» » ӘКЕ СӨЗІ БАЛАҒА ЕМ ЕМЕС ПЕ?!

ӘКЕ СӨЗІ БАЛАҒА ЕМ ЕМЕС ПЕ?!

«БІР ӘКЕНІҢ ТӘРБИЕСІН ЖҮЗ МЕКТЕП БЕРЕ АЛМАЙДЫ»
Әкені асқар биік тауға, ананы таудан аққан мөлдір таза бұлаққа теңеп, баланы тау мен одан аққан бұлақтың қайнар көзінен жайқалып сусындап өскен құрақтарға теңеген ақынның сөзінде қаншама мән бар десеңізші!
Әрбір жанұяда отбасының тірегі, әкенің орны, мәртебесі ерекше. Ол тек материалдық жағынан асыраушы, қамқоршысы ғана емес, тәлім тәрбиесімен ұлдарға үлгі болатын еңбекке үйретіп, бойларына сенімділік қалыптастыратын рухани қазына. Ата-бабамыздың сөздері бізге нәр. Әрбір айтқан сөзіне бағдарлап қарасаңыз, тығырықтан шығудың тура жолын қиналмай таба аласыз. Оны тек орынды пайдалана білу қажет.
Өтті менің балалығым мазмұнды,
Түртіп алып, күнделікке жаздым-ды.
Ғасырға жуық жасаған ата-анамның,
Әрбір сөзі әркезде де жақұтты.
Иә, менің қолыма қалам алып, ойыма ой қосып жазуыма түрткі болған ата-анамның «жақұт» сөздері мен өмір тәжірибемнен түйгендерім. Осы орайда Мұхтар Әуезовтің «Кейде даладан іздеген даналық өзіңнің үйіңнің төрінде отырады» деген орамды сөзі ойға оралады. Расында әкеміз қарапайым, шыншыл, әділдікті жаны сүйетін, игі істерімен ізгіліктің жолын салған адам. Ол жұмыстан келерде үйде үлкен дайындық жұмыстары жүреді. Анамыздың «Әкелерің келе жатыр» дегенінен біріміз үй жаққа су сеуіп, біріміз жуынатын суын, сүлгісін, біріміз шәй жабдығын дайындап жүгіреміз. Дастарқан басында ол кісінің қатты сөзі болмаса да, үнсіз отырамыз. Барлық балаларының түгел дастарқан басында жайғасқанын қалап, іздеп отырады.
Ата-анамыздың бір-біріне дауыс көтергенін, бізге де көңілге тиетін қатты сөз айтқанын естімеппіз. Бірде әпкем Мархабат мынадай естелік айтқан еді. «Әкем жұмыстан атпен 2 бау шөпті теңдеп келе жатырған еді. Мен көкемді бірінші болып көргеніме қуанып «әкем келе жатыр» деп алдынан шыға келгенімде аты үркіп кетті. Сол кезде алғаш рет маған «Тәйт, әрі» дегені. Менің жүрегім қарс айырылып керует астына тығылып жылағаным есімде. Бір уақытта дастарқан басына келмеген мені айтқаны есіне түсті ме «Жасағанберген Мархашым» деп айналып-толғанып, алып барғаны бар» деген-ді. Міне сол «тәйт» деген сөз бізге жеткілікті үкім. Сол тәйтімен жамандықтан жирендік, өмірді таныдық.
Әке жайлы әңгіме қозғалғанда «О, Жасаған бергендер» деген үні құлағымда жаңғырып тұрады. Ал қазіргі жаңа заман әкелерінің, менің кейбір замандастарымның ашу келгенде айтатын сөздерін айта алмаймын. Тек айтатыным, бір ауыз сөздің өзі адамның тағдырын шешеді. Адамды өсіретін де, өшіретін де осы бір ауыз сөз екенін мен емес бабалар айтып кеткенін еске саламын.
Байқап қарасаңыз көшеде, қоғамдық орында балалардан жақсы-жаман әдеттерді байқасақ «Бұл кімнің баласы?» деп сұраймыз. Жөнін білген соң, «тегіне тартқан ғой» дейміз. Біз оны шешесі арқылы емес, әкесі арқылы білеміз. Сонда әкенің артында қалдырған ең асыл мұрасы – жақсы тәрбиесі.
Әке – балаға сыншы, ол сынау емес тану деген. Иә, әр отбасындағы әкелер әртүрлі. Әрқайсысының өзіндік ізі бар, өзіндік дара жолы бар. Үйдегі тұрмыс жағдайдың жақсы өмір сүруіне, әр баланың тәртіпті болуына, жеке тұлға болып қалыптасуына бірден-бір себеп әке екенін ұмытпау керек.
Әкенің әр сөзі ер балаға да, қыз балаға да – оқ, әр сөзі – ем емес пе? Адамгершіліктің жоғарғы сатысы ол – ізгілік. Ізгілік аналардың жүрегінен ақ сүтімен таралатын болса, сол ізгіліктің жолын салатын отбасы. Оның ішінде – әкелер. Әке – темірқазық. Ана – бағдаршам.
Хакім Абайдың «Адамға мінез-құлық үш түрлі адамнан жұғады. Бірінші ата-анадан, екінші ұстазынан, үшіншісі құрбыжолдастарынан. Қайсысын жақсы көрсе, сол кісіден көбірек алады» дегеніндей, балаға ең алғашқы тәрбиені ата-ана, отбасы береді. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде кей жастар еңбек етіп нәпақа табумен ғана айналысады. Бала тәрбиесін көбіне анасына ысырып салады. Шаршап келсе де, бір-біріне, балаға да жылылық, көркем мінез керек. Бір сәт болса да көңіл аударып, анасының мойнына арта салмай балаларымен пікірлесу керек-ақ.
Өткен жылы «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы Заң» қабылданғаны баршамызға аян. Бұл отбасы мүшелерінің қауіпсіздігіне байланысты қолданысқа енді. Алайда бұл қылмыстық кодекспен әрі қарай әкелердің отбасындағы рөлі, жауапкершілігі арта ма?
Ол үшін ұлды ұядан тәрбиелеу қажет. Отбасында ұят, ар, намыс, ізгілік тағы басқа қасиеттерді бала бойына, саналарына сіңіре беру керек. Ұл ұяты – ұядан. Әкелердің бала тәрбиесіндегі рөлін аналарымен тең етілсе жауапкершілік артар ма еді? Тәрбие туралы айтқанда Абайды үлгі етеміз ғой. Осы ретте «Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең оқыт, мал аяма» дегеніндей, балаға материалдық жағдай жасағанымен, білім алуына да көңіл бөлген жөн. Сонымен қатар әке мен бала арасындағы рухани байланысты нығайту керек.
Салтанат ТӨЛЕПОВА
06 наурыз 2025 ж. 194 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№27 (10395)

15 сәуір 2025 ж.

№26 (10394)

12 сәуір 2025 ж.

№25 (10393)

08 сәуір 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 611
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930