Мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру – басым бағыт
Фото
Қазақстан Республикасының егеменді, тәуелсіз мемлекет екендігін айқындайтын негізгі конституциялық құқық белгілерінің бірі – мемлекеттік тіл. Еліміз егемендік алғалы ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Тіл сол мемлекеттің иесі болған халықтың мүддесін қорғауы тиіс. Қазақстан Республикасының Мемелекеттік тілі қазақ тілі, мемлекеттік тіл еліміздің барлық аумағында қолданыс үрдісінде кеңейді. Мысалы: Мемлекеттік басқару, сот ісін жүргізу, заң шығару, іс қағазын жүргізу салаларында кең өрісін алып келеді. Қай кезде болмасын тіл мәселесі– сөйлейтін, сол тілден сусындаған, ұлттық, ділдік белгісі болып саналатын халықтың мәселесі.
Істі қазақ тілінде жүргізу керек деген мәселе 1997 жылы «Тіл туралы» Заң қабылданған сәттен бері және Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 5 қазандағы №4106 Жарлығымен бекітілген тілдерді қолданумен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын 1998-2000 жылдар аралығында іске асыру барысында қоғамдық өмірдің барлық негізгі салаларында тіл құрылысы процестерінің одан әрі кеңеюі мен тереңдеуі үшін алғы шарттар жасалды.
Сот істерінің басым бөлігінің ресми тілде жүргізілу себептерінің бірі, сотқа жүгінушілердің мүддесін қорғаушы адвокаттар, заңдық көмек көрсетуші өкілдердің қазақ тілін жетік білмеуінен. ҚР қылмыстық іс жүргізу кодексінде сот ісін жүргізу тілі, сотқа талап арыз берілген тілге қарай, сот ұйғарымымен белгіленетіні көрсетілген. Бұл дегеніміз, сотқа талап арыз қай тілде берілсе, іс сол тілде қаралып, сот актісі де сол тілде қабылданады деген сөз.
Адвокаттар мен заңдық көмек көрсетуші өкілдер, өздеріне келген азаматтардың сотқа беретін талап арыздарын орыс тілінде беруге итермелейді. Өйткені өздері орыс тілінде білім алған не қазақ тіліндегі терминдерді, сөз тіркестерін жетік білмейді немесе оларды қолдануда қиналады. Алдын ала тергеу амалдары қай тілде жүргізілсе, сот ісі сол тілде жүргізілуін ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі талап етеді. Яғни, сотқа келіп түскен ресми тілдегі істі, соттың өз еркімен қазақ тіліне көшіруге өкілеттігі жоқ. Ал, мұның салдары, кейін сот процесі кезінде іске қатысушылардан жауап алу кезінде қиындықтарға әкеп соғады.
Айтар болсақ, орыс тілін жай ауызекі сөйлесуде ғана білетін сот процесіне қатысушылар, сот процесі кезінде өз ойларын толық жеткізе алмай қиналатын тұстары жиі болып тұрады. Алдын ала тергеу мемлекеттік тілде жүріп, прокуратура өкілдері қазақша сөйлесе, талап арыз осы тілде жазылса, істі қазақ тілінде қарауға қуана келісетін едік.
Жоғарыда атап өткен мән-жайларға сүйенетін болсақ, әрбір сотқа жүгінуші азамат, сотта қаралатын мемлекеттік тілдегі істердің көрсеткішіне өз үлесін қоса алады. Өйткені, сот ісін жүргізу тілі заң талаптары бойынша, сотқа талап арызберілген тілге қарай сот ұйғарымымен белгіленеді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының 2009 жылдың 27 ақпанындағы «Ісқағаздарын мемлекеттік тілге көшіру туралы» №36 өкімі республикамыздың барлық соттарында қолданылады. Қазір іс қағаздарын жүргізу номенклатурасына сәйкес жүргізілетін кітаптар, есептік карточкалар, сот тәжірибесінің талдаулары, жедел кеңес және семинар сабақ хаттамалары, жоғары сатыдағы соттармен және басқа да мемлекеттік мекемелермен хат алмасу тек мемлекеттік тілде жүргізіледі.
Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту, тілдің қолданылу аясын арттыруға күш салу. Қазірігі таңда мемлекет тарапынан тілдік қорымызды үздіксіз жетілдіріп отыру үшін заңдар қабылданып, бағдарламалар жасалған. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып мемлекеттік тілдің қолдану өрісін кеңейту өз қолымызда.
Байқоңыр қалалық сотының баспасөз қызметі