» » «Ол үйде бәрі болмайды» немесе шектен тыс шектеулер

«Ол үйде бәрі болмайды» немесе шектен тыс шектеулер

qarmaqshy-tany.kz БҮГІНДЕ БӘРІ ЖҰМЫСБАСТЫ. БҰЛ ҮШІН АДАМДАРДЫ ЖАЗҒЫРА АЛМАЙМЫЗ. ТЫРБАНЫП ТҰРМЫСТЫҢ ҚАМЫ ДЕП ЗЫМЫРАП УАҚЫТ ТА ӨТІП БАРАДЫ. ТОҚТАУ САЛУ МҮМКІН ЕМЕС. ЖҰМЫСТЫҢ ЖӨНІ БІР БАСҚА. АЛ ҮЙДЕГІ БАЛАНЫҢ ТӘРБИЕСІН АЙТА-АЙТА ЖАҚ ТАЛДЫ. АЙТПАСҚА АМАЛ ДА ҚАЛМАДЫ. ЖҰМЫС ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚАУЫРТ БОЛСА ДА, ҚАНШАЛЫҚТЫ ШАРШАП-ШАЛДЫҒЫП ЖҮРСЕ ДЕ АТА-АНА БАЛА ТӘРБИЕСІН БАСТЫ НАЗАРДА ҰСТАУ ҚАЖЕТ-АҚ. БАЛА БОЙЫНДАҒЫ ТАБИҒИ ҚАСИЕТ ПЕН АДАМИ ҚҰНДЫЛЫҚ ОТБАСЫНДА, МЕКТЕПТЕ, ҚОРШАҒАН ОРТАМЕН ҚАРЫМҚАТЫНАСЫ НЕГІЗІНДЕ ҚАЛЫПТАСАДЫ ЕМЕС ПЕ?! ӘРИНЕ, ТӘРБИЕНІҢ НЕГІЗІ – ОТБАСЫНДА.
Бірде сіңілім әкеміздің үлкен қарындасының үйіне қыдырып барған еді. Өзімен тетелес жиендер болған соң қызығып ойнап қайтпақ ниетте кеткен. Үйі де жаңа болатын. Еркін өскендігінен болар қайтып келгенде «енді қайтып бармаймын, ол үйде бәрі болмайды екен» деді. Бұлай айтуының себебін сұрадық. Тәтем тік мінезді, бәрін таптұйнақтай етіп жүретін адамның қатарынан. Өзінің балаларын, немерелерін бір шыбықпен айдап тәрбиеледі. Біздікілер шыбық тисе шыңқ еткеннің кері ғой. Ойын баласы емес пе?! Жүгіріп, шапқылап ойнағысы келеді «болмайды» дейді. Төгіп, шашқысы келеді. Тағы да «болмайды». Бітпейтін шектен тыс шектеуден бала да қажып кеткен екен. Әркімнің өз үйі – өлең төсегі дегендей, сіңілім де үйге қарай осылайша асыққан көрінеді. Біз бұл әңгімесіне күліп қоя салдық. Бірақ бала тәрбиесіндегі осыбір шектеу турасындағы ойды қозғап жіберді.
Иә, ата-ананың кейбірі баланы ұрып өсіреді. Қолына түскенімен қойып қалады, қағып түсіреді. Бала мейірім емес, таяқ жеп өсіп келеді. Бүгінде бала тұрмақ ересектердің өзі мейірім мен сүйіспеншілікке мұқтаж. Әр адам көңіліне қарағанды, жылы сөйлегенді жақсы көріп тұрады. Ал балаға бұл дүние екі есе керек.
Бәзбіреулер «таяқпен де өстік, жаман болғанымыз жоқ» деп жатады. Дегенмен қазіргі заман басқа, қоғам басқа, ал баланың психологиясы тіпті бөлек. Бүгінде баланы қатып қалған бір тәртіппен тәрбиелей алмайсыз. «Қазіргі балалар қиын» деген ата-аналар шағымын жиі естіп жатамыз. Бала айна іспетті. Оған айтқан әрбір сөз, көрсеткен іс-әрекетті айна қатесіз қайталайды.
Қазір қоғам өзгерді ме, әлде ата-ананың ұрпақ алдындағы жауапкершілігі төмендеді ме, әйтеуір, соңғы кезде бала тәрбиесінде бейқамдық байқалады. Алайда ата-ананың көбі сауатты. Әріден соң екінің бірінің қолында телефон. Қалауын тапса, қажетті ақпаратын әп сәтте-ақ тауып алады. Бала психологиясын оқимын, баламен дұрыс қарымқатынас құрғым келеді деген аналардың да қарасы көбейді. Баланы бұрынғыдай көзқарас пен қатаң мінезбен тәрбиелеу қиынырақ. Психологияда жылы сөзбен жүрекке жеткізу әдісі кең қолданылады. Кезінде Абай атамыз да қара сөздерінде «Тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ» деген еді ғой. Дәл солай. Балаға да аялы алақан, жылы сөз бен мейірім қажет-ақ.
Бала психологиясында ұрмай-­соқпай, еркін тәрбиеге баулу керек екенін айтып жатады. Бір жағынан алып қарасақ, бұл да дұрыс секілді. Дегенмен еркіндікке жіберген баланың ертеңі қалай болады? Оны да ойлап қойғанымыз абзал. Әсілі еркіндікке жібергендердің кейбірі тәнін өзгертіп, ері әйелге, әйелі ерге айналып бара жатқан жоқ па? Ата-ана да осы тұста қорқақтайды.
Ата-ана парызы тек баланы дүниеге әкелу емес, сонымен қатар жақсы тәлім-тәрбие беру. Кейде баланы көп шектейміз. Айталық, балаға телефон көп көрме, ойыншықтарыңды шашпа, тыныш отыр дегендей қатаң тапсырма береміз. Сәйкесінше оған айналысатын екінші іске таңдау ұсынбаймыз. Мәселен телефон көрме, бірақ «кел екеуміз сурет салайық» деген секілді баланы басқа іспен айналысуға шақырмаймыз.
Ең алдымен, балаға ата-ана жауапты. Бала «бала» болғаны үшін де өз-өзіне жауап бере алмайды. Оның таңдауына атаана тікелей байланысты. Әрине, балаға таңдау құқығын берген дұрыс. Оның қалауымен, ойымен санасу керек. Бірақ оның дұрыс шешім қабылдауы ата-ананың жауапкершілігінде.
Тәрбиеде шектеудің мүлде қажеті жоқ деуден аулақпыз, әрине. Дей тұра балансты сақтау керек секілді. Кей жерінде «болмайды» деп айту да маңызды. Әсіресе балалардың тамақтану процесінде зиянды дүниелерден шектеп отырған артық етпейді. Себебі, сіз балаға оның келтірер кеселін біліп тұрсыз, ал бала мұны білмейді.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
10 қараша 2023 ж. 377 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 219

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 150

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 326

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930