» » Балаңыз қаншалықты еңбексүйгіш

Балаңыз қаншалықты еңбексүйгіш

Қолына телефон ұстаған бүгінгінің баласына қарап қаншалықты еңбекке икемдісің деу қиын-ақ. Неге дейсіз бе? Қазір өздігінен қолына күрек не балға ұстап бір істі тындырып жүрген баланы кезіктіру уайым болып барады. Еңбек құралды телефонға алмастырған ұрпағымыз үйден шықпайтын жалқауға айналып бара жатқандай. Осындайда бабалардың «Балаң тоқ жүрсін десең, қолына қармақ бер» деген нақыл сөзі еске түседі. Ал біз керісінше тек балық беріп тәрбиелеп жүргендейміз.
«Ашынғаннан шығады ащы даусым» деген екен біреу. Иә, ер баланы еңбекке тәрбиелеуде расымен жағдайымыз ақсап тұр. Тілші болған соң көп жерде сапармен жүріп, түрлі жайтқа кезігеміз ғой. Әсіресе ауылдық жерге барғанда қаладағыдай қымтанған емес бәрі ашық көрініп тұрады. Көршіңнің не тіршілік кешіп жатқанын көріп, біліп отырасың. Сондайда бір көрініске куә болдық. Есік алдында баласына қатты ұрысып, қорадағы жұмысқа қуып шығып жатқан ер кісінің әрекетіне қарап қалдық. Бақсақ ойланатын жағдай екен. Нағыз бүгінгінің синдромы. Телефонға алаңсыз жегілген баласын ағамыз көптен бері еңбекке ептемеген секілді. Алаңсыз ақсаусақ болған бала да қай істің басын қайырарын білмей дал. Расымен қолына күрек ұстап көрмегені көрініп тұр. Қораның жұмысынан хабары жоқ. Бұл жерде баланы да айыптаудың қажеті жоқ. Көп жерде өзіміз кінәлі. Үйдегі ер баланы бақылап, жұмсаудан қалдық. Кішкентайынан телефонға телміртіп, әлден әлсіз етіп жүрміз. Сәл жерден таяқ жеп, бір жерін жарақаттап алса өбектей кетіп, алдына түсіп аламыз.
Ал бұрынғының баласы еңбекке қалай шыңдалды? Баяғының ойыны нағыз еңбекпен байланысты еді. Азаннан қорадағы малды шығарып, астын тазалаудан басталатын. Мәселен, біздегі тәртіп солай қалыптасты. Арықтан шелекпен су тасып, өзіңнен салмақты темір арбаға кепкен қи-тезек жинап, әжемізге нан жабуға әкелетінбіз. Мектепте оқып жүргенде еңбекке баулу деген сабақ өтіп, ұлдар ағайдан көргенді үйреніп, шыңдалғанымыз рас. Қыста отын бұтап, көктемде жер аударып, осылай еңбекті сүйдік. Бір әкенің қабағы көп ер баланы жақсы іске тәрбиеледі.
Қазір ше? Бүгінгі қоғам ер баланы көп тіршіліктен алыстатып тастады. Мәселен, мектепте қарапайым сенбілікке шығудан шектеп қойды. Сенбілік нағыз тазалыққа, еңбекке шақыратын үлгі іс. Кей ата-ана мұны теріс түсініп, баламызды қоғамға құл болсын деп өмірге әкелгеніміз жоқ, оның орнына сабағын оқысын деп жатады. Алайда мұның астарында үлкен тәрбиелік мән жатқанын біле бермейді.
– Баланы еңбекке баулу бүгінгінің расымен өзекті мәселесі. Көп әке осыған мән бермей жүрміз. Баламыз тыныш болсын, жыламасын деп кішкентайынан телефонға үйретіп жатырмыз. Бірақ ертең өзімізге опа бермесін сезініп жатқан жоқпыз. Қазіргі заманда баланы қорадағы жұмысқа жұмсайтын тіршілік қалмады. Бұрынғыдай отын, су таситындай емес, үйімізге газ, су бәрі келіп тұр. Мал да ұстамаймыз. Алайда баланы кішкентайынан жұмсап, өздігінен тіршілік ететіндей шаруаға үйретуіміз керек. Қолына шеге мен балға берсең де бір іске жарату қажет. Үйде телефон қарап жатқаннан қимылдап өзіңе қолғабыс болған әлдеқайда жақсы. Өзіміз әкемізден қалай жақсы тәрбие алсақ, екі ұлыма да сол тәлімді берудемін. Мысалы жұмысқа кетерде қорадағы тіршілікті бөліп тапсырсам, келгеннен соң сол бойынша қабылдап аламын. Одан ұлдарым жаман болмайды, керісінше еңбекке ерте шыңдалып, ертең өз бетінше өмір сүруіне дағдыланады, – дейді жас әке А.Серікұлы.

Қазақ «Баланы – жастан» деп текке айтпаған. Неғұрлым еңбекке ерте бейімделген бала, соғұрлым іске епті келеді. Баланы жігерлі, іскер етіп өсіру үшін ерте жастан-ақ еңбекке, талаптылыққа баулу керек. Себебі еңбек тәрбиесі бала тәрбиесінің ең маңызды бөлігі екені сөзсіз.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
12 сәуір 2025 ж. 373 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№26 (10394)

12 сәуір 2025 ж.

№25 (10393)

08 сәуір 2025 ж.

№24 (10392)

05 сәуір 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 598
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930