ЖАСАНДЫ ДОФАМИН: ТЕЛЕФОННЫҢ БЕСІГІНДЕ ТЕРБЕЛГЕН ҰРПАҚ
Бала тәрбиесіне бірінші кезекте ата-ана, содан кейін тәрбиеші мен ұстаз жауапты. Бұрын солай болған. Ал қазір ше? Бәрі өзгеріп кеткен тәрізді. Баланың тәрбиешісі – телефонға айналып барады. Жұмысбасты атаана жан тыныштығы үшін баланың қолына смартфон ұстата салады. Осыдан соң тентегі үйді басына көтеріп жүгірмейді, етегіне жармаспайды, мазасын да алмайды. Бір бұрышта мұрны пысылдап, өзімен-өзі отыра береді.
Рас, бала тұрмақ ересектердің өзі өмірін телефонсыз, планшетсіз, интернетсіз елестете алмайтын заман туды. Күніміз смартфонның экранына телмірумен өтіп жатқандай. Бұл, әсіресе, кішкентай балалардың денсаулығына қауіп төндіріп тұр. Ал осы орайда «жасанды дофамин»-нің ағзаға зиянын көпшілік біле бермейді.
Қазіргі таңда телефон сәбидің бесігіне дейін еніп алды. Ол ойыншықтың да, жұбататын ана әлдиінің де орнын басып барады. Бұл – жай ғана қызығушылық, ермек емес, мидың жұмысын өзгертетін, эмоциялық тұрақсыздыққа әкелетін қауіпті құбылыс.
– Дофамин – адамның миында табиғи түрде бөлінетін, қуаныш, рахат, ләззат, мотивация, қанағат сезімін тудыратын гормон. Әдетте бұл гормон адам бір жетістікке жеткенде, мақтауға ие болғанда, ойын ойнағанда немесе сүйікті ісімен айналысқанда бөлінеді. Ал экрандағы анимациялар, жарқын суреттер мен дыбыстар баланың миына дәл сол әсерді еш әрекетсіз береді. Мұндай «жалған ләззат» баланың табиғи дамуын тежейді. Себебі ми үнемі сырттан келетін дофамин дозасына үйреніп алады. Нәтижесінде бала күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттерден: ойын, кітап, достармен қарымқатынастан қуаныш таба алмайды, – дейді мамандар.
Экранға ұзақ уақыт телміріп өскен балалардың тілдік қоры мен зейіні әлсіз болатыны белгілі. Мектепке дейінгі балалар арасында есте сақтау қабілетінің нашарлауы, мазасыздық пен көңіл күй тұрақсыздығы жиілеп кеткенін де байқап жүрміз. 4 жасар балалардың күніне 2 сағаттан артық экранға қарауы олардың ұйқысына, мінезқұлқына, тіпті эмоциялық дамуына кері әсер ететіні дәлелденген.
Бүгінгі балалар қандай да бір нәрсеге ұзақ зейін қоя алмайды. Мазасызданып, сабырсыз күйге еніп, артынша агрессияға ерік береді. Мұның себебі: қазіргі мультфильмдердің мидың шамадан тыс белсенділігіне негізделіп жасалуы. Заманауи мультфильмдер гиперактивті-динамикалық және көңіл көтеру мақсатында әзірленуде. Мультфильмдер 5-10 минутқа қысқарып, кадрлардың тез ауысуымен және үнемі қозғалыста жүретін кейіпкерлері арқылы танымал. Алайда кейіпкерлердің гиперактивтілігі және оқиға желісінің тез дамуы салдарынан кішкентай көрермен ақпаратты қорытып үлгермейді. Кейіннен ми ақпаратты жылдам қабылдауға дағдыланып, баяу әрі терең ойлауды қиын деп қабылдайды, ал адам шыдамсыз бола бастайды.
Еліміздің ертеңі – дені сау ұрпақтың қолында. Сондықтан да кейінгі буынның жады мықты, зейіні ашық болғаны дұрыс. Ұрпақ тәрбиесіндегі осындай кедергілер тұтас ұлтты алаңдатуы керек. Балалардың телефонға құмар болуы үлгі көрсетер ата-ана мен ертегі, аңыз айтып беретін атаәженің азайғанынан да болып отырған шығар. Бала үлкенге қарап ержетеді. Сондықтан ұл-қызымыз жан-жақты жетілсін десек, өзіміз де іс-әрекетімізді түзеп, оларға үлгі көрсетуіміз қажет. Әйтпесе өзі күнімен әлеуметтік желіден шықпайтын ананың балаға айтқан сөзінің еш әсері болмайды.
Бүгінгі цифрлық ғасырда баланы технологиядан толық оқшаулау мүмкін емес. Бірақ оған тәуелді етпей өсіру әр ата-ананың қолында. Жасанды дофамин – көзге көрінбейтін, бірақ бала дамуына орасан зиян келтіретін эпидемия. Оның емі – махаббатқа, шынайы эмоцияға, өзара қарым-қатынасқа негізделген балалық шақ. Экран емес, ата-ананың құшағы нағыз дофаминнің көзі екенін ұмытпайық!
А.Ахмет