» » ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ЖОЛДАРЫ

ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ЖОЛДАРЫ

Бүгінде әрбіріміз белгілі бір белесті бағындырып, жетістікке жеткіміз келеді. Алайда әр адам үшін жетістік деңгейі әртүрлі. Біреу үшін ол көп ақша, әдемі үй, қымбат киім, саяхат, соңғы үлгіде шыққан көлік болса, енді бірі теледидардан жиі-жиі көрініп, сұхбат беру, газет-журнал, интернет басылым беттерінен түспеуді қалайды. Ал кейбірі «атың шықпаса, жер өрте» деп, қандай жолмен болса да жұрт аузында жүруді қоштаса, бүгінгі бір толқын инстаграмда көп қолдаушы жинауды құп көреді. Ал жетістікке жетемін деген жандардың бір тобы өз ісінің кәсіби маманы болып, тыныш қана жұмысын істеп, айналасын жақсартумен, өзін-өзі дамытумен, білімін жетілдірумен айналысуды таңдайды. Байқағанымыздай ол бір шектеулі дүние емес.
миллиондаған кітаптың мыңдағаны шынымен танымал болар, ал біздің қолымызға тигені жүзден асса, оқығанымыз одан да аз. Дегенмен, осы кітаптарда айтылып жатқан ойлар мен берілген анықтамалар, келтірілген түсініктемелер мен іскер адамдардың тәжірибелерінен аларымыз да, үйренеріміз де көп. Десе де біздің жанымызға Альберт Эйнштейннің «Жетістікке жетуге ұмтылма, пайдалы болуға тырыс» деген сөздері жақын.
«Армансыз адам, ормансыз бұлбұл» дейді ғой. Әр адам өз арманыма жетсем деп тілейді. Осы үшін әрекет етіп, тірлік қылады. Дегенмен әркімнің әрқашан діттеген жеріне шығып, көксегені орындала бермейді. Содан кейін біреулер тағдырға шағынады. Тіпті жолым байланып қалған деушілер де көптеп кездесіп жатады. Осындай көзқарастар илеуінде кетіп, тағдырдың тәлкегіне ғана көнуді жол тұтып, алға мақсат қоймай ғұмыр кешетіндер де баршылық. Шынымен де адам тағдыр жолымен жүреді, бірақ та тағдырды ағыс бойымен жүзіп жатқан кеме ретінде санасақ, ішіндегі адам кеменің сол жаққа немесе оң жаққа бұрылатынын таңдап, қадағалай алады. Сонымен, адам таңдау жасай алады. Ол дегеніңіз дұрыс таңдау арқылы жетістікке жете алады. Ал жетістікке жету үшін білім мен дұрыс дағды керек-ақ.
Қазіргі таңда бұрынғымен салыстырғанда қоғамдағы сауаттылық деңгейі жоғары. «Успешный успех» деген түсініктің танымалдылығы артып келе жатқаны да содан. Бірақ білім алу, жаттау, іздену сынды менталды қабілеттер жекедара жетістік кепілі бола алмайтынын уақыт дәлелдеп отыр. Одан бөлек, қандай қасиеттер мен әдеттер табысты болуға көмектесе алады? Бұл сұраққа ең бірінші «Кемел адам» кітабының авторы Қайрат Жолдыбайұлының мына сөздерін ұсынып көрмекпіз. Ол «Қазіргі таңда білім деңгейін IQ деп айтып жүр. Бірақ тек қана ақылды болу, білу, іздену жетістікке кепілдік бермейді. Қос-қостан қызыл диплом алып, магистр, докторант болса да көппен бірге масса болып жүргендер көп екенін көріп отырмыз. Ал керісінше, үлгерімі төмен болғанымен, кейіннен әртүрлі салада өзін дәлелдеп, табысты тұлғаға айналып жатқандар да баршылық. Яғни білімнен бөлек, басқа да қырларды дамыту керек деген сөз. Олар: физикалық сапа, эмоционалдық зерде және рухани мықтылық. Бір қарағанда, жетістікке бұлардың не қатысы бар деген ой туындауы әбден мүмкін. Ал шын мәнінде аталған факторлар бірігіп, мықты, табысты адамды қалыптастырады» дейді. Физикалық сапаның жетістікке не қажеті бар деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Кітап авторы ойын былай жалғап, түсініктеме береді. «Мәселен, физикалық сапа, яғни денсаулық – толыққанды өмірдің бастауы. Әрі ол адамның еңбектенуге құлшынысын қалыптастырады. Себебі қарапайым, тәні дерттінің бойында энергия қалмайды. Ал энергиясы жоқ адамды немқұрайлық, жалқаулық, еріншектік басады емес пе? Мұндай жағдайда өнімділік пен нәтижелі істер туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Осы орайда, физикалық саулықты сақтау үшін, әрдайым сергек болып, тонуста жүру үшін салауатты өмір салтын ұстанған абзал. Бұл туралы қазіргі дәрігерлер мен психологтар айтып жүрген кеңестерді Мәшһүр Жүсіп баяғыда-ақ айтып кеткен. Олар: таза ауа, тыныш ұйқы, сапалы тамақ, дұрыс демалыс, қозғалыс және күйзеліске салынбау».
Ал эмоциялық зерде дегеніміз – эмоцияларды ажырата білу, күнделікті өмірде өзіңнің және өзгелердің эмоциясын басқарып, айналаның ниетін, мотивация көздерін, қалауын түйсіне білу, ұғыну мен ұғындыра алу, дұрыс қарым-қатынас орнату. Ал үшіншісі – рухани зерде. Бұл дегеніңіз – ішкі құндылықтар. Оның ішінде таным көкжиегі мен дүниетаным, әлемге, өмірге, оның мәніне көзқарас, когнитивті сана, әр құбылысқа мағына беріп тұратын игіліктер мен ұстанымдар, даналық, интуиция, сенім, түптеп келгенде, мінез. Мінездің әлсіздігі табысты адамдарға тән қасиет емес. Қайрат Жолдыбайұлы жоғарыда аталған үш қасиет біліммен ұштасуы керек екенін алға тартуда.
Ал біз бірнеше еңбекті парақтай келе, жетістікке жетуге бастайтын кеңестердің ең бастыларын санамалап көрейік. Олардың ең алғашқысы мақсатты анық қою, өз ісіне жауапкершілікпен қарау. Одан кейін уақытты тиімді пайдаланып, өзіңнің және өзгенің уақытын бағалау. Ұқыптылық, әдемі сөйлеу, дұрыс тамақтанып, спортпен шұғылдану да жетістікке апарар жолда аса қажет. Сондай-ақ қателік жасаудан қорықпаған жөн. Себебі әр қателік сізге белгілі бір дәрежеде тәжірибе болмақ.
Жетістікке жеткісі келген адамның жұмысын нәтижесімен, тиімділігімен бағалап жатады. Бірақ адам робот та, өндірістік машина да емес, сондықтан оның әртүрлі себеппен көңіл күйінің түсуіне байланысты шаршауға, қателесуге, селқостық, енжарлық танытуға, күйгелектікке, өзіне деген сенімсіздікке бой алдыруына құқы бар. Оған бола өзін кінәлап, жегідей жеудің қажеті жоқ. Дегенмен, әр адамның мақсаты анық, ойы нақты болса, өз миссиясын, не үшін өмір сүріп жатқанын ертерек анықтап алса жүрегінде мейірім, ісінде береке, өмірінде тыныштық пен бақыт болады.
Ардақ Сәкенқызы
18 сәуір 2025 ж. 367 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№28 (10396)

19 сәуір 2025 ж.

№27 (10395)

15 сәуір 2025 ж.

№26 (10394)

12 сәуір 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 617
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930