Қилы заманнан естелік
31 мамыр – «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күні ретінде бүкіл еліміз бойынша атап өтіледі. 1997 жылдан бері қазақ жұрты осы күнді ерекше құрметпен атап өтіп келеді. Саяси қуғын-сүргін сол кезде өмір сүрген халықтың еш қайсысын айналып өтпеген екен. Менің анам осы күн болса қуғын-сүргіннің менде бір нәтижесі деп әзілдеп отырады. Анамның әкесі Әлиакбар Жұматаев, осы елді «Жүз жырау елі» атандырған ақын, Тұрмағамбет ауылының тумасы. Сөздің ретінде айта кету керек, Қармақшы өңірінде өмір сүрген ақын, жыршы-жырауларды зерттеп ХІХ-шы ғасырдан бастап ХХ ғасырдың 80 жылдарына дейін өмір сүргендерге қысқаша сипаттама беріп, 98 ер кісіге, 2 әйел кісіге өлең жазып жинақтаған.
«Қармақшы аудандық архиві» филиалында Әлиакбар Жұматаевтың жеке тектік құжаттары қорда сақтаулы. Атамның араб әріптерімен жазылған 2 өлең дәптері бар. Атамның қуғын-сүргін науқанына қатысы: Әжем Пұсырманова Шанай Қармақшыға белгілі бай болмағанымен, тіршілігі мығым, ларек ұстаған, Арқа еліне мал айдап, Сырда қыстақтатқан ауқатты кісі Әбсаттар Пұсырмановтың туған қарындасы болған. Руы – Қара тамыр, Семетей әулетінен. 1938 жылы осы Қармақшыда кәмпескеге іліккенде атамның 1936 жылы туған үлкен қызы Бакар 2 жасар екен. Әбсаттарды кәмпескелеп сот үкімімен 10 жылға Ақтөбе облысының Ресеймен шекаралас Мартөк стансасына жер аударады. Кетерде кіші қарындасы Шанайды, күйеу баласы Әлиакбарды және аталас бір жетім бала Шайқасынды бірге алып көшеді. Өзінің Айжан, Ынта деген екі қызы, Рыскүл деген әйелі болған. Бір ұл баласын жетім балалар үйіне өткізіп кеткен. Менің анам Несібелі 1944 жылы осы Мартөкте дүниеге келген. Қуғын-сүргін нәтижесі деп әзілдейтіні осыдан.
Ақтөбедегі өмір туралы анам өзінің анасы айтты деп сол Мартөктегі өмірі туралы көп әңгіме айтатын. Әбсаттар өз арызымен соғысқа кеткен, кешікпей қара қағаз келді дейді. Рыскүл жеңгесі ауырмай сырқамай қайтыс болған. Ол үйде Айжан, Ынта деген екі қыз қалған. Шайқасын да соғысқа барып жараланып қайтып келген, бірақ көп ұзамай елге, Жосалыға кеткен. 1944 жылы шешен ұлттарын әкелді дейді, көп ұзамай поляктарды да әкелген. Атам жол бойында жұмыс істеген. Жол бойында жұмыс істегендерге бронь беріліп, соғысқа қатыспаған. Атамның сол кездегі қағаздарын ақтарып көрсек сол кезде де өлең жазуды қоймаған. 1946-1947 жылдармен белгіленген өлеңдері де бар. Өмір жылжып 10 жыл өткенде 1948 жылы елге қайтуға рұқсат берілген. Әжем «Мартөктің жері көкпеңбек, ауасы керемет, қала берейік» дегенінде атам «елге қайтамын» деп көнбеген екен. Нағашы атамыздың екі қызы бойжетіп, күйеуге шығып, кішісі үлкенінің қолында қалатын болды. Әжем сіңлілерін қимаса да елге қайтуға бел будық дейді. Екі жаста кеткен Бакар төртінші класта, менің анам 4-5 жаста екен. Бұдан 7-8 жыл бұрын анам қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған жиналысқа қатысып, жиналыс Жыраулар үйінде өтті дейді. Сол жиналыста Ерманов, Болат Абжалиев сынды азаматтар шығып сөйлеп туған туыстарының қалай ұсталғанын, кампескеленгенін айтқан. Кейіннен Қазалы, Қармақшы, Жалағаш аудандарындағы байлардан қанша дүние алынғаны туралы жазылған кітапты көріп, нағашысы Әбсаттардан не алынғанын білмекке іздеген екен, бірақ таппаған. Кейіннен іздестіруге мүмкіндігі келмегендігін айтты. Соттың үкімі, қандай баппен сотталғаны туралы мағлұматтар сот архивтерінде болуы мүмкін. Сол уақыттан бері зерттеп ақтаған ешкім жоқ дейді.
1953-1954 жылдары анам, апасы Бакар екеуі қыс айында қызылшамен ауырған. Емдей қоятын дәрігер де болмаған ол кезде. Қызулары қайтпай жатқанда атам «Жат жерде жүргенімде әкем де осы екі бала, шешем де осы екі бала, қарындасым да, інім де осы екі бала болды» деп құдайға жалбарынып жылаған. Бала болсам да есімнен кетпейді дейді анам. Соған қарағанда сол 10 жыл атама оңай болмағаны белгілі деп үнемі айтып отыратын. Осы бір жанұяның қилы-қилы тағдыры арқылы сол қиын жылдарды қалай болғанын елестетуге болады.
А.МЕШІТБАЕВА,
«Қармақшы аудандық архиві» филиалының
архивисті