» » ЖАНАЙҚАЙ

ЖАНАЙҚАЙ

Түскі үзілістен жұмысқа келе жатқан бетім. Төте жолмен жүрейінші деп жолды қысқартпақ болғам. Көше бойынан “оңбаған, албасты” деп қолына таяқ алып, алдында келе жатқан екі жігітке бағыттап барады. Аузынан былапыт сөз кетпеді. Айтуға тіпті тіл бармайды… Ашынған ана екені айтпаса да түсінікті. “Миларың уланған, не жетпейді осы сендерге?” деп ұрысып, сөгіп жатты. Әңгімесін бақсақ, жігіттер төбелескенге ұқсайды. Қош, жұмысқа беттеп бара жатқан соң бұл әңгіменің немен аяқталғанын білмеймін. Ертесі күні Олх хабарландыру парақшасын қарап отырып “аналардың жанайқайы” деген жазбаға көзім түсті. Өзім де ана болған соң, бұл не қылған жанайқай болды екен деп әлгі жазбаны оқи бас­тадым. Ол кәнігі хабарландыру емес, аналардың жазған өкпе-реніші.
Бұл парақшаны жастар көп оқиды, бәлкім ойланар деген ниетпен жазылғаны көрініп-ақ тұр. Жазбаның мәні мынада. Жас буын “районға” бөлініп жаға жыртысып, бір-бірін соққыға жығады. Тіпті жантүршігерлік жағдайға жеткізіп жатқанын көз көріп, құлақ естіп жүр. Кең байтақ жеріміздегі жігіттерге не жетпейді деңізші?! Соншалықты қатыгез болып бара жатқаны қалай? Ойланбай ма екен? Өзінің артынан еріп келе жатқан бауыры, не алдында ағасы жоқ па? Зияны соған тиіп кетеді деп бас қатырмайды-ау... Тым болмаса үйде отырған ақ жаулықты анасын ойласа болар еді-ау. Өкінішті-ақ. Істеген әрбір іс айналып өз иесін табады. Рас қой. Бүгін біреуді өлімші етіп сабаса, ертең өзі сондай жағдайға түспесіне кім кепіл?
Бұл жазбаға пікір қалдырушы ана да көп. Барлығы дерлік қатаң шара қолданғанын қалайды. Бірі көпшілік алдында жазаға тарту керек десе, енді бірі істің аяқсыз қалмағанын қалайды, кінәлі жандар тиісті жазасын алсын деп зар илейді. Иә, аналардың жанайқайы өте орынды. Баласының кісі қолынан аянышты халде өлуі кімге оңай дейсіз. Тіпті, бір үйдің жалғыз баласы, атпал азаматы да осындай төбелестің кесірінен ажал құшып жатқан жоқ па?! Бұған қандай тосқауыл керек? Қазақта “бөлінгенді бөрі жейді” деген бар. “бұл біздің район, мұнда жүруге болмайды” деуден шығады ғой бар бәле.
Балалардың мұндай іс-әрекетке баруына не себеп? Үйдегі тәрбие дейін десек, ата-ана отбасында мұны айтпайды емес, айтады. Бәлки өзінің араласатын ортасының әсерінен болар. Қазір қоғамды бұзатын да осы дүние. Ортаңыз жақсы болса, сіз жақсысыз. Сіз ортаңыздан дара жүре алмайсыз. Дара болсаңыз өзге бір топқа қосыласыз. Сондықтан баланың кіммен, қандай ортада жүргенін қадағалау да керек.
Ана баласы үшін отқа да, суға да түсуге дайын емес пе? «Сенің табаныңа кірген тікен менің маңдайыма қадалсын» деп бар мейірімін перзентіне төгіп, жатса да, тұрса да ойынынан шығармайды. Аздап ауыра қалса шыбын жанын шүберекке түйіп жанын қоярға жер таппайтын да ана ғой. Сізге жарық дүние сыйлаған ананың ақ сүтін, оның еңбегін бағалау, алдындағы перзенттік парызды сезіну саналы, түйсігі бар жанға үлкен жүк. Ананың ақ сүті алдында кім болмасын бас иіп, борыштық сезім туындайтыны заңдылық емес пе?! «Ең әуелі анаңды сыйла, сосын анаңды сыйла және тағы да анаңды сыйла» деп ардақты Пайғамбарымыз үйдегі да ана рөлін ерекше бағалады емес пе?! Ал біз анамызды қалай бағалап жүрміз? Көшеде жаға жыртысып, анаға сөз келтіріп жүргеніміз бе бағалағанымыз.

Түйін.
Кейбір сәтте ішінен шыққан перзентінің теріс қылығы мен қыңыр ісіне көңілі жабырқап, нала болғанда, тіпті ашу-ызаға бой берген, күйінген ана өз перзентіне: «Ақ сүтімді көкке саудым!» деп қарғыс айтады. Санасында саңылауы бар адамға мұнан ауыр қарғыс жоқ бұл жарық дүниеде. Анадан теріс бата алу кімге опа берер дейсіз. Ойланыңыз, анаңыздан қарғыс емес, бата алыңыз!
Ақнұр САҒЫНТАЙ,
«Қармақшы таң
20 сәуір 2019 ж. 1 169 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 266

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 365

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930