БАРЫМЫЗДЫ БАҒАЛАЙЫҚ
Әлемде қанша ұлт болса, сонша тіл бар. Бірақ соның ішінде мемлекеттік мәртебе алғаны санаулы. Қазақ тілі – сол мемлекет мәртебесін заңмен айқындаған, ұлтты ұйытып отырған маңызды тілдердің бірі. Яғни біз мемлекеттік тіл мәртебесін алған екі жүзге тарта халықтың бірі екенімізді мақтан тұтуға тиіспіз.
Өкінішке қарай, әлемде өз ұлты қолданбағандықтан өгейдің күйін кешкен, шағын адамдар тобының ара-қатынас құралы ретінде шектеліп қалған тілдер жеткілікті. Олардың көпшілігі уақыт өте келе өлі тілдер қатарын толтыруда. Алаштың арда ұлы Ахмет Байтұрсынұлы мұны «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп дәл тауып айтқан. Осындай қатердің алдын алу үшін өз жерімізде өз тіліміздің дамуына қолдау көрсету қасиетті борышымыз.
Біздің тіліміз мемлекеттік тіл болып қана қоймай, әлем халқы білетін, елдер арасына алтын көпір болатын маңызды қатынас құралына айналуы тиіс. Басқа ұлттардың қазақ тіліне деген құрметімізден бастау алады. Сондықтан әрбір адам, әрбір сала мемлекеттік тілді дәріптеу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту ісінен шет қалмағаны жөн.
Мәселен, аудандық сотта барлық шығыс-кіріс құжаттары мемлекеттік тілде әзірленеді. Сотқа түскен хаттар мен сауалдарға мемлекеттік тілде жауап қайтарылады. Ондағы барлық арыз, шағым үлгілері қазақ тілінде дайындалып, азаматтарға ұсынылып келеді. Бұдан бөлек, мемлекеттік мекемелермен, банк және қаржы ұйымдарының өкілдері мен жиі жиындар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, талаптарды мемлекеттік тілде беру тәртібі, үлгісі бойынша ақыл-кеңестер айтылады.
«Қазақстан Республикасының тіл туралы» заңның 4-бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу тілі» деп бекітілген. Одан бөлек, Азаматтық процестік, Қылмыстық-процестік, Әкімшілік құқық- бұзушылық туралы кодекстерде сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі деп анық көрсетілген. Тек қажеттілік, мәжбүрлік болған кезде ғана орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданылады. Заңның осы талабын дұрыс қолдану өте өзекті. Яғни, заң бар. Біз тек осы заңнаманың қоғамнан қолдау тауып, тәжірибеде дұрыс қолданылуына ықпал етуге тиіспіз.
А.ҚАЗЫБЕКОВ,
аудандық соттың судьясы