Пейілің пиғылға айналмасын
Қазақта «пейіл» деген бір сөз бар. Қарап отырсақ, бұл сөз тек жақсы мағынада, бата-тілекте ғана қолданылады екен. Қазақтың қай батасын алсақ та «Пейілің кең болсын» деген жолдар кездеседі. Ал «пейіл» дегеніміз не өзі?

Пиғыл демекші, халқымызда «Пиғылы жаманды құдай табады, тоны жаманды ит қабады», «пиғылынан тапты», «Құдай пиғылына қарай берді» деген сөздер бар. Адамның пейілі оң болса, ісі оңға басады, мәртебесі де артады. Ал пиғылы теріс болса, ісі кері кетіп, ел алдындағы абыройынан айырылады, соған қарай жазасын да алады. Сондықтан халқымыз «жақсы пиғыл жақсы сөзден басталады», «жақсы сөз – жарым ырыс» деп, оң пиғылға қолдау көрсетсе, теріс, жат, арам пиғылға «өтпес пышақ қол кесер, арам пиғыл жол кесер», «пиғылы терiс хан төрелік етсе, ол жиған малыңды тәрiк етер» деп теріс баға берген. Пейіл мен пиғылдың айырмасы осы. Пейілің тура болса жүзің жарқын, ісің берекелі болмақ. Шариғатта да «Бергенге береке бар, пейілі түзу адамның бергенінің есесін Алла өзі толтырады» дейді. Сондықтан пейішке апарар пейіл екенін есте сақтап, жақсылық жасауға асығайық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ