» » Не жетпей жүр?

Не жетпей жүр?

Түскі үзілістен жұмысқа келе жатқан бетім еді. Көше бойында жерде жатқан бір адамның сұлбасын алыстан көзім шалды. Әдетте бұл уақытта сол жерде адамның құлап жатқанын бұрын-соңды көрмеген едім. Әуелде біреу соққыға жыққан екен деген ой болды. Жақындағанымда ұйықтап жатқанын аңғардым. Сірә, ащы суға сылқия тойып алып, денесін көтере алмай сол жерге құлай салғанға ұқсайды.
Бұл күндері көше бойлап келе жатсаңыз, қарсы алдыңызда маскүнем жанның жерде құлап жатқанын жиі кездестіретін болып жүрміз. Алғашқы көргенде жүрегіңіз ауырар, ал бірнеше рет көрген соң елемей өтіп кете беру үйреншікті әдетіңізге айналады. Рас дүние. Жерде жатып ұйықтауға әуелі өзі арланбаса, біз ұялғаннан келіп-кетер пайда не?
Міне, қыстың алғашқы айы да басталды. Жерге қар түсті. Күннің суығында сыз  жерде әлгі адамды көргенде қалайша ойланбассыз? Не жетпей жүр? Иә, "ешкім жетісіп жүрген жоқ" деген сылтаумен ақтап алуға әбден болады. Дегенмен, әркім өзінің қарақан басын алып жүре алмай, көшеде құлап жата беретін болса не болғаны?
Адамды ақылдан айырып, пендені адамгершiлiктен бездіріп, нәпсінің жетегіне ертетін де, кез келген жамандыққа алып келетін де осы ащы су. Осының кесірінен жақынына да қол көтеріп, жамандыққа қиып жүргенін талай көріп жүрміз. Әйтсе де әлі күнге бұл дерттен арыла алмай келеміз.
Арақтың ең үлкен зұлымдығы - адамның ақыл-ойын тұмшалайды. Ащы суды ішкен сайын сіз өзіңізді құрдымға итермелейсіз, басты байлығыңыз денсаулығыңыздан айырыласыз.
"Ішкен адам не демейді?" деп көп жағдайда мас адамның артық сөзін жеңіл жауып қоя салатынымыз бар. Дей тұрғанмен көңілге тиетін ауыр сөздер мен отбасындағы жанжал, ұрыс-керіс, әйеліне қол көтеру секілді жайттардың орын алатыны да жасырын емес. Соның салдарынан  шаңырағы шайқалған отбасы, тiрi жетiм­дердiң көз жасы, мүгедек туылған сәбилер кездесіп жатады. Иә, біз ащы судың жақсылыққа апармайтынын бес саусақтай білеміз. Оның кесірінен көп шаңырақ шайқалып, қаншама адамның жапа шегіп жатқанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп те жүр. Тіпті сол үшін денсаулықтан айырылып, бұл дүниемен қош айтысып жатқандар қаншама?
Қазақтың біртуар ұлы, батыр атамыз Бауыржан Момышұлы да «Адамды үш нәрсе бүлдіреді: арақ, ақша, атақ» деген өсиет сөз қалдырған болатын. Міне, осы адамдық қасиеттен айырылып, адамдықтан бездіретін ащы суға тоқтау салсақ қайтеді?! Қазір кей өңірлерде "Арақсыз ауыл" деген атпен бұл зиянды әрекетпен күресіп жатқандардан неге үлгі алмасқа? Түгелдей бір ауыл жиын-тойға, жайылған дастарханға мүлде арақ-шарап қоймайды. Біз жақсылықты үлгі тұтудың орнына жеңіл-желпі, болмашы дүниені үйренуге әуеспіз ғой. Керісінше, жақсылықты үлгі тұтқанымыз әлдеқайда дұрыс емес пе?
Асыл дінімізде де ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Iшімдік – барлық жамандықтың көзi» деп ескерткеніндей, ішімдік бүкіл жамандық атаулының бастауы. Маскүнемдік адамдардың денсаулығын бұзып, шаңырақтың берекесін кетіріп, адамды әл-қуатынан айырып, ерік-қайратын құм етеді.
Ел боламыз десек ең алдымен халқымыздың тамырына балта шабатын арақтан аулақ болғанымыз абзал. Шынында да, бұл дүниеде арақ ішкен адамдар жексұрын көрініп, тіпті бала-шаға алдында да абыройы айрандай төгіліп жатқаны ақиқат. Мұның ар жағы үмітсіздікке ұрындыратыны тағы бар. Ойланайық, ағайын!

Ақнұр САҒЫНТАЙ.
31 наурыз 2019 ж. 1 582 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 122

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 136

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 280

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930