» » Солтүстіктің адамдары суық емес

Солтүстіктің адамдары суық емес

Студенттік өмір – өмірдің ең керемет, шуақты сәті. Қызығы мол кезді әркім өзінше түсінеді, әрқалай бағалайды. Біреулер жанталас күндердің көрінісі десе, енді бірі қайталанбас ғажап сәтке теңейді. Меніңше студенттік өмір – қызығы мен шыжығы, базары мен ажары, қуанышы мен қиындығы қатар жүретін ғұмырыңның аса бағалы сәті. Әрі еске алғанда еріксіз жымиятын, жарқын естеліктерімен жанды жылытатын кезең. Менің студенттік кезеңім көрікті Көкше өңірінде өтті. Сонда «келбеті көз тартарлық болғанмен, тұрғындардың мінезі мекеніне сай сұп-суық» дегенді жиі еститінмін. Жалпы ауа-райы адам мінезіне әсер ете ала ма? Саралап көрсек.
Кейбір деректер климат адамның денсаулығына, мінезіне әсер етеді дейді. Америкалық және қытайлық психологтар ауа-райы қатты құбыла бермейтін аймақтардағы адамдардың мінезі жайдары, көпшіл, кеңпейіл келеді деп тұжырымдаған. Тіпті, адам мінезінің табиғатпен байланысын қызық көрген ғалымдар АҚШ пен Қытай халқы арасында арнайы сауалнама жүргізіп те көріпті. Нәтижесінде суық жердегілерге қарағанда, жылы климатта өскен адамдар ашық, көпшіл болатынын анықтаған. Десе де, медицина ғылымдарының кандидаты, психоаналитик Ринат Галиев «Тұрғылықты жер мен климат адам мінезінің қалыптасуына сөзсіз әсер етеді. Бәрінен бұрын, мінезді генетика, әлеуметтік қарым-қатынас, тәрбие және басқасы қалыптастырады. Алайда, мінез бен жеке тұлғаның бойындағы қасиетті шатастыруға болмайды. Мінез жүре қалыптасады, жеке басқа қатысты қасиет туғаннан болатын нәрсе. Мінез адамның әлеуметтік ортамен кері байланыс жасауынан пайда болады» деген түсініктеме береді.
Қазақтың жерi қаншалықты ұлан-байтақ болса, адамдары да мiнезге соншалықты бай. Қанға сіңген кеңпейіл мінез, қонақжайлық қай мекенде де бар. Жолыңыз түсіп бара қалсаңыз солтүстіктегі ағайынның да сырбаз мінезіне, кеңпейіл көңіліне қанығарыңыз анық. Бұған менің көпшілік «суық» деп есептейтін солтүстікте өткен 5 жылым дәлел болмақ. Қазақы ортадан шығып, орысшамыз орамға келмейтін кезеңде Көкшетау бізді жатырқамады. Жан-жақтан жиналғанмен, сол өңірдің тумасы басымдау топ қыздарымен тез тіл табыстық. Бұрыннан таныстардай күліп-ойнап жүріп, студенттік кезеңнің бал шақтарын өткердік. Сабақ берген ұстаздар қаталдық танытқанымен, біздің игілігіміз екеніне көз жеткізген соң, жылы қарым-қатынас орнады. Тіпті оқуымызды аяқтағанда білікті маманнан білім алғанымызға қуанып, «қаталдықтың» жанашырлық болғанын ұғынып қимай қоштастық. Сондықтан да мен климаттың адам мінезіне қатысы жоқ деп топшылаймын. Жылы өңірде жүріп-ақ жанына жылу сыйлай алмайтын жандар да бар емес пе?
Оған қарағанда солтүстік тұрғындары адам жатырқамайды. Үлкенмен де, кiшiмен де тез араласып кететiн көркем мiнезділерi бар десем, тiптi таң қалады. Ал мен таң қалмаймын. Себебі солтүстіктің адамдары суық емес.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

06 сәуір 2021 ж. 839 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 052

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031