Ата-анам байлығым
Ата-ана – отбасының байлығы, алтын діңгегі, жарық дүниеге келуімізге себепші болатын жандар. Оған құрмет көрсетпейтін жан жоқ, сірә.
Өмірдегі асыл қазына – әке мен ана. Қазақ қоғамында әкені «асқар тауға» теңеп жатамыз. Расында солай. Себебі, бала үшін әке қорған. Балалар арасында айтылатын сөздердің өзі «әкеге айтамын». Бұл сөз арқылы бала әкесін артында тұрған тірек ретінде көретінін байқауға болады. Ал ана бала үшін ерекше. Себебі, ана баласын тоғыз ай, он күн құрсағында көтеріп, өмірге алып келеді. Ананың құрсағына жан біткен бойдан ана мен баланың арасында ерекше құбылыс пайда болады. «Ел данасыз болса да анасыз болмайды» деген халық сөзі қашанда шындықпен үйлесім табады. Жалпы ана мен баланың арасындағы махаббат мәңгілік.
Екеуі де балаға бірдей тәрбие беріп, мейірімшуағын шашып, өміріне жол сілтеп отырады. Ешбір ата-ана баласын жаман болсын демейді, бар жақсыны баласына тілейді. Әкенің көңіліне қаяу, ананың шашына ақ түсірмеу әрбір баланың міндеті.
Қазақта ата-ананы қадірлеу балаға жастайынан бойына сіңіріледі. Ата-анаға қарап баланың тәрбиесін де байқаған. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп халық даналығында бекер айтпаса керек. Ата-анаға деген сыйқұрметті хадистерге де жазып қалдырған. Мәселен, «Кімде-кім ата-анасын риза қылса, Алланы риза қылғаны, егер ата-анасын ашуландырса, Алланы ашуландырғаны». Сонымен қатар Алла ата-анаға құрметсіздікпен қарауды харам етті.
Көп жағдайда ата-ананың қадірін бірі білсе, бірі білмейді. Кейбірі тірісінде қадіріне жетпей, өмірден өткенде бармағын тістеп жатады. Осылай өкінішпен өмір сүргіңіз келмесе, өзіңізге «әке-шешесіз өмірім қандай болар еді?» деген сұрақ қойып, бір сәт ойланып көріңіз. Сол кезде әке мен анаға жететін жан жоқ екенін түсінерсіз.
Ата-анамызға деген сүйіспеншілік жүректен шығуы керек. Оларға қызмет ету – үлкен сауапты іс және жұмаққа жетелейтін жол. Қай заманда, қандай қоғамда өмір сүрсек те ата-анамызды сыйлау – біздің парызымыз. Тарихымызды тереңге жаяр мәңгілік ел боламыз десек, шағын мемлекетіміздегі үлкендерімізді ардақтай білейік. Адамзаттың өміріне тірек болған ата-аналарымыз аман болсын.
Маржан ҚЫЛЫШБЕК,
№107 орта мектептің оқушысы