» » Қанағат – ол да бір дәулет

Қанағат – ол да бір дәулет

Бүгінде дүние түрленді. Сан түске боялған әдемі әлем мен әсем заттарды қолдағы қалтафонның экранынан-ақ тамашалай аламыз. Ондағы көрген дүниенің «барлығы менде болса екен» деген ойдың құрсауына ілініп, соның шырмауынан шыға алмай қалып та жатамыз. Әкем әрдайым ешқашан «жоқ» деген сөзді аузыңа алма, оның орнына «қазір болмай тұр» деп алмастыру керегін санамызға сіңірді. Ал мен қанағат еткеннің мерейі үстем болатынын енді ұққандаймын.
Әсілінде, қанағат – әдептіліктің басты белгісі, адам бойындағы жақсы әдеттің бірі. Оны әдетке айналдырған жан өмір бойы игілігін көрері анық. Өйткені ол адамшылықтан адастырмай, аздың өзіне қанағат қылдырады. Қанағат қылу деп барына, қол жеткізген табысына разы болып, шүкіршілік етуді де айтады. Бұл баршаның бойына жарасатын көркем мінез, әрі ешқашан ортаймайтын қазына-дәулет. Алайда мол байлығы бола тұра, «болған сайын «болсам» деп, толған сайын «толсам» деп ашкөзділікке салынатындар да жоқ емес. Кедейліктен шаршаған жан «бай болам» деп талпынса, қанағатты ұмытқан бай «құдай болам» деп күпірлікке барады. Қолындағы байлығының игілігін көріп, орнымен қолданып, «саулығы – байлығы» екенін жадында ұстаған кісі қанағатшыл болар еді. Себебі денің сау болмаса, есепсіз байлығы дертіне шипалыққа жарамаса, оны жиғаннан не пайда?
Бұл жөнінде Сайф Сарайдың мына бір даналығы есімде қалыпты. Онда «Дәулетті кім? Дәулетсіз кім? деген сұраққа бір ақылман кісі: «Дәулетті – дәулетті жия білген, жиғанын жеген, бере білген. Ал дәулетсіз – есіл-дерті мал, дүние жию болып, өзі жеуге қимаған, сөйтіп өмірінің қалай өтіп кеткенін білмей қалған адам» делінген. Расымен дүниеге деген ашкөздік адамның назарын бұрып, рухани дүниені көріп-білуге кедергі жасайды. Барлық есіл-дертін тамаққа, дүниеге аударып, жақындарынан, дос-жараннан аулақтатып, адамшылықтан алыстатады. Бұл жөнінде біздің хал­қымызда да «Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызады», «Қоя жесең, қой қалады, тарта жесең тай қалады» деген тәмсілдер бар. Дана Абай да қанағатты бес асылдың қатарына қосып, «Ақылды адам азғантайды қанағат қылып, бақытты өмір сүреді, ал ақымаққа бәрін берсең де аз» деп түсінген адамға берері мол тағылым қалдырған.
Иә, қанағатшыл жанның қай кезде де мерейі үстем. Себебі ол өзгеден озамын деп сатқындыққа, көрінгенге қол жеткізем деп көрсеқызарлыққа ұмтылмайды. Барына шүкір етіп, риза болғанда, Тәңір оны ризықсыз қалдырмайды. Алдамшы дүние қанағатты ұмыттырып, көкірек көзімізді байламасын десек, «жоқ» деген сөзді өмірімізге жолатпайық.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

14 мамыр 2021 ж. 859 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 046

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031