» » ҰСТАЗ МӘРТЕБЕСІ ҚАЙТСЕ АРТАДЫ?

ҰСТАЗ МӘРТЕБЕСІ ҚАЙТСЕ АРТАДЫ?

Айтпайын десең аузыңа кеп тағы тіреледі. Сол баяғы балалық шақ. Ұйықтап қалсам керек, апыл-ғұпыл мектепке асықтым. Ол кезде сабақтан кешігу – үлкен ұят. Сылтау мен өтірік айту да жанымызға жат. Содан не керек, ұзын жолмен жүріп келем. Алы-ы-ыстан «математика апайдың» қара сұлбасы көрінді. Миссия – жолды кесе өтпеу. Апайды күтіп тұрмын, күтіп тұрмын. Шамамен 10 минут өтсе керек. Ал ол болса маған жақындаған бойда басқа жолға бұрылып кетті. Солай сабақтан кешігіп қалдым. Қызық қой, иә? Ал қазір ше?
Жасыратыны жоқ, қазір бәрі басқаша. Салыстырып көреміз бе? Онда қараңыз. Ол кезде ұстаз – ұлы адам болды. Айтқаны – заң. Тіпті саусағындағы дәу сақинасымен нұқып-нұқып қалса да оқушы тәрбиені жөндеп, ата-анасына айтпауға тырысатын-ды. Ал егер айтса, онда оның әке-шешесі мұғалімді емес, өз баласын сөгеді. Сол кездегі тәрбие болар, бәлки, көшеде үлкен кісімен таныса да, танымаса да амандасатын. Жолын кесе өтпей, ауыр затына жәрдемдесіп, үйіне апаратын. Күзде, жазда, көктемде сенбілікке шығып, бір көшенің бойын ойнап жүріп-ақ тап-тұйнақтай ететін. Қорыққаннан емес, сыйлағаннан артық қадам жасауға қынжылатын. Себебі, ұстаз – оқушының екінші анасы еді. Ал бүгінгіге қарап көңілдің түсетіні рас. Оқушыдан сескенген ұстаз артық сөйлеуге бата алмайды. Сөйлесе ата-анадан тағы сөз естиді. Одан қалды сенбілікке шығып, көше сыпырып жүретіні де бар. Жұмысбасты ата-ананың «тәрбие» деген жүгін мойнына алып, том-том қағаздан көз ашпайды. Қош. Сіз соңғы рет мектепке қашан бардыңыз? Жиналыс жасағанда, болмаса әлдеңені бүлдіріп, бұзақылық істегенде ғана, бәлки?! Ата-анамен мектеп арасындағы байланыстың үзілуіне де сәл-ақ қалды. Мұнан соң ұстаз мәртебесі қайдан өссін?! Әрине, мамандықтың бәрі маңызды. Дегенмен ұстаз мәртебесінің әсте жоғары екенін естен шығармаған абзал. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жолдауында «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау керегін айрықша атап өтті. Стратегиялық құжатта педагог мәртебесін көтермей білім саласында жетістікке үміт арту қиын. Иә, бұл заңның әзірленуі «көңілдерді» жадыратты. Себебі, «Алты алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімідікі». Ұлағатты ұстаз, сіз не дейсіз?

Сәбихан УӘЛИХАНҰЛЫ,
№250 мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі:
– Ұстаз мәртебесін көтеру – қоғамға байланысты. Мұны жүзеге асыру үшін ең алдымен адам өзгеруі керек. Яки балаға тәрбие отбасынан берілуі тиіс. Себебі, баладан гөрі ата-анамен жұмыс істеген қиын. Баласыныкі дұрыс па, ол сабағын оқыды ма, бұзақылық не үшін жасады оған мән беретіні аз. Бас сала ұстазға кінә артуға дайын тұрады кейбірі. Оқушы мен ата-ана мұғалімді құрметтемесе – білім болмайды. 90-жылдары совет үкіметі құлаған соң Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Осы тұста қаншама адам білім емес, отбасын асырау жолына көп мән берді. Ол кезде нан табудың өзі қиын еді. Кейбірі сырттай білім алып, мұғалімдік дәрежесімен мектепке кірді. Жасыратыны жоқ, білімі қызметімен сай емес еді. Ішімдік ішіп, жұмыстан шеттетілгені де қаншама. Мүмкін осының салдары ұстаз мәртебесін түсірген болар. Сенімнің де қалыс қалғаны содан шығар. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Қазір шүкір, білімді жастар жетерлік. Жақсы-жақсы мамандар, мұғалімдер жұмысқа келіп жатыр. Ұстаздықтың дені – жастар деуге де болады. Үстіміздегі жылға Тұңғыш Президент ұстаз мәртебесін көтеруді мықтап тапсырды. Бұл тек құр сөз емес, іспен жүзеге асса дейміз.

Тұрсынай БЕРІКБАЕВА,
№109 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
– ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың былтырғы Жолдауында айтылған маңызды мәселелердің бірі – ұстаз мәртебесі. Ол «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс» деген еді. Бұл – ұстаз мәртебесін көтеру үшін зор мүмкіндік. Мұғалімнің мәртебесін көтеру туралы Елбасының айтқан сөзі бәріміздің көңілімізден шығып, үлкен қуанышқа бөлеген-ді. Себебі, ұстаз мәртебесін көтеру – ел мәртебесін көтерумен пара-пар. Қазекем бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем беріп, ұлағатты жандардың алдын кесіп өтпеген. Оған әрдайым иіліп құрмет көрсеткен. Осылай болуы да тиіс.

Азиз ДҮКЕНБАЙҰЛЫ,
Қармақшы аграрлы-техникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері:
– Қазіргі қоғамда күйіп тұрған мәселенің бірі – ұстаз мәртебесі. Қазақ қай уақытта ұстазын ұлықтап, ілтипат көрсетіп, хал қадірінше құрметтеген. Алайда, бүгінгі бейбіт өмірде ұстаздардың ұлықталып жүргені аз. Өткен жылдың аяғында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев соңғы Жолдауында Үкіметке 2019 жылы «Ұстаз мәртебесі» туралы заң қабылдауды тапсырғаны баршамызға аян. Күллі ұстаздар қауымы қуана қабылдаған аталмыш заң жобасында ұстаздарды басы артық жұмыстардан арылту, жылдық жүктемесін азайту, әлеуметтік ахуалын көтеру мәселелері қаралуда. Алайда әзірге қуаныштың ауылы алыс секілді. Ұстаз мәртебесі айқындалып, алты алаштың құрметтісі төрге озады деп шаттану үшін заң жобасына ұсынылған талаптар қанағаттандырылуы тиіс. Дәйекті түрде сөйлеу үшін бірнеше мысал келтірсем, ұстаздардың зейнет жасына ерте шығуы, сынып жетекшілікке төленетін қосымша ақы, ұстаздарды сенбілікке шығармау, ауқымды шараларда ұстаздарды «қолбала көрер­мен» ретінде пайдаланбау, басы артық жұмыстардан арылту секілді ұсыныстары назардан тыс қалмаса. Сонымен қатар қаралып жатқан «Ұстаз мәртебесі» туралы заң жобасында техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдардың инженер-педагогтарына қолдау көрсету де байқаусыз қалмаса. Барлық басымдық мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен мектеп мұғалімдеріне беріліп жатқаны мәлім. Дегенмен жақсылықтың ерте-кеші жоқ. Маусымда қабылданатын құжаттан күтеріміз көп.

Айнұр Әли
10 сәуір 2019 ж. 998 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031