БІРІН АЙҒА, БІРІН КҮНГЕ БАЛАҒАМ...

Ардақты да аяулы анамыз, Қармақшы ауданының құрметті азаматы, тыл ардагері, білім саласының озық қызметкері, ақын, ардагер-ұстаз, қайраткер ана Пал Омарқызының дүниеден озғанына бірер айдың жүзі болыпты. Осылай зулап күндер өтер, бірақ жүректің сыздағаны, сағыныш сезімі одан сайын озып тұр. Бұл күйді айтып жеткізу оңай емес.
Ана жайлы ойыңды айтып тауыса алу мүмкін бе?! Әркімнің өз анасына деген махаббаты шексіз. Біз де анамыздың әкеміз кеткеннен кейін бізге сыйлаған мәнді өмірі үшін алғысымызды айта отырып, перзенттік өз ойымызды аз да болса жеткізгіміз келді.
Анамның өзінің анасына арнаған өлеңінде мынадай жолдар бар:
«Еске алып сағынамын жаным анам,
Қырық жыл өтті, өзгерді жаңа заман.
Өзіңдей шексіз мейір жоқ екен жан,
Өлгенімше жоқтармын келсе шамам.
Екенсің жалғандағы сая бағым,
Әкені де жоқтатпай аяладың.
Қарсы тұрып тағдырдың қаһарына,
Қолыңнан келгеніңді аямадың.
Жаның ұлы кеңдігіндей даланың,
Әуеніңмен есіткем ілім ғажабын.
Қайыспадың заман жүгін арқалап,
Еншіледің сүргін-зұлмат азабын».
Осы өлең жолдары бүгінгі күні өзі жоқта толығынан өзіне де айтылатын біздің сағынышымыз болып тұр.
Аяулы асқар тау әкеміз Керуенұлы Камаладдин өмірден ерте кетті. Небәрі 58 жаста еді. Жүрек қан жылап, өксіп қала бердік. Әкеміз көп сөйлемейтін, жұмысына берік, білікті маман еді. Одан басқа жан-жақты оқымысты болатын. Әке ретінде өте мейірімді, жаны нәзік, кез келген өтінішімізді орындайтын, сабағымызды бақылайтын. Сабағымызда үй тапсырмасын тексеріп, дайындауға көмектесетін. Таңертең ерте тұрып шайымызды, нанымызды дайындап, мектепке жіберетін. Газеттерді, қазақ тілінде кітаптар оқытатын, не түсіндіңдер деп сұрайтын, талқылайтын. Мамандық таңдауымызға толығынан қатысып, бірақ ақырғы шешімді өз құқығымызға беретін. Жоғары оқуға түсу кезінде барлығымызға еріп барып, қасымызда болып, емтихан тапсырғанда демеп жүрді. Каникулға келгенде күтіп алып, шығарып салатын. Әрқайсысымыз әр қалада оқыдық, кейбір кезде жазғы каникулда кездесе алмайтын кездер болады. Өйткені ауыл шаруашылық жұмыстарына алып кетеді. Сондайда әкеміз машина ұйымдастырып бізді бір-бірімізбен кездестіретін. Біз 6 қыз болдық, біреуі сәби күнінде шетінеп кеткен. Ұлы, кенжесі, кейінірек болды. Бір кісілер «Сенде ұл жоқ» дегенде әкеміз «балаларымды 10 ұлға айырбастамаймын» деп жауап беріпті. Біз ешқашанда «қыз» деген сөзді естіген жоқпыз. Шүкір, әкеміз ұлды болды. Ол ұлынан ұл бар – келешек қара шаңырақ иесі. Алла ұзақ өмір берсін деп тілейміз. Ұрпағы жалғасуда. Тәрбие талабы шешеміз екеуінікі бірдей еді. Бірақ басым жағдайда түпкі шешімді әкеміз шығаратын. Анамыз айтатын «әкелерің момын, ешкімнің маңдайына жел боп тимеген. Сосын шығар ерте кеткені» деп. Айтады ғой: «ол жаққа да жақсы адамдар керек» деп. Дегенмен әкеміз тұңғышының оқу бітіріп, жұмысқа қосылғанын көрді, шамалы уақыт болсын нанын жеді. Алғашқы немерелерін сүйіп, құда-жегжат қатынасын көріп кетті. Десе де, кенжесі, бір түйір ұлы мектеп бітірген жоқ еді. Қалған балалары институтта оқып жатты.
Қанша уақыт өтсе де әкемізден көрген осындай жылы естеліктер әрқашанда жүректе, барлығы есте, көз алдымызда. Осы уақытқа дейін айтып отырамыз «папа былай айтатын, папа былай жаса дейтін, папа болса не айтар екен деп...». Содан бері қырық үш жыл өтті. Әкеміз барда көп нәрсеге араласпайтын шешеміз бар жүкті, тіршілікті – үйдегі, түздегі өзіне артты, өзі атқарды. Қалай атқарды, қандай қиындықтар болды, немен, кіммен күресті біз ешнәрсе білмей өстік. Ешқандай істен таршылық көрген жоқпыз, соған қарамастан біздің тәрбиемізді, туыстармен, айналамызбен қарым-қатынасымызды, сыйластық пен адамгершілік дағдыларымызды қатты бақылайтын. «Ешкімнен артық емессіңдер, ешкімнің ала жібін аттамаңдар» деген қағидамен өстік, сонымен келе жатырмыз.
Қыздарын ұзатты, ұлын үйлендірді, бұл қуаныш әрине. Бірақ үлкен қайғыны да басынан өткерді. 31 жасқа қарағанда қызы Роза дүниеден өтті, оның артында үш баласы қалды. Екі жиен немересін қолына алып, мектепке беріп, оқытып, бағып қақты. Сонда біз, «қалайсыз?» деп сұрағанда «бұл сынақ, жүректің жарасы, ол жазылмайды, сүйегіммен бірге кетеді, сендер аман болыңдар, бүлдіршіндері аман болсын» дейтін. Қызының орнына 3 жылдан кейін немерелеріне ана келді. Оны да қызымның орнына келді деп, төркіндетті. Кешегі күнге дейін сол немерелерінен ешқандай көмегін аяған жоқ, тұрмысқа берді, барлық қаде-қауметін толық орындады, марқұм күйеу баласына демеу болды, бірақ оны да жоқтады.
Ана – әрбір адам баласы үшін ең ыстық, жанға жақын, мағыналы да қастерлі сөз. Адамзат баласы алғаш дүние есігін ашқанда ананың ақ сүтімен бойына нәр алады, ана құшағына еніп, мейіріміне бөленеді. Адамның аузынан шығатын ең алғаш сөзі де – ана. Міржақып Дулатов ағамыз айтқандай, «бізді сүйетұғын, күйетұғын, әрқашан қамымызды ойлап жүретұғын абзал жанды адам, бұл – ана». Иә, баласы алдына қойған мақсатына жетуі үшін ана жанын қиюға да дайын деген осы шығар. Ана баласының үлгілі азамат болып өсуі үшін бар күшін салып, тер төгеді. Анамыз «сендердің табандарыңа кірген тікен, менің маңдайыма кірсін» дейтін. Бұл сөзді, бұндай сезімді тек ана қана айта алады. Біз мінеки осындай анамыздың арқасында терең махаббатты, қорғанды, шексіз ыстық құшағын сезіп өскен жандармыз.
Әрине бүгінде әрқайсысымыз үйлі-баранды болып, жан-жақта өмір сүрудеміз. Дегенмен, анамызға барғанда «келдіңдер ме, жандарым» деп, иіскеп құшақтап, маңдайымыздан сүйіп қарсы алатын, кетерде батасын беріп, шығарып салатын кездерінде біраз жасқа келгенімізді ұмытып, кәдімгідей еркелейтін едік. Қуантып Алматыға келетін, сосын Қармақшыдан қандай хабар бар, ел-жұрт аман ба, туысқандар қалай екен деп, амандық тілеп отыратын.
Әр немересінің, одан кейін әр шөбересінің жағдайын бақылап, оқуын сұрап, жетістіктеріне қуанып, бата беріп отыратын. Бұл күндер мәңгілік есте, жүректе ойып тұрып орын алып, сағыныш болып қалады енді...
Айта берсек еске алатын жағдайлар көп. «Анаңды Меккеге үш мәрте арқалап барсаң да, қарызын өтей алмайсың» деген дана қазақ халқы. Шынында да, осыншама қиналып, көз жасын төге жүріп, бізді өсірген анамызға алғысымыз шексіз.
Сөзіміздің соңында бізді қиын күнімізде қолдаған, демеген, бізбен бірге жылаған туыстарға, анамыз туралы жақсы естеліктер, жылы сөздер айтқан Қармақшы халқына, ардагерлер ұйымына, әкімдікке ризашылық білдіреміз. Аман болыңыздар, жақсы күндерде, жақсы хабарда жүздесуге жазсын.
Софья ОМАРҚЫЗЫ,
қызы