» » Әкеге қарап ұл өсер...

Әкеге қарап ұл өсер...

Отбасы – қоғамның негізі. Баланың болашақта жақсы азамат болып өсуі, жан-жақты тәрбиелі болуы отбасында берілетін тәрбиеге, оның ішінде әкенің тәрбиесіне байланысты. Қазіргі уақытта қоғамда ұл-қызына деген сүйіспеншілігін білдіре бермейтін әкелер көптеп кездеседі. Олардың дені сезімін іште бұғып ұстағанды дұрыс санаса, келесі біреулерінде әкелік сезім мүлде оянбауы мүмкін. Арамызда баласының маңдайынан бір иіскеу былай тұрсын, оның сұрағына жауап қатуға асықпайтын селқос әкелер де жетерлік. Көпшілігі тек балаға тегін берумен шектеледі. Балаға тек те керек, бірақ ең бастысы – әке мейірімі, махаббаты, шапағаты мен шарапатының орны ерекше.
Қазақ халқында «Бір бала бар атадан өте туады, бір бала бар кері кете туады» деген тұжырымнан баланың қандай болмағына негіз қалайтын әкенің өзі екенін ұмытпағанымыз абзал. Сонымен бірге, қазақ «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деп жайдан-жай айтпаса керек. Бірақ өз кезегінде мектептің оқушыларға берер тәлім-тәрбие бағыттары, ер балалармен атқарып жатқан жұмыстары аз емес және оларды табыссыз деп айта алмаймыз. Осы орайда, өткен оқу жылында №277 мектеп-лицейінде ер бала тәрбиесіне әкелерді тартуды көздеген «Шапағат» әкелер Кеңесі құрылды. Басты мақсат – баланың бойындағы ер мінезділік, өжеттік, мәрттік қасиеттерді әке арқылы қалыптастыру, бала мен әке арасында тығыз байланыс орнатуға бағыт беру, ер баланың өсіп жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкенің атқарар еңбегі ерекше екендігін ұғындыру.
«Шапағат» әкелер кеңесі ер балаларға тәрбиенің дұрыс берілуіне көп септігін тигізуде. Әкелердің қатысуымен әртүрлі бағыттағы ісшаралар өткізілуде. Атап айтқанда спорттық ойындардан волейбол, футбол, ұлттық ойын түрлерінен эстафеталық жарыстар жүргізіліп, ер балаға арналған баяндамалар оқылып, дөңгелек үстел, пікірсайыстар өткізілуде. Осындай игі істер мен мектеп өміріне белсене қатысып жүрген әкелерді атап кету орынды: Әли Тұрымбетов, Суханберді Исалдаев, Ерболат Байзақов, Замзат Досмұратов, Асқар Мырзамұратов, Болат Балжаев, Абдірахман Смағұловтар игі іске атсалысуда. Жарыс сәтіндегі бір-біріне тілекші, жанкүйер болып тұрған әке мен баланы көргенде көкірегіңді қуаныш сезімі кернейді. Асқар тау әкесінің жанында жүрген балалардың қуанышында шек жоқ. Жұмыстан бос уақытында әкенің балаға көңіл бөліп, әкелік мейірім-махаббат сыйлауы не деген керемет десеңізші?! Үздіксіз аққан су тасты жаратыны сияқты үнемі осындай өнегелі істерге әкелерді қатыстырып, кеңес беріп отырсақ, оң нәтижелердің көп болатыны сөзсіз.
Бала әкеден ерліктің, еңбектің, адамгершіліктің, іскерліктің, имандылықтың негіздерін үйренеді. Ұрпағын қатарынан қалдырмай, жан-жақты, ақыл-ойы жетілген азамат болып өсуі үшін моральдық, материалдық құндылыққа, жайлы тұрмыс, білім алуына, өнерін ұштауына, салауатты өмір сүруіне жағдай жасау – әкенің басты борышы. Сонымен бірге ақыл парасаты, іс-әрекеті, жүрістұрысы, сөйлеген сөзі, киім үлгісі арқылы әке өз өнегесін көрсете білуі керек. Ал, әкені сыйлау, құрметтеу, оның отбасындағы орнын қастерлеп-қадірлеу – кез келген баланың перзенттік борышы. Әке өнегесін көріп өскен ұрпақ елін, жерін, халқын сүйетін, елінің болашағын, халқының қамын ойлайтын, жоғын жоқтайтын, парасатты, ой-өрісі кең, дүниетанымы жоғары, жан-жақты білімді де, білікті ұлтжанды тұлға болып қалыптасатыны анық.
«Ата - анаға көз қуаныш,
Алдына алған еркесі.
Көңіліне көп жұбаныш,
Гүлденіп ой–өлкесі» деп Абай атамыз айтқандай, ата-ананың қуанышы, гүлденген үміт-арманы тек перзент сүю, оны тәрбиелеу екендігін есте сақтайық. Ендеше, ата-аналар қолымыздағы алтынымызды жақсылап тәрбиелейік және біздер олардың ең басты үлгі болар бейнесі екенімізді ұмытпайық. «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, жақсы мінез бен асыл қасиеттерді ардақтай білейік, бойымызға сіңіріп, дарыта білейік.
Аманжол АУКЕРОВ,
№277 мектеп-лицейдің «Шапағат» әкелер кеңесінің жетекшісі
20 қазан 2020 ж. 3 869 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031