Тіл - ең асыл құндылық
Тәуелсіздік алғалы бері қоғамның қызу талқысының арқауына айналып келе жатқан мәселелердің бірі-тіл мәртебесі. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, сақтау және оның маңызын арттыру баршамыздың парызымыз.
Заңға сүйенсек, мемлекеттік тіл - мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі.
Бірақ, өкінішке қарай, осы уақытқа дейін мемлекетіміздің бүкіл салаларында жұмыстардың көпшілігі тек ресми түрде жүргізіліп келеді. Сондықтан ең басты өзіміз тілімізді құрметтеп, сыйлауымыз керек. Ана тілімізге жай көңіл бөліп кана қоймай, оның одан әрі қарай жетілуіне, заң жүзінде дамуына үлесімізді қосуымыз және іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді қалыптастыруға күш салуымыз қажет.
Заң талабы бойынша, сот ісі сотқа құжат берілген тілде жүргізіледі. Әрбір азамат істі өзінің ана тілінде немесе өзі білетін басқа тілде жүргізіледі. Әрбір азамат істі өзінің ана тілінде немесе өзі білетін басқа тілде жүргізуді талап етуге құқылы және өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен жауаптар беру, өтініш білдіру, шағым жасау, іс материалдарымен танысу, сотта сөз сөйлеу және кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының қызметін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі. Сол сияқты онымен қамтамасыз етіледі.
Тіл - тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол-ұлттық діліміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру - Қазақстан Республикасының әр азаматының парызы мен міндеті.
«Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген халқымыздың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы. Өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адамды толық мәнді интеллегент деуге болмас. Сол себепті еліміз дамып, мемлекетіміз өркендесін десек, әуелі ұлтты ұйымдастырудың құралы болып отырған қазақ тілінің мәртебесін көтеруде белсенділік танытуымыз керек. Егер адам өзге тілді білетін болса, ол рухани бай адам. Өйткені сол тіл арқылы басқа халықтың мәдениетін, дәстүрін үйренеді, басқа тілді үйрену арқылы танымы кеңейеді.
Сондықтан «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қадыр Мырза-Әлі айтқандай, ең алдымен өз ана тілімізді құрметтеуге міндеттіміз.
Т.Әмір,
Қармақшы аудандық сотының бас
маман-сот отырысының хатшысы