ҮЛКЕНДЕР ЖОЛЫ ҰЛЫЛЫҚ, ҰРПАҒЫ ЖҮРЕР ҰҒЫНЫП
Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген өміршең ой айтқанын қалай ұмытарсың! Бұл сөз қазақ қоғамындағы ұстаздың орнын анықтап тұр. Өмірде ұстаз деген қасиетті ұғым бар. Оларды санаға ақыл құйып, білмегеніңді үйрететін, арманыңа қанат қақтыратын ізгі жандар дер едім. Өмірдің сан қырлы жолдарынан сүрінбей өтуге ұстаздың берген тәлімі бағдаршам іспетті болатыны анық. Өйткені ұстаз ғана жас өскіннің талантын тұтатып, тұлғалық табиғатын аша алады. Сондай асыл ұстаздардың бірі, білім жолына жетелеген аяулы жан – Айғанша Ақбалаева апайымды әрқашан үлгі етемін.
Елімнің болашағы деп үміттенетін бүгінгі жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп, еңбексүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеп, білімі мен өнегесін шәкірттеріне арнап, бойындағы бар күш-жігерін шәкірт тәрбиелеуге жұмсады. Біздерді ағылшын тілінің бай мұрасымен алғаш таныстырған да – осы кісі. Ол шын мәнінде бала көңіліміздің қаһарманы-тын.
Айғанша Ақбалаева еліміздің дамуына зор үлес қосқан, білім саласында көп жыл бойы тынбай еңбек еткен білікті, тәжірибелі ұстаз. Алғашқы еңбек жолын Қызылорда қаласындағы орта мектепте ұстаздық сара жолдан бастаған ол, одан әрі 1970 жылы аудандағы Шоқан Уәлиханов атындағы №26 қазақ орта мектебінде ағылшын тілі пәні мұғалімі, 1983-1998 жылдар аралығында «ПМК-30» мекемесі жанындағы №21 «Қарлығаш» балабақшасында меңгеруші, нарық жылдарында мекеме жанындағы балабақшалардың жабылуына байланысты бес жылдан астам уақыт №1 санаториялық «Аққайың» бөбекжай-балабақшасында әдіскерлік қызметке ауыстырылды. 2003 жылдан бастап зейнеткерлікте.
Ұстаздық еткен жылдарында Қазақстан Республи касы «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі, Қызылорда қаласының 190 жылдығына орай мерейтойлық медалі мен, облыстық, аудандық білім бөлімінің «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. Кеңестік кезеңде өзі басшылық жасаған балабақша ұжымы бірнеше рет социалистік жарыстың жеңімпазы болды.
Адамзат үшін ұстаздардың орны әрқашан ерекше. Әр оқушының өзі үлгі көретін бір ұстазы болады, ол мен үшін бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Айғанша апайым.
Ұстазыма қажырлы еңбегі мен мейірімді жүрегі үшін шексіз алғыс айтамын. Біз үшін мектеп қабыр ғасында ғана емес, өмірлік ұстаз болды. Өйткені өмірде дұрыс жол таңдауға, адамгершілік қасиеттерді бағалауға үйретті. Әрбір шәкіртінің жетістігі – еңбегінің жемісі деп есептеймін.
«Тарихты тұлғалар жасайды» деген тәмсіл бар. Мұның анық-қанығына ұстаз жолы, ұстаздық қызмет баянынан да мың сан мысал, деректерді келтіруге болады. Ауданымыздың қара шаңырағы Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектептің 1977 және 1983 жылғы түлектерге сынып жетекшісі бола жүріп қаншама шәкіртті өмірге қанаттандырды.
Айғанша апайымнан дұрыс бағыт алған, өмірден өз орнын тапқан азаматтар сан жағынан көп, сапа лық тұрғыдан да салмақты екенін айтуға әбден болады. Олардың қатарында Мыңділда Ршауов, Болат Тоқтаров, Айзада Алаяқова, Роза Бисенова, Темірхан Қанибетов болса, 1983 жылғы түлектерден қазіргі таңда ұстазының ұстаздық жолын жалғастырып келе жатқан аудандағы С.Есқараев атындағы №27 орта мектебінің директоры Құндызай Аймаханова, Отарда №12 мектепте музыка пәні мұғалімі Гүлбану Бағатова, Қармақшы аграрлы-техникалық колледжінің әдіскері, тарих пәні оқытушысы Раушан Елдесбаеваны мақта нышпен айта аламын. Бір сөзбен айтқанда, әрқайсысы өмірден өз орнын тапқан еңбекпен есейген.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін қорыта келе айтқым келетіні, ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым, ел қорғаған батыр, тілінен бал тамған ақын, егін салған диқан, мал бағып терін төккен шопан да, бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған.
Сондықтан да ұлағатты ұстазым Айғанша апайымның орны мен үшін әркез тым биік. Ұстаз дарға бүкіл адам баласы құрметпен бас июі тиіс деп санаймын.
Раушан СЕРІКҚЫЗЫ,
шәкірті