» » ДАЛА ЖҰМЫСЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

ДАЛА ЖҰМЫСЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

Қазір алты ай қыспаққа алған қыстың беті қайтып, жердің тоңы ери бас­тады. Көктемнің иісі шыққалы диқаншы қауым да кетпенін сайлап, еңбек қамына кірісті. Күзгі салымдағы егіннің шығымын ерте көктемдегі қаракет шешетінін дала еңбеккерлері жақсы білді.
Көктемгі дала жұмысына дайындық жайын пысықтау мақсатында аудан­дық ауыл шаруашылығы бөліміне хабар­ластық. Бөлім басшысының айтуы бо­йынша, үстіміздегі жылы жалпы 22956 гектар болатын егіс көлеміне 14913 гектар дәнді дақыл: 14633 гектар күріш, 280 гектар бидай, 270 гектар майлы дақыл: 230 гектар мақсары, 40 гектар соя дәнін себуге жоспарланса, 6669 гектарға мал азықтық дақыл, 1100 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша дақылы егілмек.
– Биылғы ерекшелік – дәстүрлі күріш дақылынан басқа, азық-түліктік маңызы зор картоп, көкөніс, бақша, сондай-ақ майлы дақылын өндірістік негізде өсіру, 40 гектар жерге соя дақылын «Тұрмағамбет» және «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шаруашылығы өсіруге бел байлауда, – дейді бөлім басшысы Сабытбек Жолмаханов.
Мұнымен қоса, ол субсидияға байланысты өзгерістерді де атап өтті. Өткен жылдан бастап егіншілік саласындағы барлық субсидиялау туралы бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне орай, алдағы уақытта субсидия алушылар өтінімі тек электронды түрде ғана бере алатынын, өтінім тікелей облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жолданатынын тілге тиек етті.
Осы жылдың тұқымдығына 4100 тонна күріш, 45 тонна бидай, 20 тонна жоңышқа, 10 тонна мақсары құйылған. Қазіргі таңда 3322 тонна күріш, 18 тонна жоңышқа, 10 тонна мақсары тұқымы себу дәрежесіне жеткізілген. Дайындалған 4100 тонна күріш тұқымының 800 тоннасы – «Янтарь», 3300 тоннасы – «Лидер» сорты. Егіннің сапалы өнім беруі – тұқым сапасына байланысты. Бүгінде елді ме­кен­дегі шаруашылықтарда тұқым тазалау жұмысы жалғасын табуда.
– Қырманның қызылға толуы – қажетті тыңайтқышты қолдана білуде. Биылға минералдық тыңайтқыш көлемі 10,4 мың тоннаны құрауда. Оның ішінде, аммоний сульфаты 6 мың, карбамид 2,7 мың, аммофос 1,7 мың тонна. Қазір шаруашылық тарапынан минералдық тыңайтқыштың 1,3 мың тоннасы алынды, – дейді бөлім мамандары.
Көктемгі егіс жұмысына жанар-жағар майдың да тыңғылықты дайындығы ауа­дай қажет. Дала жұмысына 2020 тонна дизель отыны жұмсалады деп күтілсе, оған қажетті жанар-жағар майдың есебі жасалып, дизель отынын жеткізуші оператор «Нефтьтранс-Қызылорда» ЖШС-на ұсынылыпты.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы та­­уарын өндіруші шаруашылықтар бойын­­­ша көктемгі дала жұмысына 152 трак­­тор, 44 соқа, 24 тұқым сепкіш, 62 автомашина және 94 трактор тіркемесі атсалысады деп жоспарлануда. Олардың дені жөндеуден өткен. Көктемгі су алу жұмысына су шаруашылығы нысанын дайындау, 102 дана су құрылысын жөндеу, 12 дана насос қондырғысы мен 41 дана су өлшеу бекеті жөндеуден өтуге межеленуде.
«Малдың жайын – малшы, егіннің жайын – диқан біледі», – дегендей, шаруа­­шылықтағы жұмысшылар қазір­дің өзінде уақытпен санаспай еңбек ету­де. Солардың бірі – «Жаңажол» жауап­­­кершілігі шектеулі серіктестігінің комбайнері Бектібай Қарақұлов.
– Науқанда: «мынау – сенің жұ­мысың, мынау – менің жұмысым» деген адам анығында ұтылады. Санасатын уақыт бұл емес. Жұмылған жұдырықтай ауыз­бірлікпен істі бастадық. Қазір тыңайт­­қыш тасумен айналысудамыз, – дейді озат механизатор.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
18 наурыз 2019 ж. 1 573 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 253

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 353

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930