Әке тәрбиесі – алтын діңгек
qarmaqshy-tany.kz ҚАЗАҚ «ӘКЕГЕ ҚАРАП ҰЛ ӨСЕР, ШЕШЕГЕ ҚАРАП ҚЫЗ ӨСЕР» ДЕЙДІ ТӘМСІЛДЕП. РАС. ӘКЕНІҢ БАЛАҒА БЕРГЕН ТӘРБИЕСІН ЖҮЗ МЕКТЕП ТЕ БЕРЕ АЛМАЙДЫ. АЛАЙДА ҚАЗІРГІ ҚОҒАМДА ҰЛ БАЛАНЫҢ ИДЕАЛЫ БОЛҒАН ӘКЕНІҢ ТӘРБИЕСІ АҚСАП ТҰР. НАҚТЫСЫН АЙТҚАНДА ЖОҒАРЫДА КЕЛТІРГЕН ДАНАЛЫҚ СӨЗДІҢ ОРНЫ АУЫСЫП БАРА ЖАТҚАНДАЙ. ҰЛЫМЫЗ ӘКЕГЕ ҚАРАП ЕМЕС, ШЕШЕГЕ ҚАРАП, СОНЫҢ ТӘРБИЕСІНДЕ КӨП ҚАЛЫП БАРАДЫ. БАЛА ТӘРБИЕЛЕП ОТЫРҒАН ӘКЕНІҢ БАРЛЫҒЫНА КІНӘ ТАҒЫП, КӨПКЕ ТОПЫРАҚ ШАШУДАН АУЛАҚПЫЗ. БІРАҚ ҚОҒАМДАҒЫ КЕЙ ЖАЙТТАРҒА КӨЗІМІЗ ЖЕТКЕННЕН ОСЫЛАЙ ДЕУГЕ БАРМЫЗ.
Баяғыда Қожанасырдың әйелі баласының мазасыздығына әбден мезі болып, ашуға беріліп былай депті. «Отағасы, бұл менің ғана балам емес, сен де оның әкесісің. Бала бағуға сенің де көмектесуің қажет. Сондықтан он екі сағат мен қараймын, қалған он екі сағатты сен қарайсың» деп шарт қойыпты. Қожекең оған амалсыздан келісіпті. Түнде шырт ұйқыда жатса әйелі иығынан түртіп, «Тұр, сағат он екі болды, менің кезегім аяқталды, енді сен қарайсың» десе Қожанасыр саспастан, «Сен өзіңе тиесілі уақытты қарап біттің бе? Онда менің уақытымда жылай берсін» деп жауап беріпті. Иә, бұл әзіл болғанымен астарында ащы шындық жатыр.
Қазір бала бір нәрсені өздігінен бүлдіріп, бұзықтық жасаса дереу анасына жекіп, «Балаңа қарамайсың ба?», «Осы сенің тәрбиеңнен», «Осыған ие бола алмай не істеп жүрсің?» деген сынды айыптарды құлағымыз жиі шалып жүр. Осыдан кейін әкенің тәрбиесі, жауапкершілігі қайда қалды деген сауал ойды мазалайды. Саналы ұрпақты қалай жетілдіреміз деп шарқ ұрып жүрген бүгінгі тұста әкенің тәрбиесі тіпті ауадай қажет. Бала ортақ болған соң оның тәрбиесіне қатысты дүниенің бәрі әке-шешеге ортақ. Қазір қазақ отбасындағы әкелер институтының деңгейі түсіп кеткен. Оған себеп көп.
Байқасаңыз қазіргі бала біткеннің бәрі еңбекке епсіз. Бұрынғының баласындай әкеге көмектесіп, балға ұстап, шеге қақпайды. Көргені, қолына ұстағаны смартфон. Ал оны үйрететін әке де аз. Керісінше «қолыңды ұрып аласың», «бір жеріңді майып қыласың», «қиналып қаласың» деп-ақ, оны еңбекке баулудың орнына, үй шаруасынан тыйып, үлкен қателіктің бастауына жол ашып жатамыз. Қазақта «Балаңды аясаң аяма» деген тамаша даналық сөз бар. Әкенің салқынқандылығы баланы қашанда шыңдайтынын ұмытпаған жөн. Осындай да бір оқиға еске оралады. Мейірімге шомылып, еркелікке бой алдырған баласының болашағына алаңдаған әке оны жанына шақырып алып былай дейді. «Бұдан кейін мен саған бір тиын да бермеймін. Енді өзің еңбектеніп тапқан табысыңды маған әкелетін бол. Әйтпесе шара қолданамын» деп тапсырма берген екен. Ақ саусақ өскен бала әрі-бері жүріп дым таба алмай анасына келіпті. Анасы тыққан азын аулақ ақшасын қолына ұстатады. Бала қуанып әкесіне әкеліп берсе, әкесі қабағын шытып «сен мұны өзің тапқан жоқсың» деп ақшаны отқа тастайды. Бала еш қиналмастан кетіп қалады. Әкелі баланың ісіне алаңдаған анасы тағы да жанашырлық танытып ұлына ақша береді. Әкесі тағы отқа тастап ашуланады. Бұл жолы баласы теріс бұрылып, үш-төрт күнге көрші ауылға кетіп қалады. Сол жақтан табыс тауып, әкесіне қуанып келіп тапқанын ұсынады. Әкесі тағы отқа тастағанда ұлы шыдамай қолымен оттан суырып алады. «Е-е, көрдің бе балам, сен енді мұны өз еңбегіңмен таптың» деп арқасынан қаққан екен.
Жалпы әке балаға арнайы тапсырмалар беріп, оны міндетті түрде бақылауы қажет. Қате кетсе кем-кетік жерін үйреткені абзал. Әр жұмысты іспен көрсетіп, өзімен бірге ертіп жүруі керек. Кейін балаға отбасының асыраушысы болатынын айтып, санасына сіңдірген жөн. Сонда ғана ер бала ерте шыңдалып өсіп, кейін әкеге иек артпайтын болады.
Қазір үйдегі ахуалды зерттеп қарасақ, балалар анасына «Менің тамақ ішкім келіп тұр», «Ақша бар ма?», «Қайда барамыз?» секілді көп сауал-өтініштерін айтады. Анасының ығына көшіп, тәрбиесін көп алады. Сондайақ, жарты отбасында өскен бала әйел образының жиынтығын, нәзіктігін бойына жинайды. Мұндай ер бала өсе келе әлсіз келеді. Қазір балабақша мен мектептегі тәрбие де әйел адамдардың қолында. Тіпті ата-ана жиналысына да көбіне аналар қатысады. Осындайда әкенің тәрбиеге араласуы өте маңызды. Баланы тәрбиелеп, жөн сілтеуде әкенің мысы, қас-қабағы қажетақ. Әкенің бұл қаталдығы, талапшылдығы баласын жек көргенінен емес, керісінше одан сескеніп, ертең құрмет көрсетуіне үлкен сеп болмақ. Мұндайда аналарымыз балаларына «әкеңнен сұра», «әкең біледі», «әкеңмен ақылдас», «әкең ренжиді» деген сөздерді жиі айтып, өзі де күйеуіне құрмет көрсетуі тиіс. Осыны көріп түйген бала бойына ер мінезділік қалыптастырады.
Өз дәуірінде «Көмекей әулие» атанған Бұқар жырау «Әкелі бала жаужүрек, әкесіз бала сұм жүрек» деп айтып кеткен. Жақсы маман – жұмысын жақсы атқарушы емес, білгенін үйретіп, жақсы маман дайындай алғаны секілді, ер азамат қандай әке бола алғандығымен де бағаланады.
Ерсін ӘЛІБАЙ