» » Теңізден терең ана жүрегі

Теңізден терең ана жүрегі

qarmaqshy-tany.kz АНА – АДАМЗАТ БАЛАСЫ ҮШІН АСЫЛ БЕЙНЕ ДЕСЕК, СОЛ АНАЛАРДЫҢ ОТБАСЫНДАҒЫ МІНДЕТІ – ТҮТІНДІ ТҮЗУ ШЫҒАРУ, ЕР АЗАМАТЫНЫҢ ҰРПАҒЫН ЖАЛҒАП, ӨРІСІН КЕҢЕЙТУ. МАМАНДАРДАН АЛҒАН МӘЛІМЕТКЕ СҮЙЕНСЕК, АУДАНЫМЫЗДА ТҰРАТЫН 54 МЫҢ ХАЛЫҚТЫҢ 49 ПАЙЫЗЫ ӘЙЕЛ БОЛСА, ОНЫҢ 1474-І КӨПБАЛАЛЫ, 570-І «АЛТЫН АЛҚА» ЖӘНЕ «КҮМІС АЛҚА» БЕЛГІСІНІҢ ИЕГЕРІ. КЕҢЕСТЕР ОДАҒЫНДА «БАТЫР АНА» АТАНҒАН АЛТЫН ҚҰРСАҚТЫ АНАЛАРЫМЫЗ ТАҒЫ БАР.
Алтын құрсақты аналармен бірге аудан демографиясын көтеріп жүргендер арасында жас аналар да жетерлік. Солардың бірі – Жосалы кентінің тұрғыны Гүлмира Баймұрзақызы Жұбанова.
Жас та болса 8 перзенттің анасы атанып отырған Гүлмира Жұбанова Жосалы кентінің тұрғындары Баймұрза мен Теміркүлдің отбасында тәрбиеленген 5 баланың кенжесі.
Ол талай дарынды біліммен сусындатқан киелі қара шаңырақ – Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектепті тәмамдаған соң, Данабек есімді азаматпен шаңырақ көтереді. Оған да биыл 20 жылдай уақыт өтіпті. Көпбалалы жас ана бақытын отбасынан тапқан, замандастары арасында сыйқұрметке бөленген жас ананың бірі.
– Мен әке-шешеден туған 5 перзенттің кішісі болған соң, бала кезімде ерке болдым. Бетімнен қақпай өсірді. Алдыңғы бауырларым да мені қорғаштап, еркелететін-ді. Мектеп бітірген соң замандастарым сияқты жоғары білім алуға құжат тапсырғанмен емтиханнан өте алмай, ауылға қайттым. Келесі жылы әкем өмірден озды да маған жоғары білім алу арман болып қалды. Сол жылы болашақ жарым Данабекке тұрмысқа шықтым. Келесі жылы тұңғышым Меруерт өмірге келді. Сөйтіп-сөйтіп жылдар өте одан кейін 5 қызым дүние дидарын ашты. Ал, қыздарымның артынан Шыңғыс, Шоқан есімді екі ұлды өмірге әкелдім. Тұрмысқа шықпай тұрғанымда ерке болып өстім. Бірақ атамның отбасына келін болып түскеннен кейін енем қазақ келініне тән қасиеттерді үйретті. Нан көмуді білмейтінмін. Үйрендім. Малдың жанына жолап көрмеген маған сиыр саууды, мал жайғауды, ет асып, қамыр жаюды, айран пісуді, қонақ жайғауды үйретті. Тіпті киім пішіп, тігіншілікті де. Енемнің ең жақсы көретін ісі бақша егу және қонақ күту болатын. Көктемде күн жылысымен атам екеуі ауламыздағы шағын бақшалыққа кіріп, қарық арықтап, бақша дақылдарын, түрлі көкөніс егетін. Жаз бойы оның арам шөбін отап, күзде жемісін жинап, сол көкөністерден түрлі тосап жасайтын. Мені де тосап жасауға үйретті. Бүгін анамдай болған енемнен алған тәлім-тәрбиемді қыздарымның санасына сіңіріп келемін. Енем марқұм үнемі өзінде барын жұртқа үлестіріп отыратын. Үйге көрші-көлем, ағайындар бір зат сұрап келгенде ол кісінің ауызынан жоқ деген сөзді естімеппін. Құрақ ұшып жүгіріп жүріп тауып беретін. Үлкенім Меруертім Ақтөбе қаласындағы байланыс және технология колледжінде студент, Дилназым №121 орта мектептің 11 сынып оқушысы. Ал Үмітгүлім мен Нұрсезімім, Ұлболсын мен Дана-Айымым мектеп оқушылары. Бәрі де озат оқушы, мектепішілік қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Жақында Үмітгүлім ақиық ақын Мұқағали Мұқатаевты еске алуға арналған, ал Ұлболсыным мектепішілік «Қыз сыны» байқауларында жүлдегер атанып, қуантты, – дейді кейіпкеріміз.
Қыздары анасы үйде жоқ кезде бірі тамақ дайындаса, бірі үйді тазалайды, бірі малға қарайды, бірі аула сыпырып, атасына қолғабыс береді. Оларда «Сен істе, мен шаршадым» деген ұғым жоқ. Ешқайсысы да еріншектік дегенді білмейді. Ал, кішкентай ұлдары – Шыңғыс пен Шоқантай атасының қолғанаты. Ұлдарым атасына үнемі көмектеседі. Жазғы күндері аула бақшасынан шықпайды. Олар өздерінің қызықты да сәбилік қылықты істерімен отбасымыздың көз қуанышы. Өзіме тоқталар болсам, біршама жылдан бері аудандық жедел жәрдем бөлімінде кіші аяжан болып еңбек етемін. Еңбегім де елеуі, бірнеше рет басшылардан алғыс алдым. Жұбайым Данабек «Октябрь топтық су құбыры» бөлімшесінде механизатор. Ол да ұжымында абыройлы. Ұлт алдындағы аналық парызымды өтегенім үшін 2015 жылы «Күміс алқа», 2017 жылы «Алтын алқа» иегері атандым. Өзімді бақыттылар қатарына жатқызамын. Өйткені мен ұрпақ сүйіп, бір отбасына бақыт сыйлап отырмын. Жұмысым бар, жарым бар, үкілеп өсірген ұрпағым жанымда, енді мен емей, кім бақытты болады. Тек енемнің немерелерінің енді қызығын көрер шағында өмірден ерте кеткені болмаса. Ене мен келін бір-бірін түсініп, ұғысып отырса, сол әулеттің берекесі іспетті. Ене мен келін отбасындағы, ағайын арасындағы ұсақ-түйек мәселеден бастап, кейбір келелі іске де келісе пікірлесіп, шешісіп отырса, ешкім бұрыс деп бұра тартпайды. Сол кезде үйдің атасы да, азаматы да, ағайын-туысы да риза. Мен енемнің жақсы қасиеттерін өз бойыма сіңірдім, – деді сөзін тәмамдаған Гүлмира.
Кез келген адамның жан-дүниесінің сұлулығы алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Әлемдегі ең мейірімді жан ол әрине, ана. Оның мейірімділігінде шек жоқ. Осындай қасиеттердің бәрі де біздің кейіпкеріміз, жас та болса ана бақытына кенелген Гүлмира Баймұрзақызының бойынан табылады.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
11 наурыз 2023 ж. 976 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 260

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 359

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930