АЙТ НАМАЗЫ ОҚЫЛДЫ
30 күн ораза ұстаған жамағат бүгін таңғы сағат 7.00-де мешітте бас қосып, айт намазын оқыды. Имамдар жүрекке тыныштық пен кеудеге рух сыйлайтын хадистер мен әңгімелер айтудан ешқашан тосылған емес. Білмегенді түсіндіруден де шаршаған жоқ. Ораза айы иманымызды күшейтіп, тәубемізге келтіріп, барды қанағат тұтуға шақырды. Ашығу арқылы жағдайы төмен отбасылардың жай-күйін ұғынып, нәпсі тиюға негіз болды. Кеше ғана Рамазан айына аяқ бассақ, бүгін ағайынмен айт мерекесін тойлаудамыз. Бір ай бойы мешітте ауызашар беріліп, тарауих намазы оқылды. Қайырымдылық шаралары мен акциялары да жиі ұйымдастырылып, тағылымды кештер көрініс тапты. Қадір түнінде көпшілік Алладан біліп, білмей істеген күнәларына кешірім мен екі дүние бақытын тіледі. Алдымыздағы үш күн бойы дүние жүзіндегі мұсылмандар бірін бірі құттықтайды. Сүйіспеншілік және бауырластықтың, достықтың мерекесі Ораза айт бүкіл адам баласына бақыт алып келсін деп тілейміз.
Г.ДҮЗЕНОВА.
Пікір 3