» » Анаға сағыныш

Анаға сағыныш

qarmaqshy-tany.kz МЫНА ЖАРЫҚ ДҮНИЕДЕ ЖҰМЫР БАСТЫ ПЕНДЕНІҢ АНАСЫНА ДЕГЕН МАХАББАТЫ ШЕКСІЗ ЕКЕНІ СӨЗСІЗ. КЕЗ КЕЛГЕН АДАМНЫҢ ӘДЕПТІЛІГІ МЕН ЖАН ДҮНИЕСІНІҢ СҰЛУЛЫҒЫ ЕҢ АЛДЫМЕН БАЛАҒА АҚ СҮТІН БЕРІП, ӘЛПЕШТЕП ӨСІРГЕН АНА ЖҮРЕГІНІҢ ЖЫЛУЫНАН БАСТАЛАДЫ. АДАМЗАТТЫҢ ОСЫ АСЫЛ ЖАНҒА ШЕКСІЗ БАС ИЕТІНІ СОНДЫҚТАН. ЖАЛПЫ АНА ТУРАЛЫ ОЙДЫ АЙТЫП ЖЕТКІЗУ МҮМКІН ЕМЕС. АҚЫНДАР ЖҮРЕКТЕН ЖЫР АРНАСА, ЖАЗУШЫЛАР БҰЛ ТУРАСЫНДА ТОМ-ТОМ КІТАП ЖАЗҒАН. АЛ МЕН АНАМ ЖАЙЫНДА БЫЛАЙ ЖЕТКІЗБЕКПІН.

Оның Қармақшы топырағына аяқ басуы 1978 жылдың көктемінде болыпты. Әкем Жалғасбайға тұрмысқа шығып, сол кездегі Энгельс, қазіргі Дүр Оңғар ауылындағы атам Әбдірахман (халық Тампан деп атап кеткен) мен әжем Сәбеннің қара шаңырағына құтты келін болып түскен. Қазақта «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» дейтін мақал сөз тектен-текке айтылмаса керек. Бір әулеттің ұрпағын жалғап қана қоймай, айналасына үлгі, өнеге, өмірлік адами тәрбие мен тәлімді насихаттап кеткен жан.
Айымсұлу Кенжебайқызы Қазалы ауданына қарасты Аранды ауылдық кеңесінде туған. 1970 жылы №25 Жданов атындағы қазақ орта мектебін бітіріп, 1971 жылы Қызылорда қаласындағы №69 кәсіптіктехникалық училищесіне оқуға түседі. Одан кейін ізгіліктің отаны білім шаңырағына қызметке орналасып, кейін өмірлік серігі әкемді жолықтырған. Осылайша отау құрып, өмірге екі қыз, екі ұл әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Әкем 42 жыл ғұмырын білім саласына арнаған жан. Қазіргі таңда зейнетке шыққан ардагер ұстаз. Ал анам №107 орта мектепте ұстаздық етіп, осы білім шаңырағынан зейнетке шыққан. Анамның үйде әкемізді сыйлағаны сонша «әкелерің келе жатыр» деп бұл сөзді ерекше бір құрметпен, бізге сондай қадірлі қылып естіртуші еді. Біз үшін бұл анамыздың ішкі тәрбиесінің, мәдениетінің жоғарылығын көрсетіп тұратын. Сонда төрге көрпеше салып, әкеміздің қолына жылы су құйып, таза сүлгісін дайындап тұратынбыз. Дастарқан басына ас келіп "біссіміллә" деп әкеміз бастамайынша тамаққа қол салмайтынбыз. Бұл көрініс мен ес білгелі біздің үйдің ішкі тәртібі болатын. Ия, текті жерден қыз алсаң тектілігін көрсетер деген осы болар. Қазақта тектілік деп байлықты емес, билікті де емес осындай дініне берік, азаматына құрмет көрсете білетін ұл мен қызға өнеге көрсете алатын асыл жардың әрекетін айтса керек.
Шешемнің кісі танырлық дара қасиеті де болатын. Соның дәлелі – аты көпке таныс, қолының ептілігімен небір үгіліп сынған сынықтарды ретімен жинап, орны-орнына орналастыратын қолы шипалы сынықшы Қыржықбай атаның жалғасы марқұм Дабысбек атамызды жаны қалмай, әулие көріп сыйлаушы еді. Бірде үйге ағайын жақтан ақсақал кісілер қонақ болып келіпті. Ішінде Дабысбек атамыз да болса керек. Үйге келген меймандар ас-су ішіп болған соң дастарқанға бата тілемекші болады. Сонда әлгі сынықшы атамыз батаны Айымсұлу берсін депті. Бұл тосын ұсынысқа қонақтар мен әкем аң-таң болыпты. Сонда анам «Аға, сіздер тұрғанда маған қандай бата?» деп ыңғайсыздық білдіріпті. Расымен дастарқанда отырған кісілер әкемнің ағалары, яғни анамның қайынағалары. «О заман да бұ заман, қазақтың салтында келін көпшілікке, қайынағаларына бата беруші ме еді?» деп шуласыпты. Дабысбек сабырмен анамның арқасынан қағып «Бұл келін бөлек бала, қасиетті, тегі бөлек адам» деп бата бергізіпті. Сонда шешем «Аллам, кең пейіл, кетпес дәулет бере гөр!» деп өзінен жасы да, жолы да үлкен қонақтарға бата беріпті.
Жаратқан пендесіне талай нығметті береді екен. Оған денсаулық, байлық, билік, бала, адал жар, тағы басқалар кірсе, ал ең жақсы көрген пендесіне иман байлығын беретіні тағы бар. Анамның бойындағы Жаратушысының берген асыл қасиеті, байлығы – сол ішкі адами иманы еді. Бұл қасиетті тек төрт баласына емес, алдындағы шәкірттеріне де бере алды. Екіжүзділік, жағымпаздықтан бойын таза ұстады. Сонысымен кейде жақынына да жақпай қалатын. Анама бұл қасиетін қолпаштай «Апа-ау, бұл жалған сіздің шындығыңызды көтермейді» деп отыратынмын. Ол екі жасында әкеден, сегіз жасында анасынан айырылып, бауырларының қолында тәрбиеленген. Балалық өмір жолы тағдырдың қатал ызғарына толы болғандықтан, анам ауылдағы жетім-жесір кісілерді қамқорлап жүретін. Сонымен қатар, обал-сауапты мақсат еткен жан еді. Өз анасы Әмида әжеміз туралы айтқанда «Ақ орамалына кір жұқпайтын өте таза, сұңғақ бойлы, дана әйел болды. Көз алдымда анамның намаз оқып тұрған бейнесі келеді» деп көзінен мөпмөлдір жас тамшылары тамыптамып кететін. Анасын аңсаған шешемді көріп жалған дүниеде ананың аялы алақаны мен баласына деген ыстық ықыласынан биік, дегдар не бар деуші едім? Енді міне өзім ана болсам да анамды аңсағанда атқақтап кеткен жүрегімнің түкпіріндегі сары сағынышым мен іште жүрген ойымды қағаз бетіне түсіріп, жастарға үлгі болсын деген ниетпен жазып отырмын. Үлкен тұрмақ баланың көңіліне қарайтын қасиетін ерекше бағалаймын. Бала болып байқамаппыз. Асыл дінімізде кісінің көңілін қалдыру қасиетті Қағбаны бұзғанмен бірдей екен. Шәкірттері әр кездескен сайын ыстық ықыласпен еске алады. Ұстаздық қызметінде жүргенде қыз балаларды ұқыптылыққа, тігін тігіп, үй шаруасына епті болуға тәрбиеледі. Бүгінде анамның тәлім-тәрбиесін көрген талай шәкірті бір-бір үйдің түтінін түтетіп, түрлі салада елге қызмет атқарып жүр. Бірде бір оқушысы естелігін айтып, «7-8 сынып оқитын кезім, ауылда атпен көшеде кетіп бара жатқанмын. Алыстан бір кісі менің жолымды кеспей күтіп тұр. Жақындағанда Айымсұлу апай екенін көріп, бала болсам да менің жолымды кеспей күтіп тұрғанына таң қалып, үйге атаанама айтып келдім. Сонда олар бұл кісі сондай текті адам, ондай жандар арамызда сирек дегені әлі есімде» деді.
Кейде мен балаларының жақсы адам болғаны сол кездегі анамның кісі баласына, ер адамға деген ерекше құрметінің нәтижесі шығар деп ойлаймын. Себебі бізге көп айтатын өсиетінің бірі – «Жақсылық көрсең өзіңнен, жамандық көрсең өзіңнен» деуші еді. Қазақ би-шешендерінің асыл, даналыққа толы сөздерін оқып, кей тұстарын қойын дәптеріне түртіп алып жүретін. Соны үнемі оқушыларына айтып, адамгершілікке тәрбиелеп отыратын. «Ер – елдің киесі, әйел – үйдің киесі» деген сөзді де анамның жазбаларынан тауып алып, «Ұрпақ тәрбиелеуші әр әйел заты осылай ішкі мәдениеті күшті болса ұлттың тәрбиесі күшейіп, жанұя мүшелерінің бір-біріне деген сыйластығы артар еді. Отбасының ұйытқысы, берекесі, жүрегі ол – әйел. Отбасындағы ер адамның, әкенің орны бір бөлек. Өсіп келе жатқан бала мен түздегі әкенің арасындағы жылулықты сақтаушы ол – ана. Ер азамат дауыс көтерумен, күш көрсетумен емес, өзінің парасаттылығымен, сабырлылығымен отбасы мүшелерін тыңдата білу керек. Әкенің қабағын оқып, қимылын ұғатын жанұя тату болары анық» деп жазып қойған өнегеге толы жазбасын оқып, өзін көргендей боламын. Осылайша қазақтың бір шаңырағына үміт болып еніп, сол шаңырақтың отын жағып, ұрпағын өрбітіп артында өшпес мұра қалдырған аяулы анамды мен осылай қимастықпен еске аламын. Пенденің артына қалдырып кетер ең асыл мұрасы, өмірінің жалғасы – ұрпағы екені анық. Бүгінде осындай отбасында өсіп-өнген ұл-қыздары түрлі салада қызмет жасап жүр. Бірі есепші болса, екеуі ұстаз, енді бірі дәрігер. Батыр Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова анамыздың айтқаны бар. «Ұлтқа адал қызмет қылған адам ол кеудесінде мың медалі бар адам емес, ол ұл-қызын иманды, білімді қылып өсірген ата-ана» дейді. Анам алпыс екі жасында дүниеден озды. Ел-жұртына салиқалы келін, асыл жар болып, ұрпақ өсіріп, ұстаздық қызмет атқарып, жалғаннан өте сыйлы, жақсы адам атымен кетті десем артық айтқаным емес.
Гүлжаухар ЖАЛҒАСБАЙҚЫЗЫ
07 сәуір 2023 ж. 1 699 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 337

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 422

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930