ӘКЕНІҢ ДАРА ЖОЛЫ
Жасым елуден асқанда әкемнің жүріп өткен дара жолы туралы көп толғана бердім. Өйткені бір тұлға, бір туар азамат ретінде әкемнің өмір жолы өз қатарындағы замандастарынан көп айырмашылығы болмаса да, өнегесі мол, қиындығы мен қызығы қатар өрбіген.
Әкеміз Бостан Пірманұлы 1936 жылы Қармақшы өндіріс басқармасына қарасты Ленин атындағы совхозда (сол кездегі Дауылкөл ауылы) дүниеге келген. Әкесі Пірман ер азаматтармен бірге 1942 жылы Отан қорғауға соғысқа аттанғанда «Әкемді біраз жерге дейін жылап шығарып салғаным есімде. Ол кезде 6 жаста едім» деп айтып отыратын әкем. Сол уақытта үйде анасы, інісі мен қарындасы бірге тұрмыстың қиындығын, жетім-жесірліктің ащы дәмін көріп өскенін, өмірден озғанша айтып өтті. Онысын біз де өмір жолымызда қиындық пен тұрмыстың ащытұщысына пісіп жүрсін деген ақылы екенін ұқтық. Пірман әкесі соғыстан қайтып оралмаған соң 6 жастан тылдағы еңбекке ерте араласып, егін даласында астықтың масағын теріп, елге тигізген пайдасының арқасында ең құрметті атақтың бірі – «Тыл ардагері» атанды. Оны өзі де мақтанышпен айтып отыратын.
Бостан әкем 1955 жылы 9 класты бітірген соң еңбекке ерте араласып, отбасына, анасына қамқор болып, ата кәсібі ұсталықпен айналысқан. Әкесі де, шешесі де ел құрметтеген шебер ұста болған екен. 1959 жылы әкем Ұлболсын анаммен шаңырақ көтеріп, 10 баланы дүниеге әкеп тәрбиелеп жеткізген. Бүгінде олар әр салада білім алып, қызмет істеуде.
Тоғыз кластық білімнен кейін кәсіби маман болуды мақсат еткен әкем 1965 жылы Қызылордадағы Политехникалық техникумға оқуға қабылданады. Бірақ жатар орны болмай, баспана жалдауға қаражат таппаған соң оқуды тастап ауылға оралған. Сол кездері өзімен бірге барып оқуға түскен, кейін білдей қызмет істеген құрдасы Тілеген Тоқтыбаевты айтып отыратын. Қу кедейшілік жолына тұрмаса мүмкін әкем де құрылысшы маман болып шығар ма еді. Бірақ әрбір жанның өзіне берген тағдыры болады демекші, әкем өмірде бойына адалдық пен қайсарлықты, төзімділікті қатар сыйғызып, қарапайымдылықты ұстанды. Еңбек еткен жерлеріне сыйлы, абыройлы болды. 1959-1963 жылдары Ленин атындағы совхоздың клуб меңгерушісі қызметін атқарған. Кейін бала-шағасы мен қарындасын аудан орталығына көшіріп әкеп, пәтер жалдап тұрған. Мұнда келген мақсаты – шофер мамандығын оқып, жүргізуші куәлігін алу екен. Сөйтіп сүт таситын машина жүргізіп, есепші болып аудан орталығына ауылдан сүт тасыған. 1967 жылдан бастап жеті жыл ауыл мектебінде еңбек пәнінен сабақ беріп ұстаздық еткен. Одан білім алған шәкірттері ағаштан өрнек ойып, үй жиһаздарын жасауды үйренгендерін әлі күнге айтып жүреді. Ал үйдегі Марат пен Талғат ағаларым да әкеден дарыған ұсталық өнерді жалғастырып, қолдарына балта, балға, шеге ұстап, темірден түйін түйіп, көлік жөндеп өмірлеріне азық етуде.
Әкемнің соңғы 20 жылда үздіксіз еңбек еткен жолы – бір төбе. Аудандағы мәдениет басқармасында жүргізуші, киномеханик, клуб меңгерушісі болған кезі – еліміздің мәдениетке бай тұсымен ұштасып жатты десем артық айтқандық емес. Шалғайдағы малшы, егінші, шаруа халқына кино көрсетіп, концерт ұйымдастырып, олардың рухани байлығына үлес қосты. Еткен еңбегі де елеусіз қалмады. Бірнеше дүркін алған мақтау қағазы, облыстық, аудандық мәдениет басқармасының марапаттары әлі күнге дейін сақтаулы. Бүгінде үлгі ретінде мақтанышпен балаларымызға көрсетіп отырамыз. Сол адал еңбектің өлшемі болар ауданның орталық алаңында, әкімшілік алдында «Аудан мақтаныштары, құрметті азаматтары» қатарында бірнеше жыл бойы әкемнің суреті ілулі тұрды. Қасынан өткен сайын бойымды мақтаныш билегенін жасырмаймын. Сол тұста өзімен бірге қызмет еткен С.Сармолдин, Н.Сағымбаев, Б.Жүсіпбаев, Бағдат ағалар бізді көргенде әкеміздің адалдығын алға тартып айтып отыратын. Мекемеде кәсіподақ комитетіне басшылық етіп, біршама істің шешіміне адал, шыншыл баға беретінін айтып, бізге «біле жүріңдер» деуші еді. Сырнайын көтеріп келетін Базарбай ағаның үйге келгені бір той еді. Көршікөлем түгел жинала қалып ән салатын кештерді де сағына еске аламыз. Әкеміз жайсаң, көпшіл адам болатын. Көршілердің балаларын да жинап жаңадан келген фильмдерді де ауламызда көрсететін.
Отбасында әрқайсымызға көңіл бөліп, тәрбие ісінде бойына біткен сөзге шеберлігін мақал-мәтелдеп жеткізетін. Мектепте ата-аналар комитетіне мүше болып, жақсы білім алуымызға атсалысты. Осындай ұрпағына өнеге болар дара жолын салып кеткен Бостан әкеміздің өмірден өткеніне биыл он жыл толмақ. «Әке – асқар тау» деген жақсы сөз осындай нар тұлғалы әкелерімізге арналғандай.
Қалдыгүл БОСТАНҚЫЗЫ