Алтын құрсақты ана
qarmaqshy-tany.kz Тіршіліктің алтын арқауы кім деген сауал қойылса – ол сөзсіз ана. Бар болғаны үш әріптен құралған асыл сөз мына жарық дүниеге сәби әкеліп қана қоймай, оған тәрбие беріп, шексіз махаббатын төгеді. Әулеттің ұйытқысы болып, шаңырағының береке-бірлігін сақтаушысына айналады. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналардың асылдығында шек жоқ. Мақаламыздың кейіпкері Ырысты Тоқшылықова да құрсағына он бір бала сыйдырып, кеудесіне «Алтын алқа» тағынған осындай аналарымыздың бірі.
Ауданнан жиырма шақырым алыс жатқан Қармақшы ауылына жол салып, Ырысты анамызбен жолықтық. Біз барғанда шө- бересін түскі ұйқысына бесікке бөлеп, әндете тербетіп отырған тамаша көрініске тап келдік. Жүзіндегі жылы шуақ пен әлдиіне біз де бір сәт ұйып, әңгімесін тыңдадық.
– Мен өмірге келген жылы сұрапыл соғыс басталып, еркек кіндіктің бәрі соғысқа аттаныпты. Соның ішінде ел қорғауға әкем де кеткен екен. Бірақ өкінішке орай сол жақтан қайтпапты. Содан бері әке көргенім жоқ. Шешемнің, ағаларымның арқасында есейіп, еңбекке араластық. Қиындығын да қатар көрдік. Алпысыншы жылдан бастап малшы болып жұмыс істедім. Ол уақытта мал көп болатын. 30- 40 сиырға дейін сауып, сүтін өткіздік. Алпыс бірінші жылы Қалдыбек есімді ауылдың азаматына тұрмысқа шықтым. Сөйтіп екеуміз де бір жерде фермада жұмыс істедік. Ағаң сүт тасушы болды. Сауылған сүтті ауданға өткіземіз. Ол кезде 40 литрге дейін сүт тапсыру меже болатын, – дейді өткенге көз жүгіртіп.
Ес білгеннен еңбекке ерте араласқан қайсар ана бала-шағаны жетілдіру үшін жұмысты да талғамапты. Фермерлік жұмыстан соң пошта қызметіне ауысып, үш жыл жұмыс істейді. Мұндайда жолдасы да қасынан табылып, әркез қол ұшын беріп отырыпты. Келген газеттерді мекемеге, фермаға таратып бір жағына болысыпты.
– Біз жұмыс істеген жылдары айлық аз болды. Поштадан шығып құрылыс жұмысына араластым. Малшылардың үйін салдық. Жолдасым жылжымалы дүкен де айдады. Ол мінезі жайсаң, жақсы адам еді. Бірге елге қызмет істеп жүріп он бір бала таптық. Көпбаланың арқасында ерте зейнетке шықтым. Құдайға шүкір, барлығы бір-бір үй болды, – дейді Ырысты ана.
Батыр ананың ұл-қыздары спорт, мұнай, экономика, медицина, темір жол салаларында еңбек етсе, кейбірі кәсіпкер, ішкі істер органдарында қызмет істеп жүрген білікті мамандар. Ал өмірдің қиыншылықтарын төзімділікпен, болашаққа деген сеніммен жеңе білген Ырысты Тоқшылықова бүгінде 43 немере, 24 шөбере сүйіп отырған ардақты әже. Жасы сексенге келсе де әлі тың, үй шаруасына араласып отырады. Өзі мәпелеп өсірген балалары, немерелері сый-құрметке бөлеп, аялап алақандарына салып отырғанына шүкіршілік етеді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ