» » » Балаға мейірімді мәміле керек

Балаға мейірімді мәміле керек

qarmaqshy-tany.kz Бүгінде бәрі жұмысбасты. Баладан бұрын жұмыс маңызды боп кеткендей. Әрине, баланы асырау үшін жұмыс керек. Десе де ол қаншалықты қауырт болса да, қаншалықты шаршап-шалдығып жүрсе де ата-ана бала тәрбиесін басты назарда ұстауы тиіс.

Бала бойындағы табиғи қасиет пен адами құндылық отбасында, мектепте, қоршаған ортамен қарым-қатынасы негізінде қалыптасады емес пе?! Әрине, тәрбиенің негізі – отбасында.
Ата-ананың кейбірі баланы ұрып өсіреді. Қолына түскенімен қойып қалады, қағып түсіреді. Иә, бала мейірім емес, таяқ жеп өсіп келеді. Бәзбіреулер «таяқпен де өстік, жаман болғанымыз жоқ» деп жатады. Дегенмен қазіргі заман басқа, қоғам басқа, ал баланың психологиясы тіптен бөлек.
Қазір қоғам өзгерді ме, әлде ата-ананың ұрпақ алдындағы жауапкершілігі төмендеді ме, әйтеуір, соңғы кезде бала тәрбиесінде бейқамдық байқалады.
Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады дейді дана халқымыз. Ата-ананың көбі сауатты. Әріден соң екінің бірінің қолында телефон. Қалауын тапса, қажетті ақпаратын әп сәтте-ақ тауып алады. Бала психологиясын оқимын, баламен дұрыс қарым-қатынас құрғым келеді деген аналардың да қарасы көбейді. Баланы бұрынғыдай көзқарас пен қатаң мінезбен тәрбиелеу қиынырақ. Психологияда жылы сөзбен жүрекке жеткізу әдісі кең қолданылады. Кезінде Абай атамыз да қара сөздерінде «Тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ» деген еді ғой. Дәл солай. Балаға да аялы алақан, жылы сөз бен мейірім қажет-ақ.
Рас, балаға мейірімді мәміле жасау керек. Сүйікті пайғамбарымыз немересін сүйген кезде, біреу көріп: «Йа Расулаллаһ! Менің он бала-шағам бар. Бірақ ешбірін сүймеймін» деді. Оған «Мейірімділік етпеген, мейірімділік көре алмайды» деп жауап береді. Тағы бір Хадис шәрифте «Балаларыңды көп сүйіңдер, әр сүйгендеріңде жәннаттағы дәрежелерің өседі» делінген.
Бала психологиясында ұрмай-соқпай, еркін тәрбиеге баулу керек екенін айтып жатады. Бір жағынан алып қарасақ, бұл да дұрыс секілді. Дегенмен еркіндікке жіберген баланың ертеңі қалай болады? Оны да ойлап қойғанымыз абзал. Әсілі еркіндікке жібергендердің кейбірі тәнін өзгертіп, ері әйелге, әйелі ерге айналып бара жатқан жоқ па? Ата-ана да осы тұста қорқақтайды.
Бала үшін бас ұстаз – ата-ана
Бүгінде баланы қатып қалған бір тәртіппен тәрбиелей алмайсыз. "Қазіргі балалар қиын" деген ата-аналар шағымын жиі естіп жатамыз. Бала айна іспетті. Оған айтқан әрбір сөз, көрсеткен іс-әрекетті айна қатесіз қайталайды.
Бірде балам бұзықтық жасады. Ұрыстым. Артынша бұл әрекетінің дұрыс еместігін, өзімнің де қате жасағанымды мойындап кешірім сұрадым. Осылай екеу-ара мәмілеге келдік. Арада біраз уақыт өткен соң кіші балам ашуланып ұрыса бастады. Алдындағы келісім бойына сіңгендей үлкен ұлым келіп "Айбархан, анамызға ұрыспасайшы" деп қойып қалды. Жүрегім елжіреп сала берді. Ұрысқаннан пайда болмайтынын көрді. Әрі оны бауырына үйреткісі келіп отырғанына шын қуанышты болдым.
Қарым-қатынастың құпиясы қандай?
Әдетте ата-аналар ұл-қызын дұрыс тәрбиелеу үшін қатал ұстағанды жөн санайды. Кейбір отбасында баланы ұру, күш қолдану қалыпты жағдай саналып, тәрбиелеудің бір түріне айналып кеткендей. Тіпті, мұны жақтайтындар да бар. Бұл әрекет арқылы бала бойындағы жауапкершілікті арттырып, тәртіпті сіңіреміз деп ойлайды.
Әсілі, баланы ұрып тәрбиелеуге болмайды. Бұл тек уақытша қолданатын тиімді әдіс деп ойласа керек. Мұның салдары ата-ана үшін де, бала үшін де өте ауыр болмақ. Бала осының әсерінен жасқаншақ, қорқақ, өз- өзіне сенімсіз болып өседі. Екінші қырынан бала агрессивті, ашушаң болады. Сол себепті балаға мейлінше қол көтермеу қажет.
Ата-ана парызы тек баланы дүниеге әкелу емес, сонымен қатар жақсы тәлім-тәрбие беру. Кейде баланы көп шектейміз. Айталық, балаға телефон көп көрме, ойыншықтарыңды шашпа, тыныш отыр дегендей қатаң тапсырма береміз. Сәйкесінше оған айналысатын екінші іске таңдау ұсынбаймыз. Мәселен телефон көрме, бірақ кел екеуміз сурет салайық деген секілді баланы басқа іспен айналысуға шақырмаймыз.
Ата-аналар не айтады?
Оң мен солын танып келе жатқан бала біреуге қарап еліктейтіні айдан анық. Сол себепті ата-ана бала үшін ең бірінші «ұстаз» болады. Мәселен, әкесі баласына: «Тамақ ішпес бұрыс қолыңды жу» деп, өзі бұл талапты орындамаса, балаға қанша ұрысқанымен бала көргенін қайталайды. Баланың дұрыс тәрбие алғанын қаласақ, өзіміз де соған сай іс-әрекет жасауға тиіспіз.
Баламен неғұрлым ашық және жиі сөйлесу маңызды. Әр баламен жеке уақыт өткізуді әдетке айналдыру қажет. Себебі әр бала ата-анасының назарында болғысы келеді. Сонымен қатар баланың өміріндегі маңызды күндерде жанынан табыла білудің өзі балаға жылу сыйлайды. Әрбір жетістігіне қуанып, еркелете білу керек. Сол арқылы бала өзінің қажеттілігін сезінеді.
– Баламен жиі сырласамын. Олар да ішкі дүниесін жасырмай ашық айтады. Бірінші кезекте ата-ана мен бала арасында шынайылық болуы керек. Екіншіден, балаға ұялы телефонды қолдануға рұқсат беремін. Белгілі бір уақытқа ғана. Себебі оның да пайдалы тұсы бар. Телефон арқылы ол тілдерді, түстері тез үйрене алады деп ойлаймын. Отбасында балаға мүмкіндігінше көбірек көңіл бөлуге тырысамыз. Арнайылап бір күнді отбасы күніне арнап, оларды ойын алаңдары мен арнайы орталықтарға да көптеп апарамыз. Балалық шағында "әттеген-айы" болмаса екен деймін. "Жақсыны көрмекке" дегендей, баланың дұрыс дамып, қалыптасуы үшін қолдан келгенін жасаймын. Әр жазғы демалысты алдын ала жоспарлаймыз. Былтыр Алматыға қаласына бардық. Сонда балаларға жануарлар саябағын көрсеттік. Әдетте олар теледидар мен телефоннан көрсе көзбен көру тіптен ерекше әсер сыйлады. Осылайша балаға шынайылықты көзбен көрсеткім келді, – дейді жас ана Баршагүл Сахиева.
Бала тәрбиесі – үздіксіз еңбек
Ең алдымен, балаға ата-ана жауапты. Бала "бала" болғаны үшін де өз-өзіне жауап бере алмайды. Оның таңдауына ата-ана тікелей байланысты. Әрине, балаға таңдау құқығын берген дұрыс. Оның қалауымен, ойымен санасу керек. Бірақ оның дұрыс шешім қабылдауы ата-ананың жауапкершілігінде. Мұны естен шығармаған жөн. Екінші мәселе – "біздің үйдің еркесі" деген түсінікті өзгерту керек. Шаңырақтағы балаларды үлкен-кіші деп бөліп-жарып қарамау қажет. Қазақы танымда қартайғанда бағатын осы кенжеміз деп ерекше ықылас танытып жатады. Мұны естіген басқа балалардың психологиясы бұзылуы мүмкін. Сондықтан бәріне бірдей көңіл бөліп, бірдей еркелеткен дұрыс. Ең жаманы – туған бауырлардың арасында қызғаныш. Үйдің тұңғышы болып дүниеге келгеніне үлкен бала кінәлі емес қой. Баланың барлығы сүйіспеншілікке, мейірімге мұқтаж. Сол себепті әр баланы өзінің жас ерекшелігіне сай бірдей еркелетіп қарау керек. Түйін
Қарбаласқа толы тірліктен қолы босамайтын ата-ананың бір сәт бала жанында болғаны оған қуаныш сыйлап, көңілін шаттандырады емес пе?! Бір қарағанда бәрі дұрыс көрінуі мүмкін. Ата-ана бала үшін еңбек етуде, бала да өздігінен даму үстінде. Бірақ бір нәрсе орнында емес. Балаға деген мейірім мен махаббат басқа дүние үшін жұмсалуда. Өзекті өртеп, өкініш кернейтіні де осы жағдай. Бәлки, қоғамдағы кейбір келеңсіздіктер осы отбасындағы мейірімнің жетіспеуінен болып жатқан шығар. Кім білсін?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ
04 қаңтар 2023 ж. 1 424 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 024

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031