Вирус сілтемені байқаусыз ашқанда не істеу керек?
Телеграмда әлдекімге дауыс бер деген сыңайда хабарламалар келе бастады. Ол хабарлама сіздің жақын танысыңыздан да келуі мүмкін. Оны сіз досыңыздың жай ғана өтініші ретінде қабылдап, сілтемеге өтсеңіз алаяқтың арбауына түстіңіз деген сөз. Мұндай жағдайда не істеу керек, кибералаяқтардан қалай қорғануға болады деген сұрақтардың жауабын Big Data and Analytics қауымдастығының президенті, Marketo компаниясының бас директоры Сергей Ахметовтен сұрап көрдік.
(сурет ашық дереккөзден)
Әлеуметтік желінің пайдасымен бірге көлеңкелі жақтары да белең алып, алаяқтардың құрбаны болғандарды жиі кездестіріп жүрміз. Қас пен көздің арасында арам ойын жүзеге асыратындардың қитұрқы әрекетінен өз ортамыздағылар да зардап шегіп жүр. Телеграмға келген сілтемені ашқан танысымыз алаяқтардың арбауына түсіп, ыңғайсыз жағдайда қалған жайы бар. Кибералаяқ оның телефонындағы барлық абонентке қол жеткізіп, зардап шегуші азаматтың атынан топ құрып, сілтемелер жібере бастады. Сілтемені ашқан адамда жағдай қайталанып, алаяқтың ісі жалғаса береді. Сергей Ахметовтің айтуынша, хакерлер бұл әрекетті екі себеппен жасауы мүмкін. Бірі адамның банк картасындағы шотына қол жеткізсе, енді бірі үшін бұл еріккеннің ермегі екен.
«Мұндай сілтемелер маған да келеді. Бұл жағдайда сілтемені ашпас бұрын, оны көшіріп алып, арнайы тексеретін сайттарға салып, тексеріп алған жөн. Өзім сілтемені ашпас бұрын vms.drweb.ru сайты арқылы тексеріп отырамын. Сондай-ақ қауіпті сілтемелерді @DrWebBot Telegram-боты арқылы да анықтауға болады. Сілтемені ашқан жағдайда алаяқтар сіздің телефоныңыздағы мәліметтерді көшіріп алып, өз ойын жүзеге асырудан тайынбайды», деді С.Ахметов.
Бұдан соң ол алаяқтың бұл әрекетін қалай тоқтатуға болатынын айтты. Ол үшін Телеграмның ішіндегі Параметрлер (Настройки) бөліміне кіріп, Құрылғы (Устройство) деген қатарды таңдайсыз. Сол жерде сіздің Телеграмыңызға кіріп отырған екінші адам жайында деректі көруге болады. Сол құрылғының үстінен басып, өшіріп тастау керек.
Сондай-ақ Сергей Ахметов әлеуметтік желідегі парақшаларға қиын құпия сөз қоюды кеңес берді. Барлық әлеужеліде құпия сөз бірдей болған жағдайда алаяқтар бірден барлық парақшаңызды бұзуы мүмкін. Құпия сөздерді сақтау үшін Kpass қолданбасын қолданған жөн.
«Көпшілігі бөгде сілтемелерді ашып, оңай құпия сөз қойғандықтан зардап шегіп жатады. Негізінде бұл әрекеттерсіз алаяқтар өздігінен шабуыл жасай алмайды», деді ол.
Бір қарағанда мұның барлығы қарапайым дүние сияқты болып көрінгенімен, сын сағатта кез келген адам абдырап қалуы мүмкін. Маман кеңесі қаперіңізде жүрсін.