Бала контенті бақылауда ма?
Фото
Бала тәрбиесіне бірінші кезекте атаана, содан кейін тәрбиеші мен ұстаз жауапты. Бұрын солай болған. Ал қазір ше? Бәрі өзгеріп кеткен тәрізді. Жұмысбасты ата-ана жан тыныштығы үшін баланың қолына смартфон ұстата салады. Осыдан соң тентегі үйді басына көтеріп жүгірмейді, етегіне жармаспайды, мазасын да алмайды. Бір бұрышта мұрны пысылдап, өзіменөзі отыра береді.
Рас, бүгінгінің баласын смартфон тәрбиелеп жатқаны – ащы да болса шындық. Заманның да ыңғайы осындай болып отыр. Көрсетпеймін, телефон ұстатпаймын деген болмайды. Олай етсеңіз, бала психикасына зақым келіп, өзін қатарластарынан кем көруі мүмкін. Қайтпек керек? Тығырықтан шығар жалғыз жол – баланың не көріп отырғанын қадағалау. Балалар не көріп, не үйренуде? Олардың санасына қандай ақпарат құйылып жатыр? Саралап көрсек.
YouTube тәрбиелеген ұрпақ
Елімізде балалар ең көп кіретін сайт – Youtube желісі. Мұнда арнайы «қауіпсіздік режимі» бар. Әлем қолданатын желі болғандықтан, күн сайын миллионға тарта видео жүктеледі, олардың арасында пайдалы контентпен қатар қатыгездікке үндейтін зиянды ақпараттар немесе ересектерге арналған видеолар да өріп жүруі мүмкін. Балаға телефон берер кезде сақтық үшін «қауіпсіздік режимін» қосып қойған жөн. Мұнда баланың ой-өрісін дамытып, білімін арттыруға бағытталған сан түрлі арна бар. Бірінде түстерді ажыратуды көрсетсе, келесілері сурет салуды, енді бірі қағаздан ою-өрнек қиюды үйретуі мүмкін. Әлем қызықтарын, табиғаттың тылсым жаратылысын жеңіл тілмен түсіндіріп беретін видео да жеткілікті. Егер балаңызды осындай дүниені тамашалауға үйретсеңіз – жеңіске жеткеніңіз. Бұлар бала бойындағы шығармашылық қабілеттерді ашып, өзінің тұлғалық қасиеттерін көрсетуге мүмкіндік береді.
YouTube-та балаларға арналған контент көп. CashNetUSA зерттеуіне сәйкес, балалар контенті әлемдегі ең тиімдісі екен. Сондай-ақ 11 жасқа дейінгі балалардың шамамен 80%-ы YouTube-ті көреді. Ересек адамдардың контентіне қарағанда миллиард қаралым жинай алатын ол балаларға арналған жобалар. YouTube-тағы балаларға арналған контенттің танымалдылығымен қатар қауіпсіздік пен деректерді қорғауда бірқатар мәселе мен қиындықтар да бар. YouTube өзінің жас аудиториясының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін балаларға жеке платформа – YouTube Kids-ті енгізді. Балалар контентінде YouTube-та ең танымал болған ол «Бала акула» (Baby Shark) – акулалар отбасы туралы балаларға арналған би әні. 2016 жылы 18 маусымда шыққан корейлік жоба Pinkfong орындаған бейнеклип танымал вирустық бейнеге айналды. 2018 жылдың күзінде сингл 11 апта бойы Kid Digital Song Sales диаграммасында бірінші орыннан түспеді. 2022 жылдың 13 қаңтарында көру саны 10 миллиардтан асты. Ал 2024 жылдың мамыр айындағы жағдай бойынша бейне 14 миллиардтан астам қаралым жинады. Ағылшын тілінде көрсетілген бұл жобаның кейін қазақша нұсқасы да ұсынылды. Сонымен қатар балалар арасында танымалдыққа ие болған мультсериалдың бірі – Көк тракторды айтуға болады. Сериалдың басты кейіпкері – көк дөңгелекті трактор. Ән мен ертегі айту арқылы балалардың сүйікті сериялына айналды. Көк трактор өзінің тіркемесі арқылы жүктер мен жануарларды тасымалдайды. Бұл контент балаға қалай санау керек, әртүрлі машиналардың қалай жұмыс істейтіні, жануарлардың аттарын ұсынады. Ал Қазақстанда балалар үшін ұсынылып ең көп қаралым жинаған видеоконтент әнші Жазира Байырбекованың «Әлди-әлди» деп аталатын бесік жыры. Оның қаралымы 119 млн-ға жетіп отыр.
Мәнсіз мультфильм
Өскелең ұрпақ тәрбиесінде аса қажет құралдардың бірі – мультфильм. Қазіргі таңда батыстың мультфильмдері бүлдіршіндердің ойын әбден жаулап алған десек артық айтқандық емес. Тіпті көп ретте соған тәуелділік туындайды. Балалардың көпшілігі қазіргі уақытта ойыншыққа аса қызықпайды.
Негізінде көбіміз мультфильм дегенге менсінбей қараймыз. Оны тек баланың көңілін аулап, көзін қызықтыратын дүние секілді көреміз. Содан соң баламыздың қандай мультфильм қарап жүргенін, одан не үйренгенін ескермейміз. Баланы білімді қылатын да, бүлдіретін де – осы мультфильм.
Жиырма жылдан бері бала психикасын зерттеп жүрген неміс психологы Райнер Пацлаф теледидардың баланың дамуына әсер ететінін жазыпты. Психолог «баланың дұрыс дамуы оның көрген мультфильміне байланысты» деген қорытындыға келген. Кейіпкерлердің көзі үлкен болған сайын бала жалтақ, қорқақ, өз пікірі жоқ һәм өзіне сенімсіз болып өседі екен. Соның салдарынан оның сабаққа деген құлшынысы да төмендейді. Мультфильмдегі әйелдердің толық әрі сиықсыз болып суреттелуі кішкентай қыздардың болашақта ана атануына кедергі келтіретін көрінеді. Сол секілді бала теледидардан алып денелі құбыжықтарды көрген сайын ата-анасына қарсы келгіш болады. Оны айтамыз-ау, мультфильм бояуының қанықтығы мен дауысының жоғары болуы, тіпті сюжетіне дейін баланың болашағына әсер етеді. Баланы шынайы өмірден алыстататыны дәлелденіп отыр.
Шыны керек, қазір балаларымыз «Маша мен аюды» он айналдырып қойып берсең де, аузын ашып отырып көреді. Баланы өзіне магнитше тартатындай бұл мультфильмнің қандай құпиясы бар? Графикасы мен сапасына қояр мін жоқ. Кейіпкерлері де сондай шынайы шыққан. Алайда Машаның өзіне бір қарадыңыз ба? Бірбеткей, бұзақы, бетпақ. Білетіні – бұзықтық, бүлдіру. Демек, бұл мультфильм «өмір сүрудің бүкіл ережесін бұзып, өзің қалағандай өмір сүр, сені бәрі кешіреді» деген ой тастайды. Шынында, Машаны көрген бала оның әрекеттерін айнытпай қайталайды.
Ал біз балаларымыздың тәрбиесін осындай мәнсіз мультфильмдерге ысырып қойып отырмыз. Сондықтан олардың не көріп жүргенін бір сәт қадағалап тұрған дұрыс секілді. Балаға «мультфильм көрме» деп тыйым сала алмайсыз. Себебі оған мультфильм ауадай қажет. Сонда не істеу керек? Бұл орайда психологтың кеңесіне жүгініп көрдік.
– Бізде балаға не көруге болатынын өзіміз таңдап беру деген жол бар. Кітапты таңдап оқыған секілді, мультфильмді де таңдап көрмесе болмайды. Кейіпкерлері көңілді, адал, ажарлы мультфильмдерді көрген дұрыс. Ол мультфильмді баламен бірге отырып көрген абзал. Сонда баланың көңіл-күйінде өзгеріс болады. Ата-анаға деген махаббаты оянады. Қазір әлемдік анимация өндірісінде адам түсінбейтін жаңалықтар болып жатыр. Балаңыздың болашағын бүгіннен қолға алғыңыз келсе, оның әрбір көріп жатқан мультфильмі мен киносын бақылаңыз. Оған ұрысып, айқайламай, жаныңызға жақын тартып, түсіндіріңіз, – дейді психолог Арайлым Танхиева.
«Теледидарға телмірген баланың тілі кеш шығып, қатарымен ойнап өскен баладан гөрі тілі қарабайыр, мінезі бұйығы келеді» дейді мамандар. Мұны ескеру керек-ақ. Міне, мамандардың пікірі осындай. Бірақ төріміздің бір бұрышын иемденіп алып, күнұзақ сарнап тұратын теледидарды өмірімізден алып тастай алмайтынымыз анық. Ендеше, тым болмаса, шектеу шараларын қолға алсақ игі.
Пайғамбарымыз «Жақсы мен жаман жолдас әтірші мен от жағушыға ұқсайды. Әтіршінің қасында болсаң, жақсы иісті иіскейсің немесе жақсы иіс үстіңе жұғады. От жағушының жанына барсаң не көйлегің жанады, не болмаса жаман иісті жұтып қайтасың» деген екен. Білгенге, мультфильм де осы секілді, жақсысы мен жаманы бар. Балаңа жаманын көрсетсең, тәрбиесінде қара дақ қалады. Жақсысын көрсетсең, жүрген жері шат болады.
Ал енді ата-аналар не айтады екен? Соны көрелік.
– Үш баланың анасымын. Үлкенім мектеп оқыса, ортаншым балабақшаға барады. Ал кенже қызым үйде. Балаларға көбіне-көп телефон ұстатпаймын. Демалыс күндері аз уақыт көруге рұқсат беремін. Себебі оның да пайдалы тұсы бар. Телефон арқылы ол тілдерді, түстерді тез үйрене алады деп ойлаймын. Телефоннан мүлдем шектеп тастауға да болмайды. Шектен тыс шектеу де балаға кері әсерін береді. Мысалы, балаға «болмайды» деп айтқан сайын, сол әрекетті жасап көргісі келеді. Сіз үйде телефон бермегеніңізбен, ол сыртқа шығып басқа баланың телефонын алып көреді, қарайды, – дейді Асел Жарболсынқызы.
Иә, бала мультфильм көргенді ұнатады. Айналасымен танысып үлгермеген балғын үшін бәрі таңсық, бәрі қызық. Баспайтын жерді басқанды ұнатады. Бірақ оның бәрі пайдалы емес.
Балаңыз не көріп жүр?
Қазір еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін телефон қолданатыны жасырын емес. Жылаған баланың қолына бірден смартфон ұстатып, бастысы тыныш отырса болды дегенді ұстанатын ата-аналар да бар. Осыдан кейін балада телефонға деген тәуелділіктің туындайтынын жоққа шығара алмаймыз. Желіде пайдалы контент қана емес, сонымен қатар балаларға, олардың денсаулығы мен психикалық дамуына теріс әсер ететін ақпарат кездеседі. Ата-аналар тарапынан отбасыларда және жақын ортада бақылаудың болмауы салдарынан балалар түрлі жағдайларға ұрынып жатады. Бірі сол желі арқылы кибербуллингтің құрбаны болады. Сондықтан ата-ана баланың көріп отырған киносы мен мултьфильмінің жас шектеуіне қаншалықты назар аударуы керегін ескергені де дұрыс.
Бір жиында «балалардың не көріп жүргенін бақылайсыңдар ма?» деген сұрақты қойды бейтаныс кісі. Қазір әлеужелі арқылы түрлі бейнелер тарап жүр екен. Әсіресе балаларға жатар алдында «газды қосып ұйықтаңдар. Таңертең періште болып тұрасыңдар» деген секілді ақпарат айтатын көрінеді. Балалық шақ не болса соған сенетін кезең. Осы си-яқты әңгімелер де баланың санасын улауы мүмкін. Сол себепті мүмкіндігінше баламен сырласып, не көріп жүргенін тексеріп қойған артық етпейді.
Түйін Бала тәрбиесінде ата-ананың орны ерекше. Ізіңізді жалғастырар ұрпағыңыздың бүгінін назарда ұстау арқылы келешегінің жарқын болуына жағдай жасаңыз. Сіздің бала бойына сіңірген тәрбиеңізді, тәрбиешілер мен ұстаздары үйреткен білімді интернет әп-сәтте жойып жіберуі ғажап емес. Сондықтан балаңыздың телефонда не көріп отырғанын бақылауда ұстаңыз. Әйтпесе бармақ тістеп қалуыңыз әбден мүмкін.
Ақнұр САҒЫНТАЙ