ЖҮНІС БАТЫР
«Батыр елі үшін туады» демекші, мына дөңгеленген дүниеде бұдан сан мыңдаған жыл бұрын қаншама батыр дүниеге келіп, елі мен жері үшін жанын пида етті. Елі үшін туған батырларымыздың есімдері ешқашан ұмытылмақ емес. Әрбір батырдың жүріп өткен жолы шежіре, ал тағдыры тарих, аты аңыз болып қалатыны анық.
Шөмекейдің шежіресінде Малбике (Айтқұл) руындағы Тілеміс деген атамыздан Түйебай мен Сүттібай туады, ал Сүттібайдан Жүніс пен Байділда өрбіген. Тағдырдың тауқыметімен артында ұрпағы қалмаған Жүніс қайратты туған ер болған деседі. Жүніс батыр туралы ел арасында мына бір аңыз қалған...
Қазақтың «қарындасын жауға бермес» деген қанатты сөзі осындайда еске түседі. Бұл оқиға сонау ертеректе болса керек. Ар мен намысты, ұятты өлімнен күшті санайтын Жүніс батырдың Қоңырат жеріне тұрмыс құрған жалғыз қарындасы бар екен. Тағдырдың пешенесіне жазғанына амал бар ма, сол қарындасының күйеуі қайтыс болып, ақылына көркі сай қарындасы жастай жесір атанады. Жесір қалған жас әйелді ел арасынан алам деушілер көбейіп, көп адам дәмеленеді. Әр ауылдың қыз таңдаған бойдақтары қылжақтап, қаншама шал-шауқанды қарауылға қойса да, тыныштық бермейді. Ал жесір қалған қарындасы қайғыдан қан жұтып, ата-енесін жұбатып, ешкімді жаратпаған көрінеді. Қазақы салтпен әмеңгерлікпен атастырар я қайнысы, я қайынағасы жоқ, күйеуі атадан жалғыз еді.
Көрсеқызарлық дегенді қойсайшы, бір топ жігіт келіп, атасынан келінін сұрап, жын қаққандай жырқ-жырқ етіп, діңкілдеп, мазаны алып болады. Мұндай қорлық пен ызаға кім шыдайды дейсіз? Ақырында атасы баласының өлгеніне жыл толғанда келінінің басы бос екенін, келіні нені қаласа сол болатынын айтып, рұқсатын береді. Сонда келіні:
– Атажан-ау! Мен бір ұясына асыққан тұрымтайдай құс емес пе ем? Балаңнан бір айырылдың, енді менен айырылсаң не болады? Мені өзгеге қалай қиясың? Қусаң да кетпеймін, – деп егіліп, енесімен көрісіп, қайта-қайта жылай береді. Орны толмас ауыр қаза мен келінінің қимастықпен айтқан сөзіне тәнті болған атасы жылап отырып:
– Қарағым-ай, Жаратқан Ием менің баламды алып, шаңырағым қараң қалды. Менің өмірім осымен бітті. Баламның сыңары болған аққуым едің, қайырылма енді, балам, кеткенің жөн. Еліңе аман-есен жеткейсің. Сен бұл ауылға келін болып түссең, маған өте ауыр болады. Одан да құрақ ұшып сыйлайтын туған еліңе қайт. Сен жүрегімді елжіреттің. Ал мен сені келін емес, қызым деп өтемін бұл өмірден. Басым жерге тигенше төркінің боп қатысып, қол үзбеймін, – дейді.
Келіні де ақылға кенде жан емес еді. Ашуын сабырға жеңдіріп еліне қайтуға бел буады. Келінін көндірген соң құдасы Сүттібайға «Қызыңды алып кет» деп хабар жібереді. Сүттібайға хабар тиген соң, ол баласы Жүніс пен Байділданы шақырып, «Ер жігіт қарындасын дауға бермес болар» деп қарындасын дабыра қылмай алып келуді тапсырады.
Әкесі Жүністей палуан, ер азамат, атпал ұлын тұяғым деп мақтан етсе, ал шыңжаулау Байділданы төбелестен сақтандыратын.
Әкелерінен жедел пәрмен келген соң екі ұлы сапарларының мәнін тез ұғынып, екеуі қос жүйрікті мініп жолға шығады. Түс ауған сәтте құдасының еліне де жетіп барады. Бұлардың келуін күтіп отырғандай аттың дүбірі естіледі. Ағалы-інілі екеуі кідірместен, қарындасын су жорғаға мінгізіп, құдасымен қош айтысып, еліне қарай асығыс аттанып кете береді. Бір мезгілде соңдарынан будақтаған шаң көрінеді, бұлар қызды ұстап қаламыз деген қасқырдай улап-шулаған қырық жігіт еді. Сонда Жүніс қарындасына:
– Мұндай жаудың шапқанын, барымтаның талайын көргенбіз, артыңнан жетеміз, жүре бер, – деп жолға салып жібереді.
Содан қуғыншы қырық жігіттің барлығы көрініп, аралары жақын қалған еді. Бұлардың жекпе-жекке шақырғанын адам құрлы көрмей өте шығады. Барлығының арманы қызға жету болып, айқай-шу, аласапыран, қым-қуыт, жан-жағы дым көрінбейді.
– Ортаға түссең түтіп жейді, жаудың қолына түсіп қалма, абайла, – деп ескертеді Жүніс Байділдаға.
Содан «Нар тәуекел» деп жауға қарай тақымын қысып, тұлпарымен қорқыныштың иірімінен шығып Жүніс те алға ұмтылады. Жауына жолбарыстай атылған Жүніс үш-төртеуін шалғындай жапырады. Ту сыртынан дырау қамшымен салып ұрғанда тағы бір үш-төртеуі қалбаң қағып құлайды. Жүйріктерін ойнатқан жау сонда ғана бұларды байқайды. Қолдарында сойылы бар екі жігіт бұларға кіжініп ұмтылды. Мұндайдың талайын көрген Жүніс батыр да бұлардан айбынар емес. Жігіттің бірі сойылмен ұмтылып еді, Жүніс оны қамшымен соққанда әлгі жігіт қанын тартып құлайды. Екіншісі жалт беріп, сойылын тастай қаша жөнелгенде, артынан қуып барып аттың үстінен көтеріп лақтырады. Осы көрініске куә болған жау жағы Жүністің қаһарынан шошып, бес-алтауы барыстай жабыла кетеді. Бұған Жүніс дұшпан деп жасқанбай, тайталасты. Содан әлгі жігіттер жеңе алмасын сезіп, қырдан асып жаяулап-жалпылап қашып, қатары селдірейді. Бұл кезде Байділда жаудың ұрған дырауынан есінен танып құлап, сәлден соң ес жиып жан-жағына қараса, ағасы бір өзі жауды жапырып тастағанын, ер Жүністің алдырмасын білген соң қалған жау қашып кетіп, шайқас аяқталғанын көреді. Содан екеуі қарындасына салып-ұрып жетіп, елге қарай жол тартады.
Сол оқиғадан кейін, ел арасында қарындасын жауға бермеген, «Қырық жігітті бір өзі алып түсірген Ер Жүніс» деп аты аңызға айналады. Аңыз түбі ақиқат деген. Бір өкініштісі сол, Ер Жүністің тұқымсыз өтіп, кіндігінен бір бала болмағаны еді.
Қымбат МОЛЫБЕКҚЫЗЫ