» » АРЗАННЫҢ ТҰЗЫ ТАТЫМАС

АРЗАННЫҢ ТҰЗЫ ТАТЫМАС

Қазіргі таңда кез келген сауда орталығына бас сұға қалсаң, балаларға арналған ойыншық атаулы тізіліп тұрады. Жылтыраған қызылды-жасылды ойыншықтар бала түгілі үлкендерді қызықтырып, көздің жауын алады. Бүгінде ойыншықсыз жүрген баланы көрмейсің. Қайда жүрсе де қолынан тастамайды, тіпті бірге ұйықтап, бірге тамақтанатын ажырамас серігіне айналғандай.
Әрине, ойыншық бала мазасызданғанда оның көңілін аулап алдандырады, ойлау қабілетін дамытады. Алайда, өсіп келе жатқан бүлдіршін үшін зиянды жақтарын да ескергеніміз жөн. Мысалы, Қытайдан шығарылатын ойыншықтардың әуенді дыбысы шамадан тыс екені анықталған. Бұл баланың есту қабілетін төмендетіп, саңырау болу қаупін тудырады.   Сонымен қатар бұл ойыншықты жасағанда поливинилхлорид химиялық элементі қолданылады. Бұл зат ағзаға түссе, жинала келе адамның қорғаныс қабілетін нашарлатып, бауыр мен бүйректі зақымдайды. Құрамындағы кандерогендік заттар қатерлі ісікке шалдықтыруы мүмкін. Бірнеше жыл бұрын Еуроодақ елдері улы материалды қолдануға қатаң тыйым салған. Бірақ Қытай елі әлі күнге дейін қолданып келеді. Ал біздің елімізге келіп жатқан ойыншықтың 73 пайызы  «китайский».
Соңғы кездері ойыншықтардың бет-бейнесі де өзгерді. Оларды қазіргі таңдағы мултфильм кейіпкерлері алмастырды. Бұрыңғы Буратино, Карлсон, Чебурашканын орнына Бетмэн, өрмекші адам, Маша мен аю секілді кейіпкерлер келді. Сонымен қатар шетелдік анимациялық фильмдердің ойыншық кейіпкерлерінің біразы балаларға теріс ықпал ететінін айта кеткеніміз жөн. Бүгінде аяғы ауыр қуыршақтар, қолына түрлі қару ұстаған құбыжық бейнесіндегі ойыншықтарды кез келген дүкеннен табуға болады. Бұлар бала психикасына кесірін тигізуі әбден мүмкін. «Ойыншықтар қауіпсіздігі туралы» құжаттың 8-бабында: «Ойыншықтар баланы агрессиялық іс-әрекеттерге, қатыгездік танытуға, өнегесіз іс-әрекеттер мен зорлық-зомбылыққа, баланың жас ерекшелігі құзіретінің аясынан шығатын сексуалдық проблемаларға жағымсыз қызығушылыққа, балалар мен ересектердің нәсілдік ерекшеліктеріне және денесінің кемшіліктеріне менсінбей және теріс қарауға итермелемеуге тиіс» делінген. Дегенмен, ойыншыққа психологиялық-педагогикалық сараптама жүргізу ісіне ойыншық индустриясынан нан тауып жүрген кәсіпкерлер түбегейлі қарсы. Себебі, сараптамаға жұмсалатын шығын есебінен ойыншықтардың бағасы арта түседі. Сараптама тегін жүргізілген күнде де зертханалық жұмысқа кеткен уақыт тауар құнына әсер етеді екен.
Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің дерегінше, 2015 жылы 479 ойыншық тексеріліп, оның 224-і, яғни 47 пайызы Кедендік одақтың техникалық тәртібіне сай емес деген қорытынды жасалған. Ал 2016 жылы 1532 тауар тексеріліп, 531 немесе 37 пайызы талапқа сай болмаған. Тексерілген ойыншық құрамында қауіпті формальдегид, фенол қышқылдары қалыптан 2-3 есе көп екені анықталған.
Бүгінде бала тәрбиесіндегі құралдың бірі – ойыншық. Өкініштісі қазақ баласына арналған қазақ ойыншықтары айтарлықтай көп емес. Әрине, отандық ойыншықтарды өндіретіндер мүлдем жоқ дей алмаймыз. Алайда, олардың арасынан Қыдырәлі Болмановтың «Бал-бала» ойыншығынан өзгесін ести бермейміз. «Айгөлек», «Алдар көсе», «Тазша бала» сынды отандық ойыншықтың өзі кем дегенде 7-8 мың теңге көлемінде сатылады. Ал бұл қарапайым отбасы үшін аз ақша емес. Сондықтан сапасы төмен, бағасы арзан, түрі түсініксіз Бэтмен, Спанч Боб, Қанішер Дракула, роботтар бүлдіршіндеріміздің айырылмас серігіне айналды. Мұндай ойыншықтар бала санасын улап қана қоймай, оны қатігездікке жетелеп, адамгершілігі мол азамат болып ер жетуіне кедергі болады.
Қаншалықты жалт-жұлт етіп көздің жауын алып қызықтырғанымен, сапасыз ойыншықтың көбіне қуаныш емес, қасірет әкелетінін естен шығармағанымыз абзал. Ойыншық мәселесі «ойыншық» емес. Ұл-қызымыз тәрбиелі, адамгершілігі мол, жақсы қасиеттерден азық алсын десеңіз, дұрыс ойыншық таңдап бала болашағын ойлауда бейқам болмаңыз.
Айнұр ӘЛИ
11 ақпан 2018 ж. 2 295 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031