Сапасыз ойыншықтар сан соқтырмасын
8-наурыз мерекесі қарсаңы еді. Досым екеуіміз дүкен аралап сыйлық іздеп жүрміз. Біреу емес, бірнешесін алмақшымыз. Базар дүңгіршектерінің бірінен табылса енді бірде саны жағынан жетпей біраз әуреге салды. Қойш әйтеуір табаннан тозып бір дүкенге кірдік. «Іздегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар» демекші біз сұраған сыйлықтың бірнешесі табыла кетті. Сатушыға алатынымызды айтып, әр сыйлықты орап беруді өтіндік. Уақыт өтем дегенше дүкеннің ішін араладық.
Кенет бір қабырғаны солайымен алып тұрған ойыншықтар сөресіне көзіміз түсті. Көз жауын алған сан түрлі ойыншықтар, бала түгілі мына біздің санамызды тез жаулап алды. Бала күнімізде қол жетпеген сол бір сәт қайта сағындырғандай қызығушылығымызды оятты. Қасымда тұрған жігіт «мына ер баланың ойыншықтарын маған берсе ойнар едім» деп тура менің ойымды оқып қойғандай сөйледі. Расымен менде осы сөзді іштей өзіме айтып тұрған едім. Бірақ біздің бала күнгі ойыншықтарда ерекше еді ғой. Қазіргі арзан қол жалтыраған қытайдікіндей болмаса да, таза табиғи сапалы болатын. Ұзақ жылға дейін сынып қалмай шыдайтын. Тіпті өзіңнен кейінгі іні қарындастарыңа ойнауға бұйыратын. Ал қазіргінің ойыншықтары қандай? Көңіл қоншыта ма?
Қазір, кез келген базар мен дүкенді қытайдың сапасыз ойыншықтары жаулады. Оны балаға алып беруге қорқасың. Себебі, бала ойыншықты аузына салады. Оның қауіпсіздігіне мән бермейді. Өйткені түрлі түсті ойыншықтың қызығына кіріп кетеді. Бүгін алып берсең, ертең баланың қолында шыдас бермей, әп-сәтте істен шығып сынып жатады. Осыдан кейін алаңдап, ойыншық сынып, денесін жарақаттамады ма немесе кішкентай бөлігін жұтып қоймады ма деп отырғаның. Онан қалды басыңды ауыртатын химиялық иісі тағы бар. Естеріңізде болса осыдан бір жарым жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысы мамандары «Лол» атты қуыршақ ойыншығын тұтынбау туралы дабыл қаққан еді. Лол қуыршағына сараптама жасай келе одан баланың денсаулығына зиян, мөлшерден тыс фенол мен формальдегид химиялық қоспасының артық екенін анықтаған. Сол үшін ата-ана ойыншықты сатып алу кезінде баламның көңілінен шықса, әдемі болса болды демей, сапасына бірінші көңіл бөлген абзал.
Байқасаңыз, дүкендерден бөлек қазір дәріханаларда да ойыншықтар сатылады. Бірақ қытай ойыншықтары секілді сапасыз емес арнайы тексеруден өткен.
– Бізге ойыншықтар Шымкент қаласынан келеді. Өзіміздің отандық фирмада жасалған. Сапасы жақсы, балаға кері әсері жоқ. Көбіне шылдырмақ, машина ойыншықтары сатылымға қойылады. Бағасы да қымбат емес қол жетімді. Әсіресе жас отбасылар көп алады. Қазіргі шетел ойыншықтарынан бөлек Ресей мен өз жерімізден шығатын отандық өнімге сұраныс көп келеді, – деді фармацевт Анар Қуанышбекқызы.
Мамандардың айтуынша, бүлдіршін ойыншығы талғамға сай болған жөн. Тауарды сатып алушы түсіне ғана емес, сапасына, педагогикалық-психологиялық, биологиялық, медициналық қасиеттеріне, санитарлық-гигиеналық, техникалық, механикалық қауіпсіздігіне де назар аудару керек дейді. Ал балалар дәрігері ойыншық таңдар кезде ең бірінші жасын ескеру керегін алға тартады. Бір ескертетіні тұтынатын зат төмен сапада болмауы, өткір иісті, үшкір әрі қырлы, майда, тез жұлынып бөлшектенбейтін және қанық түсті болмау керек. Себебі қанық бояу баланың ағзасын улайды.
Ойыншықтардың бәрі отандық болса мүмкін бұлай алаңдамас едік. Көбі шетелден келетін болған соң бағасына қарап сапалы екеніне көз жеткізбесек те қымбатына жүгіреміз. Алайда сапа бағамен өлшене бермейтінін естен шығармайық. Бірақ тым арзанына, базарда ашық дүңгіршекте сатылып жатқан түрін алудан да абай болған жөн.
Ойын, ойыншық десе көз алдымызға құм үстіне асыр сап ойнаған бала күніміз елестейді. Ауылда асық атып, ләңгі ойнаған балалар. Қолдарына шыбықты ат қылып мініп, бірін-бірі қуалап немесе доп тебуге кіріскен інілер. Бір қарағанда ләңгі мен доп тебу, шыбық міну ауыл баласының ұлттық ойыншығы тәрізді. Бірақ сол ауыл қарадомалақтарының ойыншығы Қытайда жасалмаған еді...
Ерсін СӘДУҰЛЫ,
«Қармақшы таңы».