Қисық көрсек, сынық көрсек жастардың мойнына іле салу әдет қой. Бірақ. Сөз арасына осы бірақ кіріп бәрін бүлдіреді. Бірақ дәл сондай аллея аудан орталығының біршама жерінде тұр. Қирамай-ақ, бүлінбей-ақ. Мәселен, "Ардагерлер аллеясы". Мұнтаздай. Кеш батса осы маңның тұрғындары аллеядан сая табады. Одан бөлек, Көшеней Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің маңы да алыстан мен мұндалайды. Рас, Демалыс саябағындағы ашық аспан астындағы сахна мұнда да бар. Серуендеушілер отырар орынтақ (скамейка), жарықшамдар, қоқыс жәшігі де бар. Бірақ Жыраулар үйінің ауласына күтім бар да, Демалыс саябағында күтім жоқ. Неге? Өйткені жергілікті атқамінерлерде құлық жоқ сыңайлы. Аудан әкімі С.Ысқақұлы кезекті бір жиында саябақты қайта түлету жайын сөз етті. Саябақты қанатының астына алар кәсіпкер іздеп жатқанын да тілге тиек етті. Бірақ, аудан әкімінен өзгесі, яғни кент басшылығы саябақтың бұл жайына көз жұмып қарай ма екен?
Жыраулар үй мен Ардагерлер аллеясын тілге тиек еттік. Мұндағы қыбыр тіршілік қолда барды ұқсатуға жәрдемдесіп отыр. Жыраулар үйінің артында, турасын айтқанда жапсарлай орналасқан жыр майталманы Дүр Оңғардың мүсіні қойылған саябақ та көштен қалған тайлақтай болып тұр. Одан бөлек, жұмыс істеймін, туған жерді түлетемін деген жан қалай да қарекет етеді. Оған мысал да жетеді. Мәселен, кент тұрғыны М.Қаналиев өз күшімен Аудан орталығындағы Т.Көмекбаев пен С.Сүлейменов көшесінің қиылысына 110 түп ағаш отырғызып, жасыл желекке айналдырған еді. Бірақ, кентті көркейтуші кеткен соң, жасыл-желекке мүлдем күтім болмай қалды. Бұл жер де құдды жұртта қалған қоныстай болып тұр. Бізден бір ұсыныс болсын, ұсынысымыз құйтырқылау көрінер, бірақ қолда барды мүсәпір күйге түсіргенше құйтырқы сөз естіген жақсы ғой. Ұсыныс - Демалыс саябағының ішіне және Дүр Оңғар мүсіні қойылған саябақтың да ортасына бір ғимарат салайық. Мәселен, балабақша, болмаса мектеп, тіпті болмаса тағы да Жыраулар үйін салайық. Дүр Оңғар саябағына Дүр Оңғар атындағы Жырау үйін, Демалыс саябағына биыл 150 жылдығы тойланғалы отырған Т.Салқынбайұлының атын берейік те, тағы бір Жыраулар үйін салайық. Біздіңше, сонда ғана саябақтарға күтім болатындай. Аты бар да, заты жоқ боп тұрғаннан осындай қарекетке барайық. Ұсыныс та, сөз қозғау да бізден. Ұсынысымыз қисынсыздау көрінер. Ал жауап құзырлы орындардан болсын. Әрі қарай суреттер сөйлесін.
М.Мақсым