» » Әкелер күні: тойланатын емес, ойланатын күн

Әкелер күні: тойланатын емес, ойланатын күн

qarmaqshy-tany.kz Елімізде мерекелік күндер күнтізбесін бекіту туралы қаулы толықтырылып, құжатқа үкімет басшысы Әлихан Смайлов қол қойды. Биылдан бастап «Аналар күні» мен «Әкелер күні» мереке ретінде тойланбақ. Мамыр айының екінші жексенбісі «Аналар күні», ал маусымның үшінші жексенбісі «Әкелер күні» болып бекітілді. Бұл жаңа мерекелер отбасы институтын нығайтуға, ана мен әке мәртебесін көтеруге, отбасылық құндылықтарды дамытуға, әулеттегі жақындықтың, құрмет-ықыластың берік орнауына және отбасындағы берекебірліктің артуына ықпал ететіні сөзсіз.
Тарихқа көз жүгіртсек, бұл мереке ең алғаш рет 1929 жылғы 19 маусымда АҚШ-та өткізілді. Осы мерекелік шараның ұйымдастырушысы Миссис Доддтан Спокан қаласынан, Вашингтон штатынан болған. Ол өзінің әкесі мен бала тәрбиелеп жүрген барлық әкелерді жоғары бағалайтынын білдіргісі келген. Мерекені ұйымдастырушының әкесі – Уильям Смарт. Оның әйелі алтыншы баласын босанғаннан кейін өмірден өтеді. Бірақ жалғыз басты әке қиындыққа мойымай, 6 баласын жақсы тәрбиелеп шығады. Уильям азаматтық соғыс ардагері болды.

Уақыт өте келе қызы Сонора Смарт Додд әкелер күні аналар күні сияқты өтуі керек деп тұжырымдайды. 6 баласын жалғыз өсірген әкесінің құрметіне оның туған күнін, яғни 5 маусымды әкелер күні етіп жариялау үшін жұмысқа кіріседі. Алайда бұл күн бір себептерге байланысты мереке маусымның үшінші жексенбісіне ауыстырылды. 1966 жылы АҚШ президенті Линдон Джонсон бұл күнді ұлттық мереке деп жариялады. Дәстүр бойынша, жыл сайынғы мерекелік іс-шаралар кезінде мемлекет бала тәрбиелеп отырған табысы төмен әкелерге қолдау көрсетуге асығады. Ал 1972 жылы Әкелер күні АҚШ-та президент Ричард Никсонның қолтаңбасымен заңды түрде мемлекеттік мереке болды. Уақыт өте келе, отбасылық құндылықтарды құрметтейтін басқа елдер де осы күні АҚШқа еріп, әке-шешеге құрмет көрсетті.

Жоғарыда атап өткеніміздей, енді еліміз де бұл мерекені жыл сайын тойлайды. Осы ретте бұл мерекенің күнтізбеге енгізілуінің маңызын білмекке аудандағы қоғам белсенділерін сөзге тарттық.

– «Әкелер күнінің» мереке ретінде тойланатыны дұрыс. Өйткені бала үшін әкенің рөлі өте керек. Қазіргі қоғамда ата-ананың тәрбиесі ауадай қажет. Оның ішінде ер балаға әкенің тәрбиесі тіпті маңызды. Бүгінде ата-аналар жұмысбасты. Бала көбіне үйде өзі қалады. Осы себепті бала тәрбиесі назардан тыс. Әсіресе әкенің қабағын түсінбейтін ұлдардың өсіп келе жатқаны жасырын емес. Әкенің бір ауыз сөзі, балаға мейірімі, оны өмірге бейімдеуі, міне осы бағытта әкелердің рөлін көтеру керек деп ойлаймын. Мәселен, мектептегі ұстаздың басым көпшілігі аналар, жиналысқа баратын да көбіне аналар. Біз ұрпақ тәрбиесін толықтай аналардың мойнына артып қойған сияқтымыз. Ал шын мәнінде әкенің бір жиналысқа барғанының өзі баласының мерейін өсіреді. Ал үнемі жанына ертіп жүруі, бір істі үйретуі ешқандай мектеппен алмастыруға келмейтін тәрбие. Сондықтан да әкелер күнінің кең көлемде атап өтілгенін қолдаймын. Одан әрі әрбір отбасындағы әке орнының зор екенін насихаттауымыз керек. Мәселен, отбасындағы әкенің қөзқарасына жары да, ұлы да, қызы да қарап жүрсе жаман болмайды. Өзіміз әке қабағынан тәрбие алып шықтық. Бізге дауыс көтеріп сөйлемесе де, қол көтеріп ұрмаса да оны сыйлай білдік. Әке қабағын бағып өскен ұрпақ жаман болған жоқ. Ал дәл қазір бізге осындай әке тәртібі, әке қабағы, әке мейірімі аса қажет-ақ, – дейді партия ардагері Гүлжауһар Раева.

Расында да қазіргі әкелер тек отбасымның қарны тоқ болса екен деп еңбектенуде. Иә, отағасы шаңырақтың иесі болғандықтан отбасын материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету – басты міндеттерінің бірі. Алайда қанша жерден ақшаның соңына түскенімен, ақшаға да сатып ала алмайтын құндылықтар бар екенін естен шығармаған абзал. Отбасы, балашаға – ешқандай бағаға сатып алмайтын басты қазына емес пе?

– Мен бұл мерекенің күнтізбемізге қосылғанына қуаныштымын. «Әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» дейді емес пе? Әкенің көзқарасы, тәрбиесі бөлек. Бұрын ата-абабаларымыз әкесін «көке» деп атаған. Мәніне үңілсек, «көкке бағыну» дегенді білдірген. Жалпы үйдегі алтын қазық ана дейміз ғой. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі – қызға үлгі, әке тәрбиесі – ұлға үлгі. Анаң – ақылшың, әкең – қамқоршың, ағаң – қорғаушың деген де бар. Жалпы ана мен әке – егіз ұғым. Олар құстың қанатындай бірге болғанда ғана бала дана да, бала да болады. Алайда әрбір ата-ана баламен сапалы, саналы уақыт өткізген жөн, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектептің «Әкелер кеңесінің» төрағасы Айдынбек Скендіров.

Қарап отырсақ, қазақта «тек» деген дүние бар. Яғни әкенің қанымен берілген тәрбие бірінші айтылады. Әке тәрбиесін көрген перзент батыл болады, тағдырдың соққысына сынбайды, қиындыққа төзімді болады. Сондықтан бала үшін ісі де бар, тісі де бар, білегі де бар, жүрегі де бар әке тәрбиесінің орны орасан. Әкенің отбасындағы мәртебесін көтеру мәселесі өте маңызды. «Әкелер күні» халыққа осы асыл қағиданы ұқтыра алса, мұратына жеткені.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
18 маусым 2023 ж. 815 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 015

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031