ТӘРБИЕЛІ ҰРПАҚ – ҚАМСЫЗ КЕЛЕШЕК
Елімізде балалар арасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты жантүршігерлік жағдайлар жиілеп кетті. Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз – қорқынышты хабарлар. Қоғамның мұншалықты азғындауының, балаға ересек адамның, баланың балаға азғындық жасауының түп тамыры қайда жатыр?
Сезім тәрбиеленбей жатып, бала атаанасы арасындағы жыныстық қатынасты көріп қойған болса, оның бойында тыйым қалыптаспайды. Жыныстық қарым-қатынас адам бойындағы тыйымға байланысты болады. Ұл мен ұл, қыз бен қыз, туыс пен туыс үйленуге болмайды деген тыйымдар түсіндірілуі керек. Бұрын үлкендер жаман сөз айтудан, ерсі іс қылудан тыйылған. Қазір үлкенде де, кішіде де балағат сөз «паразит» сөз ретінде айтылады. Кей ата-ана баласының тілі шығып келе жатқанда тілін қызық көріп, боғауыз сөзді бейберекет айтқызуы – ұлы мен қызының жыныстық тәрбиесіне зиян келтіруінің түбірі болып есептеледі. Балағат сөз – адам ішіндегі мәдени қаймақты бұзушы.
Жыныстық тәрбие деген – баланың сезімін тәрбиелеу деген сөз. Ол сезімді тәрбиелеу болғандықтан, оны бала туа салысымен бастау керек. Ең бірінші бала жек көру, ұнатпау, жақтыртпау, қорқу, ашу-ыза сияқты төменгі кері сезімдерді сезеді. Бесік жыры, ертегі, тақпақ айту, батырлар жырын оқу арқылы бұл сезімдер мейірім сезіміне ауысады. Бала дүниеге келгенде оны қалай қарсы алғанымызды, оны қалай қабылдағанымызды әңгіме қылып айту арқылы да баланың сезімін тәрбиелейміз. Балаларға арналған қуыршақ театрындағы көріністердің бәрі баланың сезімін тәрбиелеуге бағытталған дүниелер. Баланың бойына жанашырлық, аяушылық, махаббат сияқты сезімдерді әңгіме, ертегі, ән арқылы егеміз. Сондықтан балаларды көбірек арнайы қойылымдарға апару, ертегілерге қатыстыру, мәнді мультфильмдер көрсету – баланың бойында сезімді тәрбиелеу және образды ойлау қабілетін ұштау қажет. Сезімі бар бала бейберекет шешіну, жыныстық жағынан жақындасу дегенге бармайды. Организмі өзі-ақ содан қорғайды. Ал бала ер жете келе оны кітап тәрбиелей бастайды. Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббаты, Қозы мен Баянның махаббатын оқып, тыңдап өскен балада махаббат сондай пәк болады. Сезімі тәрбиеленген бозбала мен бойжеткен «теңімді кездестіремін» деп өзін қорғаштайды, жауапкершілігі артады. Үлкен сезімі бар адамдарда ғана жақсы көретін адамы қолынан ұстағанда, жақындаған кезде ерекше гормондар бөлінеді, ерекше күйге бөленеді. Осындайда адамның жыныстық сауаттылығы, ерік-жігері мықты, өзіне деген, өмірге деген жауапкершілігі жоғары болғанда нәпсіге ие бола алады.
Есте сақтайтын өте маңызды фактордың бірі – бала әлі кішкентай болсын, мейлі, атаанасы бала жатқан бөлмеде қатынасқа түспеуі керек. Ол балаға қажет емес теріс энергия, сондықтан осыған абай болған жөн. Бір жастан бастап баламен сілекей алмасатындай аузынан, ернінен сүймеу керек. Сілекейде адам денесіндегі барлық феромондардың бөлшектері бар. Сондықтан туған анасы, әкесі болсын, ересек адамның сілекейі баланың аузына кірмеуін қадағалауы қажет. Міне, жыныстық тәрбие дегеніміз осындай қарапайым нәрселерден басталады.
Жалпы жыныстық қарым-қатынас, жыныс мүшесі туралы ақпаратты балаға ата-анасы бермегені абзал. Көп адам осы тұста қателеседі. Себебі, бұл ақпаратты ата-анасынан есту балаға жиіркенішті, керісінше, өте ауыр травма болып қалады. Өздеріңіз де байқап жатасыздар, осындай тақырыпты айтқанда бала қашқақтайды, ерсі көреді, қарсылық білдіреді. Жеңгесінен, құрбысынан, досынан есту әлдеқайда жеңілірек. Дұрысы – мұндай ақпаратты бала білім алатын ортасынан, яғни мектептен білуі керек. Дегенмен, бұл ақпаратты беретін мұғалім немесе арнайы маман да өте сауатты болуға тиіс. Қай жағынан? Мұндай ақпаратты берер кезде ешқандай эмоцияға берілмеуі керек. Жыныстық жағынан аталатын кез келген сөз үлкен энергияға толы, оған эмоциямызды қоссақ, ол балаға қате жетеді. Сондықтан осындай ақпаратты жеткізер кезде, ешқандай эмоциясыз, ешбір сезімсіз білім ретінде норма етіп жеткізу керек. Ал интернеттен жөнді-жосықсыз ақпараттанған балада теріс пікір, бұрыс түсініктер қалыптасады.
Қазіргі кездегі қоғамдағы орын алып жатқан сорақы қылықтардың жиі көрінуі – ұлттық тәлім-тәрбиенің, отбасылық құндылықтардың дұрыс насихатталмауынан, тәрбие жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуінен туындап отырған құбылыстар. Бала тәрбиесіндегі ең басты ережелер – балаға керекті кезде назар аудара білу, оған деген махаббатты қай жаста да көрсете білу, оның көзқарастарын, ерекшеліктерін түсіне білу, жас ұрпаққа адамгершілікті сіңіру, рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болатын рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек.
«Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын. Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл беріктік бір ақыл, ар үшін болсын!», «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе дүниедегі жақсыжаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп адам білімді болады» дейді ұлы тұлға Абай Құнанбаев. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты.
Әмина КЕТЕБАЕВА