ҚАРАУСЫЗ ҚАЛСА МАЛЫҢЫЗ, АЙЫППҰЛ ТӨЛЕП АЛЫҢЫЗ
Абай данышпан ғой. Шын данышпан. «Өзін тәрбиелей білмеген, өзгеге өнеге көрсете алмайды» дейді бір сөзінде. Қалай дөп айтқан. Кейде Хакімнің сөзі айна қатесіз қоғамнан көрініп жатады. Қоғам да Абай сөзінің ақиқатын дәлелдеп жатыр. Қараңызшы... Жосалы кенті жасылға айналып келеді. Жергілікті билік барынша шыбықты ағашқа айналдырып әлек. Дейтұрғанмен, осы тірлікке қарсы қарекетті көз көріп жүр. Көктеген ағашты кейде сиыр бұтарлайды, кейде көшенің тентектері сындыруда. Қай тәрбиемізде оңтайлы іске балта шауып ек?
Көктем сайын кентті жасыл белдеуге айналдырамыз деп мыңдаған көшет талын жерге отырғызып, оны күтіп-баптауда атқарылып жатқан ауқымды істе сан жоқ. Жергілікті жерге төзімді деген жас шыбықтар әкелініп, оның одан әрі көктеуіне тынымсыз жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, былтыр кенттегі Абай, Қорқыт ата, Тәуекелов көшелері, Жосалы-Жалағаш тас жолы, «Жасыл белдеу», «Ардагерлер аллеясы», «Тағзым алаңы» және одан да басқа жерлерге 3000 тал егілген-ді. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын тауып, көшеттің санын көбейтуде. Мұның бәрі – ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар.
Әнеугүні Қорқыт ата көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолында келе жатып биыл егілген талдардың жапырақ шығарып тұрғаны мені кәдімгідей көңілдендірген-ді. Ана өскіндерге іштей ішім жылып, дереу суретке түсіріп алдым. Жалпы біздің аймақтың тұзды топырағы кез келген қолдан еккен өсімдіктің шығуына қолайсыз екені мәлім. Ауласына көк отырғызғандар міндетті түрде табанындағы топырағын ауыстырады, болмаса тыңайтқышын беріп мәпелейді. Кент көшелеріне отырғызылған талдардың күтімі де солай. Уақытылы қолмен суарылып, ауруға қарсы дәрі-дәрмегі берілуде. Осындай еңбектің нәтижесінде жас шыбықтар жайқалып тұр.
Алайда қып-қызыл еңбекті көкке ұшырып жатқан жайттар да жоқ емес. Кей тұрғындардың қадағалаусыз бос жүрген сиыры көшені ластап, жасыл желекке зиян келтіріп, қоқыс қалдықтарын шашып жүр. Өткенде осы көрініске куә болдық. Көшет талдың түбін тіміскілеп шөп жеген сиыр, жердегі азығы таусылғасын талдың жапырағына бас салды. Анаған қарап тұра алмаған соң қолға түскен нәрсемен артынан «әкеңге» салып көшеден әрі асырып қудық. Қоғамдық қызметте жүрген ағаларымыздың да ығыры шыққан болу керек. Сол қуғаннан кенттің уақытша ұстау изоляторына әкеп тоғытты. Биыл бой алса, келер жылы көлеңке беретін жас талдың ғұмыры әлгі сиырдың тілімен орап жеген қомағайлық кесірінен кейін енді қайтіп көктеуге қауқарсыз болып қалғаны. Осындайда малына ие болмаған тұрғындардың қамсыз әрекетіне ішің күймей көрсін. Одан қалды көшенің тентек балалары жас ағашта өші бардай түбінен сындырып кетеді. Қоғамның мүлкіне осы бастан жанашырлық танытпасақ, Абай атамыз айтқандай ертең кімге өнеге көрсетпекпіз?
Енді көшеде бос тентіреп қараусыз жүрген мал қамауға алынып, иелеріне айыппұл салынады. Мәселен, күні бүгінге дейін 15 шақты сиыр қамалып, 7 адам заңмен 3 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл арқалаған. Кентте қараусыз жүрген малмен күрес әрі қарай жалғасын таба бермек.
Кент – баршамызға ортақ мекен. Оны көгертіп-гүлдендіру басты міндет. Таза көше, жасыл бақ, көлеңкелі ағаш кімге болсын жанына жайлылық сыйлайтыны сөзсіз. Сондықтан қоғамға құрметпен қарап, кенттің кемелденуіне бір кісідей атсалысайық!
Ерсін СӘДУҰЛЫ