МЕДИАТОРДЫҢ КӨМЕГІНЕ ЖҮГІНУ ТАРАПТАР ЕРКІНДЕ
Бітімге келу, дауды өзара келісіммен шешу, кешірімді болу қазақтың қанында бар. Қазақ топырағындағы ежелгі дала заңдарының да негізі осы тараптарды бейбіт татуластыруға негізделген. Ал 2011 жылы қабылданған «Медиация» туралы заң осы бабалар заңынан бастау алатын мәмілегерлік, бітімгершілік дәстүрін тірілткен маңызды, заманауи құжат десек қателеспейміз.
Медиация институты өркениетті мемлекеттердің бір бөлшегіне айналған. Соған орай көптеген озық елде дауларды сотқа жеткізбей шешудің, мәселені медиативті келісіммен реттеудің тетігі қалыптасқан. Құқықтық мемлекеттерде медиация азаматтық қоғам негізі, демократия мен өркениетке апаратын жол деп бағаланады.
Медиацияның қолға алынуына ең алдымен соттардың шамадан тыс жүктемесінің көбеюі, судьялардың ізденуге, тәжірибесін шыңдауына уақытының жетіспеуі, сот даулары санының артуы, тараптар арасындағы даудың ұзаққа созылуы, сот шығындарының көбеюі мен сот шешімдерінің дер кезінде орындалмауы сынды мәселелердің түрткі болғаны белгілі. Медиация осы түйткілдерді оңтайлы шешудің негізі ретінде басты бағдарға айналған еді.
«Медиация» туралы заңды қару еткен тараптардың сот ісін айналып өтіп, бейтарап медиаторды тарта отырып, ерікті келіссөздер арқылы татуласуға толық мүмкіндігі бар. Әрі тараптың дауды бұрынғыдай тек сот арқылы шешпей, дауды реттеудің балама әдістерін қолдана алады. Істі сотта қарау мен медиация алаңында таразылаудың айырмашылығы жер мен көктей. Сотта іс қараудың белгіленген мерзімі бар. Сот заң талаптарының шеңберінен шықпайды. Ал медиатор тараптарды өзара сөйлестіріп, екі тараптың уәжін тыңдап, ортақ келісімге келтірген жағдайда медиацияны кез келген уақытта бекіте алады. Екіншіден, соттың әуресі жетерлік. Сотқа келу, баж салығына, заңгер қызметіне ақы төлеу секілді тараптар қалтасына салмақ салатын шығындарда жетерлік. Ал медиацияда татуласқан тараптардың баж салығы қайтарылады, сонымен бірге, заңгер қызметіне жүгініп, сотқа келгендей бірнеше рет процестеріне келудің де қажеті жоқ. Бүгінгідей уақыт бағалы кезде бұл үлкен артықшылық.
Тараптар судьяны таңдай алмайды. Істі қай судьяның қарайтынын компьютер автоматты түрде анықтайды. Ал қай медиаторға барып, қай медиатордың көмегіне жүгіну-тараптар еркінде. Сонымен бірге, сот отырыстарының басым бөлігі ашық өтеді. Мұндай жерде бас пен отбасы құпиясын жасырып қалу мүмкін емес. Ал медиацияның басты шартының бірі – құпиялылық, бейтараптық.
Сотта екі тарап өз сөзінің дұрыс екенін дәлелдеу үшін түрлі қитұрқылыққа барып, бір-бірімен бет жыртысып, сөзге келіп жатады. Медиацияда бейбіт келісім жасалатындықтан, тараптар арасындағы татулық пен сыйластықтың сақталатынын ескергеніміз абзал.
Гүлназ АБУОВА,
Қармақшы аудандық сотының жетекші маманы