» » Бас қадірі бас киімнен басталады

Бас қадірі бас киімнен басталады

Сұрақты төтесінен қоялықшы, ең арзан бас қайда? Сауал қойылды ма, төте жауап берейікші. Бізде! Таңғалмаңыз мына бізде бастың да, жастың да арзаны. Шыны керек, басты қадірлеуден, басты құрметтеуден қалып барамыз. Табаққа тартар бас емес. Қошқардың басы, жылқының басы өзінше қадірленуде. Бастың қадірі – қазақтың баскиімінен басталады.

Қазір қазақтың бас киімі саунада жүр, саудада жүр. Монша жағалағанын талай көрдік. Бөрік пен тымақ базарда өріп тұр. Тақия кәдесый ретінде берілуде және ол қытайдың ең арзан тауары десек те болады.
Бас киімін саудаламақ түгілі, «бағым кетеді» деп өзгеге бермейтін қазақ бас киімі кім көрінгеннің мазағына айналып жүр. Сәукеле киіп, жалаңаш денесін жарнамалаған Шынар Нарчаева «көкемізді» көрсетті. Жарыса жаздық желіде, тартыса жаздық. Сабап кетті деді, соғып кетті деді. Шуылымыз да, гуіліміз де басылды. Бірақ, қазақтың бас киімі сол күйі қорланып қалды. Қоғам әр жерден әу дегенмен, әлекті тірлік көргеніміз жоқ. Мұнымен не айтпақпыз? Қазір бізге бас та, бас киім де қадірлі емес.
Жартасқа барып, күнде айқай салатын жай жоқ, мұндай ойды қозғауға түрткі болған айырқалпақты ағайындар. Қырғыз бауырдың жорналшылары «Алиби» газетінде «Айырқалпақты адамның арманы» тақырыбында мақала жариялады. Онда «Қырғыз халқы өзгелерден төл мәдениетімен, аспанмен таласқан асқар тауымен, дәмі тіл үйірер бал қымызымен және ақ түсті айыр қалпағымен ерекшеленеді. Айыр қалпақ бізге бабаларымыздан қалған, ол нағыз қырғыз екеніміздің нышаны. Алайда, соңғы уақытта айыр қалпақ монша мен сауналарда булануға киетін бас киімге айналды. Бұл не? Халқымыздың ұлттық құндылығын құрметтемеу ме, әлде ұлттық бас киімімізге бей-жай қарау ма?» деп жазды. Жазарманға құлақ түрерлері көп пе, әлде ұлттық мәселесі қырғыздарды айрандай ұйыта ма, әйтеуір мұндай өзекті мәселені халық қалаулылары мінберден көтеріпті. Жай көтермеген, артында міндеттері тұр. Депутаттар ел президенті, үкіметбасы мен орынбасарлары, парламент төрағасы мен оның орынбасарлары айыр қалпақ киіп шетелден келгендерді қабылдауды міндеттеуді ұсынып отыр. Ол ол ма, қырғыз спортшылары да халықаралық жарыстарға қатысқанда айыр қалпақпен жүруі тиіс. Осылайша Жоғары кеңес депутаттары «Ұлттық бас киім Ақ қалпақ мәдениет символы мәртебесін беру туралы» заң жобасын да даярлады. Нәтижесінде көрші елдің заң бұзушылық туралы кодексіне 65,2-бабы енгізіліп, ұлттық бас киімді қорлағандарға І дәрежелі айыппұл салынатын болды. Бұл дегеніміз жеке тұлғалар үшін 10 есептік көрсеткіш, заңды тұлғалар үшін 50 есептік көрсеткіш айыппұл.
Бізде бәрі дабыра. «Бастан бақ кетпесін» деп отырғанымыз жоқ. Құр ұрандап шаба бермекке бармыз. Асылы, қазақ болудан басқаның бәріне даярмыз. Қазақ болуға жоқпыз. Бұл не киепет? Елбасы «Рухани жаңғыру» бастамасын ұсынды. Бірақ, сол жаңғыру әлі күнге «тұлға тануға» ұласып барады. Ұлтты танымай отырып, тұлға танығанымызға бар болсын. Жаңғырудың басы – ұлтты тану, ұлтты әспеттеу емес пе?
Асылы, бастың киесін әлі ұқпай келеміз. Махамбеттің басы алынғанда қазақ қалай күңіренді? Кенесарының басы шабылғанда ше? Қазір қанша бас алынса да базынамыз біреу. Қорадағым мен менмендігім аман болсын. Сол ұранмен жүрміз әлі.
Қазақ үлкеннен жөн сұраған ел. Үлкен жөнін айтпаса жөнімен жүрер халық. Ұлтқа, халыққа қызмет дегенді кейінгі толқын алдыңғы буыннан үйренуі тиіс. Өйткені, олар елдің басы, ұлттың басы. Ақсақал деген, міне, сол. Ұлттың басы кәңгүр-күңгірмен ауырса, өсек-аяңмен сырқаттанса, дау-дамайды, өзгені қор, өзін зор санауды ойласа, менмендікке, өзеуреуге, екіжүзділікке толса, кейінгі ұрпаққа не тәлім? Содан болар елден «басы бар» жастар кетуде. Бізге керегі осы ма? Олардың ертең бас боларын ойладық па? Ахметше айтқанда, ұлт басына келерлік мәселені емес, отбасына келерлік мәселеге бас ауыртқаннан кім ұтыпты? Кешегі алмағайып заманда «басы барлар» қалай қырылды? Ішкі жағдайды сырттағы ұқпайды, бас жарылса, бөрік сыртына, қол сынса, жең сыртына шығарған өзіміз. Голащекин мен Сталин өзіміз жау көргендердің «басын» жұтты емес пе? Өзіміздің менмендігіміз оқыған-тоқыған «бастарды» құртты. Қазір де солай ма деп қалам. Оқыған-тоқыған «бастарды» ысырып тастауға даяр тұрамыз. Өйткені, бізге керегі бас қадірі емес, бас қамы. Мұны көрген жастар елден кетпей қайтпек? Үлкендерден көргені сол, өзінен кейінгілерге де соны қылады. Ал, содан кейін ел болып көр...
Бірді айтып, бірге кетеміз. «Бас жаққа барыспайық» деген бар еді, қызды-қыздыға салып біраз жайды айтып салдық. Бірақ, бір анық, ұлттық мәселеге келгенде бас ауырмай, «басы барларды» ұлтқа қызмет қылдырмай қазаққа өркен жоқ. Басты қадірлеуді өзіміз білмесек, қырғыздардан үйренейікші. Тоқ етері де, топ етері де сол болсын!
Дастанбек Садық,
«Қармақшы таңы».
18 ақпан 2019 ж. 2 837 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 093

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031