АҢҒАЛДЫҚ АЗАЙМАЙ, АЛАЯҚТЫҚ КЕМІМЕЙДІ
Бала күнімізде орталыққа шыға қалсақ, ұры-қарыдан сақтану үшін әмиянымызды абайлап ұстап, бағалы дүниемізді сөмкенің қуыс-қуысына жасырушы едік. Біздің бала күнімізде «алаяқ» деген ұғымды осылай ғана түсіндік. Ал қазір ше? Ойлаудың өзі қорқынышты.
Бүгінгі сандық дәуірде сымсыз желіден сыр жасыру мүмкін емес. Өмір сүріп отырған ортамыз цифрлық технологияға тәуелді болған тұста адамдардың қолы интернетке берік байланды. Бұл тәуелділік жыл өткен сайын артып келеді. Қарап отырсақ, кез келген сала интернеттің көмегінсіз алға жылжымайтын болды. Ал тұрмыстық өмірдегі таптырмас құралға айналған байланыс құралы алаяқтардың да пайда табатын көзіне айналғанына да біраз болды. Онлайн алаяқтың арбауына түсіп, алданғандардың статистикасы көбеймесе, кеміп жатқан жоқ. Себебіне үңілсек.
Қазақта «Аңқау елге – арамза молда» деген тәмсіл бар. Күн сайын ғаламтор мен әлеуметтік желінің көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап дамығанына таңырқап жүргенде алаяқтар да арам пиғылын іске асырып үлгеріп жатыр. Алаяқтық – ерте замандардан бері қоғамда бар теріс әрекет. Заман дамып, түрлі техниканың өмірге келуі ғаламтордың әлемде таралуына ықпал етті. Нәтижесінде қоғамда онсыз да өмір сүріп келе жатқан алаяқтық ғаламторда да көрініс тапты. Ғаламтордағы алаяқтық, бұл – ақпарат кеңістігінде адамдарды алдап-арбау. Оң-солын танып үлгермеген жастар мен ғаламторды енді ғана игеріп жүрген үлкендер алаяқтардың құрығына оңай түседі. Осы тұрғыда кез келген ғаламтор немесе әлеуметтік желі пайдаланушылары үшін медиасауаттылық пен ақпарат жүйесіндегі қауіпсіздікті біліп жүру артық етпейді.
Ғаламторда алаяқтықтықтың сан түрі таралған. Желіде әккі қулардың құрығына түсіп қалмас үшін сауатты болу керек. Ақпарат жүйесіндегі кез келген ақпаратқа сене беруге болмайды. Ең әуелі, ақпараттың дұрысбұрыстығын тексеріп алу керек. Аңқаулыққа салынып, алаяқтың ұсынысын бірден қабыл алуға болмайды. Ғаламтордағы алаяқтар дәстүрлі айланы қолданатыны шындық. Алайда алаяқтықтар неше түрлі әрекеттерге барады. Мәселен, алаяқтықтың мына түрлерін ерекше атап өтуге болады: интернет дүкендердегі сауда-саттық немесе алыпсатарлық, фишинг, ғаламтор арқылы қайыр сұрау, телефон немесе SMS арқылы алаяқтық.
Алаяқ құрбаны болмау үшін ең бірінші оңай ақша жолын іздемегеніңіз абзал. Әдетте, алаяқтар оңай ақша табудың сан түрлі жолдарын ұсынып, адамдарды жолдан тайдырады. Тек алаяқтар ғана құрығына ілінгелі тұрғандарды бір апта ішінде байытуға уәде береді. Ғаламторда «нөлден ақша табу» деген тіркес кең таралған. Осы арқылы алаяқтар адамдарды пирамидалық жүйеге, алаяқтық желіге ақырындап тарта бастайды.
Сонымен қатар бүгінде әлеуметтік желіде, ватсап топтарда жақындарыңыздың есімін жамылып, қарызға ақша сұрайды. Алаяқ түрлі сылтаулар айтуы мүмкін. Кенеттен «телефон нөмірім өзгерді», «қиын жағдайға тап болдым», «көк тиынсыз далада қалдым» деген сынды не түрлі сылтаулар айтып, қалтаңыздан ақшаны алғанша сезімдеріңізді билеп алады. Біз қазір мұндай хабарламаларға «алаяқтар ғой жазып отырған» деп өткізіп жібере беретін болыппыз. Етіміз үйреніп қалғандай. Өкініштісі, үлкендер қауымы бұл хабарламаға сеніп, қаржы аударып қоюы мүмкін. Ал алаяқтар өз әрекетін жүзеге асырған соң, көзден ғайып болады. Кейін онымен байланысу тіпті мүмкін болмай қалады. Алаяқтарға алданып қалмас үшін ең бірінші ғаламторды сауатты пайдалана білу керек. Егер қоғам ғаламторды сауатты пайдаланып, жеке ақпараттарды жарияламаса, таныс емес адамдармен байланыспаса, мұндай деректер аз тіркеледі. Ал интернет алаяқтар түптің түбінде заң алдында қашып құтыла алмайды.
Бүгінгі күннің басты тақырыбына айналып, түрлі жарнамалық бейне, көшелерде тақтайша ілініп, мамандар түсіндірме жұмыстарын жүргізсе де адамдардың аңғалдығы әлі де алаяқтардың айын оңынан тудыра берері анық. Сол үшін сандық әлемде сауатты, адамдармен байланыста абай болайық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ