Туған күніңмен, төл газет!
Қазір ақпараттың жедел жетіп, әп-сәтте әлем хабардар болатындай заман ағымында өмір кешіп жатырмыз. Алайда ғаламтор мен әлеуметтік желі қаншалықты дамыса да, қазақ басылымдары өз маңызын жоймайтыны белгілі. Себебі тасқа басылған дүниелердің салмағы қашанда жоғары. Басылымның бағасын білген ел ретінде екі жыл бұрын күнтізбемізге жаңа мереке енген болатын. Ол – Ұлттық басылым күні. Мұндай маңызды мереке үшін 2 ақпан таңдалған. Неге деуіңіз мүмкін. Оған себеп, осыдан 112 жыл бұрын, яғни 1913 жылы дәл осы күні Алаштың үніне айналған «Қазақ» газеті жарыққа шыққан.
Ал біздің төл газет үшін 12 сәуір айрықша күн. Себебі 1932 жылдың дәл осы күні газетіміздің алғашқы саны жарыққа шықты. Ақпарат айдынындағы кез келген басылым қоғам үшін еңбек етеді. Себебі, журналистика қоғаммен бірге өмір сүреді, қоғаммен бірге тыныстайды. Әсіресе, газет-журнал өзі өмір сүрген кезеңдегі оқиға, құбылыстарды өз оқырманына нақты, дәйекті жеткізеді. Өйткені, күні ертең ол мақалада келтірілген дерек – сол кездің тарихы. Осы үдеден шығу үшін ауданның төл басылымы – «Қармақшы таңы» газеті аудандағы айшықты жаңалықты халыққа жеткізуде 93 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді.
Бүгінгі қоғамда «Гаджет газетті алмастырды» деген түсінік бар. Алайда кітап пен газет оқыған адамның интеллектісі оқымағаннан едәуір артық. Оған арнайы мысал іздеудің қажеті жоқ. Ертеректе газет-журнал шығып, ел арасына тарап, жұрт жаппай оқи бастағанда өркениет пен ғылым қарыштап дамыды. Ғаламтормен жұмыс істеу тиімді әрі жедел болғанымен, ондағы ақпараттың дәлдігі мен шынайылығына ешкім кепілдік бере алмайды. Ал баспасөз беттерінде нақты мәліметтер ғана жарияланады. Елдегі болып жатқан елеулі оқиғаларды жұртшылыққа жеткізіп, жан дүниеңді байытып, ой-өрісіңді өсіретін, сезімге сезім, ойға ой қосып, таным көкжиегін кеңейтетін де газет.
Сонымен қатар газет – қаншама адамның үздіксіз ізденісі, табанды еңбегі. Осы себептен де басылым дамып, газет өрістей бермек. Аудан айнасына жазылуды үрдіске айналдырған жандар «өңір жаңалығын өздеріңізден оқып, жерлес тарихи тұлғаларды сіздер арқылы танып жатырмыз» деп төбемізді бір көкке көтеріп қояды. Бұл да болса – атқарылған жұмыстың бір нәтижесі. Халыққа ұсынған шығармашылық жұмыстың көп игілігіне жарауы – көңілге қуаныш ұялатады. 93 жылдан астам таңбаланған тарихы бар басылым тарих сіздің де төріңізден табылсын, құрметті оқырман!
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА