ТӘРБИЕ ЖЕМІСІ – ТАМЫРЫНАН
Адам баласы үшін әркімнің өз әкесі мен анасынан артық жан жоқ. Ардақты да аяулы болған осы екі тұлғаны айтар болсақ, біреуі – арқа сүйер асқар тау болса, бірі – аяулы жанашыр. Әке-шешемнің өмір тарихы шым-шытырақ оқиғаға толы.
Әкеміз Ізтілеу Қойшыбайұлы 1926 жылы дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталғанда 15 жаста екен. Әкесі соғысқа кетіп, шешесі, екі қарындасымен қалады. Қорқыт стансасында тұрған әкеміз 16 жасында теміржолға жұмысқа тұрады. Жас бала белді бекем буып, ауыр шпал, рельсті көтеріп жұмысқа кірісіп кеткен. 1947 жылы Рабиға Қуаңбайқызымен бас қосып, шаңырақ көтерген. Анамыздың қолдаушысы болып бар жағдайын жасап отырған. Алтын құрсақты анамыз 11 баланы дүниеге әкелген. 1961-1962 жылдары отбасымыз аудан орталығына көшіп келді.
Әкем ПЧ-48 жол дистансасына жұмысқа орналасты. Жамбылдан оқып келіп, жол бригадирі, сосын жол шебері (мастер) болып еңбек етті.
Кеңес үкіметі кезінде бұл жол дистансасы дүркіреп тұрды. Мыңдаған адам нәпақасын тапты. Ауыр рельстің астындағы ағаш шпалды қолмен ауыстырды. Сол кезде адамдар не деген жанкешті еңбекқор десеңізші. Әкемнің еңбегі бағаланып, майталман теміржолшы – Аға шебер дәрежесіне көтерілді. Еңбегі еленіп, «Озат теміржолшы» атағын алды. Социалистік жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы болып танылды. Бірқатар медальмен марапатталды. Ауданда озат теміржолшы болды. 7 қараша, 1 мамыр мерекесіне орай өтетін шеруде әкеміз озат теміржолшы, еңбек екпіндісі ретінде аудан активімен қатар мінбеде тұрды. Әкемнің мемлекеттік наградалары кілемде ілулі тұратын. Жыл сайын теміржолшы күнінде марапат төрінен көрініп жататын. Кілем, үнді шайы, сондай-ақ бағалы сыйлықтарға ие болатын. Ол өзінің саналы ғұмырының 50 жылын теміржол саласына арнап, риясыз еңбек жасады.
Анам Рабиға да теміржолда жол машинистері демалатын орында жұмыс істеді. Онда пойыз машинистерінің демалуына, тамақтануына жағдай жасалған-ды. Сондағы тазалыққа жауап беріп, төсек жаймаларын ауыстырды. Еңбек ете жүріп 9 баланы өсіріп-тәрбиелеп жеткізді. Оқуға түсіп кеткендері бар, әкесінің жолын қуып теміржолшы болғандары да бар. Әкем таңғы 5-те телефонда селекторда отырады. 2 сағат отырып жұмыс қабылдап, таңғы шайын ішіп жұмысшыларға тапсырма беруге кеңсеге кетеді. Ата-анамыздың адал да еңбекқорлығының арқасында тоқшылықта, баршылықта өмір сүрдік. Жоғары білім алдық, шығармашылықпен айналыстық деп айта аламыз. Ата-анамыздың берген игі тәрбиесінің жемісіндей болып бүгінгі күні өңірінен тараған ұрпақтары өркен жайып, өсіп-өніп жатыр.
Қалимаш ҚҰТАЯҚОВА,
ардагер-ұстаз